«Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра, нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра! Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана, одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана!» дейді Қадыр ақын.
Шынымен де нағыз қазақ деп осыдан мыңдаған жылдық тарихы бар, көне неолит дәуірінде тасқа қашалып салынған суреттерде көрініс тапқан, одан қала берді сақтармен бірге салтанат құрып, грек тарихшылары жазбаларының айрықша жаңалығы болып сақталған, одан кейін әрбір түркі жұртының асыл мұрасына айналып, Шыңғыс ханның ұлы Жошы өмірден өткенде шанағынан шыққан үнмен шер-наланы сезіндіріп, Алтын Орда дәуірінде қастерленіп асқақтаған, беріректе Доспанбет, Сыпыра, Үмбетей, Шалкиіз, Ақтамберді, Қазтуған, Бұқар, Базар, Нысанбай сынды жыраулардың жырларына арқау болып, Сүйінбай, Жамбыл, Құлманбет, Шөже ақындардың айтысына арын беріп, Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Дина, Нұрғиса сынды күй құдіреттерінің қолында ұлы сарын болып толқып, Біржан, Ақан, Әсеттердің әсем әуендерінің әрін келтірген, қазақпен қанша ғасырдан бері тағдырлас болып, мың өліп, мың тіріліп бірге жасап келе жатқан домбыраны айтар едік.
Жаһандану процесі қарқынды жүріп жатқан жаңа дәуірге аяқ басқанымызда болашақ ұлттың болмысы қандай болады деген мәселе өзекті пендені алаңдатпай қоймайтыны анық. Ұлттық тәрбиеміздің кейбір тұстарына кереғар, жат ағымдардың ұпайын түгелдейтін қисынсыз заң-жобалар мен ақылға қонымсыз кейбір істің таңылып кетпеуіне, руханиятымыз бен мәдениетімізді аяқтан шалып, тосқауыл болмас үшін қазақ қоғамы көптеген іске дайын болуы керек. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Ұлттық жаңғыру – бұл ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп баяндалады. Осы орайда нағыз қазақтықтың иісін аңқытып, болмысымызды айқындайтын бірден-бір тәрбие құралы осы қос ішекті домбырамыз болмақ. Ата-бабаларымыз «Тәрбие тал бесіктен басталады» деп бекер айтпаса керек. Қазіргі таңда көптеген қазақ отбасыларының ұл-қыздарын әдебиетке, өнерге, мәдениетке жақын қылып өсіріп, ұлттық аспаптарымызға деген қызығушылығын оятып, балаларын домбыра, қобыз, дәстүрлі ән-жыр үйірмелеріне беріп оқытып жүргенін көргенде кәдімгідей бір жасап, қуанып қаласыз. Мұнымен қазақтың болашағын айқындауға болады. Өз елінің тарихының, әдебиетінің, мәдениетінің, ұлттық құндылықтарының қайнарынан қанып ішкен жеткіншек ертеңгі күні елін, жерін, Отанын шексіз сүйетін нағыз ұлтжанды азамат болып өсетіні сөзсіз.
Домбыраның қазаққа қаншалықты қастерлі екендігін Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Nur Otan партиясының жетекшілігімен жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысынан білуге болады. Жалғыз қазақта ғана ұлттық аспабын алтыннан құйып ардақтап, әр жыл сайын жұртшылыққа дәріптеуінің өзі неге тұрарлық? Сол «Алтын домбыраның» 2015 жылғы жеңімпазы ақын Аспанбек Шұғатаевтың:
«Үзілмесін қос ішегің,
Заманды жырлап көр мына,
Тілі жоғалған қазақтың,
Сен сөйлеп тұрсың орнына» деп айтқаны бар еді.
Иә, шынымен де қазақтың рухы да, ұлттық намысы мен жігері де осы қос ішектің бойында ғасырлар бойы тоғысқандай.
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2018 жылдан бастап шілде айының бірінші жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып бекітілді. Әрине, осындай айтулы күндерді атап өтуіміз керек. Мұны күллі қазақ+қа деген құрмет деп білсек те артықтық етпейді.
Сөз соңында айтарымыз, ұлттық болмысымызды айқындайтын бірқатар құндылығымызды жоғары деңгейге көтеріп дәріптеп, аясын кеңейтіп, руханиятымыз бен мәдениетімізге жанашыр болып, нағыз қазақылықтың шырағын сөндірмеуге атсалысуымыз керек.
Ерасыл МАМЫРҰЛЫ,
Еуразия ұлттық университетінің студенті