Парламент • 03 Маусым, 2021

Жұртты толғандырған мәселелер шешімін табады. Мәжілісте бірқатар маңызды заң жобасы қаралды

256 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар бірқатар заң жобасын мақұлдады. Соның ішінде, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Жұртты толғандырған мәселелер шешімін табады. Мәжілісте бірқатар маңызды заң жобасы қаралды

Аталған заң жобасы жөнінде  депутат Гүлнар Бижанова баяндама жасады. Оның айтуынша, Еңбек заңнамасына биыл «жіберуші» және «қабылдаушы» тараптар деген жаңа ұғымдар енгізілді. Олардың құқықтары мен міндеттері бекітілді. Осыған байланысты тараптардың жұмыскерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін сақтамағаны үшін әкімшілік жауаптылықты енгізу ұсынылады.

«Жауаптылық қызмет көрсету шар­тын жасасу кезінде де, оның қолда­нылу кезеңінде де тараптарды тәртіпке ша­қырады. Тең еңбек үшін тең еңбек жағ­дай­ларына конституциялық кепілдіктерді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жіберуші тараптың жұмыскерлері үшін заңнамада көзделген жұмыс уақыты мен күнделікті жұ­мыстың қалыпты және қысқартылған ұзақ­тығын заңсыз асырғаны үшін қабыл­даушы тараптың әкімшілік жауаптылығын белгілеу ұсынылады», деді депутат.

Оның сөзіне сүйенсек, қолданыстағы заңнама бойынша прокурорға өз қау­лы­сымен барлық заңсыз шешімнің күшін тез арада жою, сондай-ақ мемлекеттік орган­дардың негізсіз актілерін тоқтата тұру құқығы берілген. Бірақ оларды орын­дамағаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделмеген. Бұл азаматтар мен бизнестің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау ісінде прокурордың құқық қорғау функциясын төмендетеді. Осыған байланысты прокурордың қаулысын орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылық белгілеуді ұсынды.

«Тексерулерді, сондай-ақ бақылау мен қадағалаудың өзге де нысандарын заңсыз жүргізу фактілері бойынша мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының жауаптылығын күшейту мақсатында олар­ды әкімшілік жауаптылыққа тарту мер­зімін бір жылға дейін ұлғайту ұсынылып отыр. Қазір бұл мерзім екі айды құрайды. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл да жазаның бұлтартпастығы қағидатын елеулі түрде жояды. Мұндағы мәселе – тек­­серу нәтижелеріне, мемлекеттік қыз­мет­­кер­лердің әрекеттеріне шағымдану про­це­сінің ұзақ уақытты алуы болып отыр. Соның салдарынан екі айлық мер­зім­нің өтуіне байланысты кінәлі шенеу­нік­тер жазаланбай қалып жүр», деді Гүлнар Бижанова.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодек­стегі депутаттар әзірлеген жаңа заң­на­малық түзетулер отандық кәсіпкерлерді заңсыз қысымнан қорғауды күшейтуге мүм­кіндік береді. Прокурордың қаулы­сын орындамағаны үшін әкімшілік жауап­ты­лықты белгілеу, ең алдымен, кәсіпкерлерді мем­лекеттік органдардың заңсыз әрекет­те­рінен қорғауға бағытталған. Ұсынылып отырған құрал прокурорлық қадағалаудың пәрменді және тиімді құралдарының біріне айналады және кәсіпкерлерді қор­ғаудың деңгейін арттырады.

Жалпы отырыста «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Айдарбек Сапаров ауыл ша­руа­шылығы жерлерін шетелдіктерге, шетелдік заңды тұлғаларға беруге және сатуға толық тыйым салынғанын атап өтті.

«Қазақстандықтарға қатысты мораторий нормалары бойынша, сондай-ақ жер заңнамасын жетілдіру мақсатында Мем­лекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында Жер ре­формасы бойынша комиссия құруды тап­сырды. Жер комиссиясының құра­мына барлығы 80 адам кірді. Олардың 75 пайы­зы – азаматтық қоғам өкілдері және тәуел­сіз сарапшылар», деді Айдарбек Сапаров.

Оның айтуынша, Жер реформасы жөніндегі комиссия биылғы 25 наурызда жұмысқа кірісіп, 24 сәуірде жұмысын аяқтады. Комиссияның 5 отырысы өткі­зіліп, онда 120-дан астам ұсыныс көтеріл­ген. Жер заңнамасын жетілдіруге байланысты бірқатар жүйелі ұсыныс әзірленген.

