Таным • 02 Маусым, 2021

Екі ішекте – ел аманаты

384 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – дом­быра» дейтін Қадыр ақынның қанатты сөзге айналып кеткен қуатты өлеңін білмейтін қазақ жоқ шығар. Алайда осынау шайыр өлеңін тек оқып қана қоймай, көкейімізге тоқып, әрбір айтқан сөзі санамызда сән құрып жүрсе, қане? Бұл күнде бәрі қит етсе болды, «қазақ емессің бе?», «нағыз қазақты аңсаймын», «қазақты көр­гім келеді» деп шаршы топта шабаланып, шырылдайтындар көп. Бәрі әйтеуір барды түземей, жоқты іздегіш. Онысы әрине, дұрыс. Өйткені іздеушісі болмай, жоғалып кетіп жатқан қаншама дүниені ойланғанына шүкір дейсің. Бірақ шынымен сол нағыз қазақ кім деген сауалға әрқайсымыз өзімізше шын жауап іздеп көрдік пе?

Екі ішекте – ел аманаты

«Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра, нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра! Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана, одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана!» дейді Қадыр ақын.

Шынымен де нағыз қа­зақ деп осыдан мыңдаған жыл­дық тарихы бар, көне неолит дәуірінде тасқа қа­шалып салынған суреттерде көрініс тапқан, одан қала берді сақтармен бірге салтанат құрып, грек тарихшылары жазбаларының айрықша жаңалығы болып сақталған, одан кейін әрбір түркі жұртының асыл мұрасына айналып, Шыңғыс ханның ұлы Жошы өмірден өткенде шанағынан шыққан үнмен шер-наланы сезіндіріп, Алтын Орда дәуірінде қастерленіп асқақтаған, беріректе Доспанбет, Сыпыра, Үмбетей, Шалкиіз, Ақтамберді, Қазтуған, Бұқар, Базар, Нысанбай сынды жыраулардың жырларына арқау болып, Сүйінбай, Жамбыл, Құлманбет, Шөже ақындардың айтысына арын беріп, Құрманғазы, Тәттімбет, Қазан­ғап, Дина, Нұрғиса сынды күй құдіреттерінің қолында ұлы сарын болып толқып, Біржан, Ақан, Әсеттердің әсем әуендерінің әрін кел­тірген, қазақпен қанша ғасырдан бері тағдырлас болып, мың өліп, мың тіріліп бірге жасап келе жатқан домбыраны айтар едік.

Жаһандану процесі қарқынды жүріп жатқан жаңа дәуірге аяқ басқанымызда болашақ ұлттың болмысы қандай болады деген мәселе өзекті пендені алаңдатпай қоймайтыны анық. Ұлттық тәрбиеміздің кейбір тұстарына кереғар, жат ағымдардың ұпайын түгелдейтін қисынсыз заң-жобалар мен ақылға қонымсыз кейбір істің таңылып кетпеуіне, руханиятымыз бен мәдениетімізді аяқтан шалып, тосқауыл болмас үшін қазақ қоғамы көптеген іске дайын болуы керек. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Ұлттық жаңғыру – бұл ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп баяндалады. Осы орайда нағыз қазақтықтың иісін аңқытып, болмысымызды айқындайтын бірден-бір тәрбие құралы осы қос ішекті домбырамыз болмақ. Ата-бабаларымыз «Тәрбие тал бесіктен баста­лады» деп бекер айтпаса керек. Қазіргі таңда көптеген қазақ отбасыларының ұл-қыздарын әдебиетке, өнерге, мәдениетке жақын қылып өсіріп, ұлттық аспап­тарымызға деген қызығушылығын оятып, балаларын домбыра, қобыз, дәстүрлі ән-жыр үйір­­мелеріне беріп оқы­тып жүргенін көргенде кәдім­гідей бір жасап, қуанып қа­ласыз. Мұнымен қазақтың болашағын айқындауға болады. Өз елінің тарихының, әдебиетінің, мәдениетінің, ұлттық құндылықтарының қайнарынан қанып ішкен жеткіншек ертеңгі күні елін, жерін, Отанын шексіз сүйетін нағыз ұлтжанды азамат болып өсетіні сөзсіз.

Домбыраның қазаққа қан­ша­лықты қас­тер­лі екендігін Мәдениет және спорт ми­нистр­­лігінің қолдауымен, Nur Otan партиясының жетек­шілі­гімен жыл сайын дәстүрлі түрде  өтетін «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысынан білуге болады. Жалғыз қазақта ғана ұлттық аспа­бын алтыннан құйып ардақтап, әр жыл сайын жұрт­шылыққа дәріптеуінің өзі неге тұрарлық? Сол «Алтын домбыраның» 2015 жылғы жеңімпазы ақын Аспанбек Шұғатаевтың:

«Үзілмесін қос ішегің,

 Заманды жырлап көр мына,

Тілі жоғалған қазақтың,

 Сен сөйлеп тұрсың орнына» деп айтқаны бар еді.

Иә, шынымен де қазақтың рухы да, ұлттық намысы мен жігері де осы қос ішектің бойында ғасырлар бойы тоғысқандай.

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2018 жылдан бастап шілде айының бірінші жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып бекітілді. Әрине, осын­­­дай айтулы күндерді атап өтуіміз керек. Мұны күллі қа­зақ­+­­қа деген құрмет деп білсек те артықтық етпейді.

Сөз соңында айтарымыз, ұлттық болмы­сы­мызды айқын­дайтын бірқатар құнды­лығымызды жоғары деңгейге көтеріп дәріп­теп, аясын кеңейтіп, руханиятымыз бен мәдение­тімізге жанашыр болып, нағыз қазақылықтың шырағын сөндір­меуге атсалысуымыз керек.

 

Ерасыл МАМЫРҰЛЫ,

Еуразия ұлттық университетінің студенті