Жер реформасы жөніндегі комис­сия­ның ұсыныстарын іске асыру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы дайындалды.

«Заң жобасының мақсаты – жер заң­на­масын жетілдіру, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға алу инсти­тутын реттеу, жерді пайдалану мен қор­ғауға мемлекеттік бақылауды күшейту. Құ­жатқа енгізілген негізгі өзгерістер мен толықтырулар мыналар.

Қазақстандықтарға және қазақстандық заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 49 жылға дейінгі мер­зімге жалға беріледі. Жалға алу мерзімі аяқталған кезде оны жаңа мерзімге ұзарту құқығы бар», деді Айдарбек Сапаров.

 Жер ресурстарын басқару комитетіне жерді пайдалану мен қорғауды мем­ле­кеттік бақылау функцияларын әкім­дік­терден қайтарылады. Жер үлестері есебі­нен құралған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін кепілге салу кезінде үлес иелерінің келісімі болғанда ғана рұқсат беріледі. Ауыл шаруашылығы жерлерінің нысаналы мақсатын «бағбандық» және «саяжай құрылысына» өзгертуге тыйым салынады. 

«Халықтың мұқтажын қанағаттандыру мақсатында жергілікті жағдайларды ескере отырып, жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарларда қажетті жайылым алқабының шекарасы айқындалады. Берілген ауыл шаруашылығы мақса­тындағы жер учаскелері туралы мәліметтер мемле­кеттік жер кадастрының интернет ресур­сында ашық түрде орналастырылады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер­лерді жекеменшікке беруге морато­рийдің қолданылу мерзімі 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылады», деді Айдарбек Сапаров.

Аталған мәселе жөнінде пікір білдірген Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин жерді пайдалану мен қорғауды бақылау заң деңгейінде күшейетінін  алға тартты.

«Бұл құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен әзірленді. Осы заң жобасы бойынша, ең алдымен, халқымыздың назарында жүрген  өте маңызды жер мәселесі бойынша нақты шешім қабылданды. Ең бас­тысы, ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді жалға беру заңмен бекітіледі. Осы мәселеге қатысты қоғамда әртүрлі пікір, әртүрлі ой айтылды», деді Мәжіліс Төрағасы. 

Жалпы, заң жобасында жерді жеке­меншікке беру 5 жылға тоқта­ты­лады. Мәжіліс Төрағасы атап өткен­дей, қазақ­стандықтардың ауыл шаруа­шы­лы­ғына бағытталған жерлерін мемлекеттен сатып алмай, жалға беру құқығын иеліктен шығару мүмкіндігі қарастырылған.

Осы ретте, Палата Спикері жалпы заң жобасы жеке мал жаю үшін қажетті жайылым тапшылығын шешуге ықпал етіп, сондай-ақ жер учаскелері бойынша ақпараттың қолжетімділігі мен ашықтығы да күшейетінін атап өтті.

Жалпы отырыста мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша заңнамалық тү­зетулер де бірінші оқылымда ма­құл­данды.

 «Заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын, стратегиялық құжаттарда және сарапшылардың ұсынымдарында айқындалған басымдықтарды ескере отырып дайындалды. Оны әзірлеу кезінде ор­талық және жергілікті деңгейлердегі мем­лекеттік функцияларды талдау бойын­ша ауқымды жұмыс жүргізілді. Заң жоба­сы арқылы 55 заңнамалық актіге, оның ішінде 5 кодекс пен 50 заңға түзетулер енгізу көзделіп отыр», деді баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

 Заң жобасы шеңберінде 94 функция қайта бөлінеді. Соның ішінде Үкіметтің 89 функциясы министрліктерге, ал жергілікті атқарушы органдарға 5 функция беріледі.

 «Сонымен қатар 4 мемлекеттік ор­ганға қосымша өкілеттік беру қарас­ты­рылған. Жалпы, заң жобасын қабылдау мем­лекеттік басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыруда кезекті қадам болады және оның дербестігін одан әрі арттыруға ықпал етеді», деді министр.

Жалпы отырыс барысында рейдерлікке қарсы күресті күшейту, кәсіпкерлік қыз­метті мемлекеттік органдар мен лауазым­ды адамдардың заңсыз араласуынан қор­ғау және бағалы металдардың заңсыз айналымына кедергі келтіретін шараларды күшейту мәселелері туралы заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.