Сұхбат • 03 Маусым, 2021

Сайланған әкім соны леп әкеледі

338 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, кенттер мен ауылдардың әкімдерін сайлауды Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы халыққа арнаған Жолдауында алғаш рет ұсынған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу міндетін алға қойды. Ел азаматтық қоғам мен мемлекеттік басқаруды дамытудың жаңа сипаттағы үдерісінен үмітті. Осы орайда біз Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Марат СЫРЛЫБАЕВҚА жолығып, әңгімелескен едік. 

Сайланған әкім соны леп әкеледі

– Құрметті Марат Қадырұлы, ауыл әкімдерін тікелей сайлаудың мәні мен маңызы, жаңалықтан күті­ліп отырған ел үміті туралы ойыңыз қандай?

– Шынтуайтында, бұл – өте маңыз­ды қадам. Біздің облыс тұрғындарының жартысына жуығы ауылдық жерлерде тұрады. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартпай, тұ­тас­тай ел экономикасын көтеру қиын. Онда қордаланып қалған мәселе­лер аз емес. Соңғы кезде жиі көтеріліп жүр­ген жайылым, шабындық жерлер мен таза ауыз су, жол, медицина қыз­мет­керлерінің жетімсіздігі, ауыл мәде­ниеті мен спортын дамыту деген сияқ­ты. Індете іздесеңіз, қамқорлыққа сусап отырған, кей тұста назардан қа­ғыс қалған күрмеуі қиын жайлар бар. Облыстың бірнеше елді мекені ауыз суды тасып ішіп отыр. Мың­даған гектар жер бос жатқанымен, бір­­қатар елді мекен тұрғындары, әсі­ресе халық көп шоғырланған ірі елді ме­кен­дерде мал ұстайтын ағайын жа­йы­­лым­­дық жерге зар болып отыр. Тиі­м­­ді кәсіп көзін таппай, жұмыссыз қарап отырғандар қаншама. Аудандық маңыз­дағы жолдарды да жөндеу қажет. Міне, осындай мәселелер бар. Демек қиын­дықпен күресудің бір­ден-бір жолы – билік тетіктерін халық­тың өз қолы­на беру. Ол қалайша жү­­­зе­­ге аспақ? Ауыл тұрғындары қо­­лы­­­нан іс келетін, жаңаша ойлай біле­­т­ін, іскерлігіне адамгершілігі сай, ел қамын жейтін әкімді таңдап алуы тиіс. Сайланған әкім ауылдың ты­ныс-тіршілігіне етене араласып, та­бан­ды басшылық жасап, жасампаз істер­дің бел ортасында жүріп, ха­лық­ты жақсы істерге бағыттап, ұйыт­қы болуы керек. Бүгінгі тілмен айт­қанда, менеджер болса, құба-құп. Қазіргі күні әкімдер корпусының 91 пайызы сайланады деп күтіліп отыр. Елге тұтқа болатын, әкім міндетін абы­рой­лы атқаруға қабілет-қарымы жете­тін лайықты азаматтар бар. Олар саяси аренаға берекеге бас­тайтын тың күш, ел игілігі үшін жүзеге асатын жаңа идея, булығып жатқан әлеуетті түрткілеп оятып, тың тыныс беретін тосын леп, жағымды жаңалық әкеледі деп ойлаймын.

Бұл игі іс қайдан бастау алады? Өз пайымымды айта кетейін, бюд­же­т­тің жергілікті әкімдікке берілуі ауыл­дағы бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселелердің қолға алынуына жол ашады. Демек сайланған жаңа әкім қаржының жаңа көздерін табу­ға ұмтылуы керек. Ол тек бюджет ақ­­шасын бағыттаушы ғана емес, идео­­логиялық күш-қуатпен қару­лан­ған саяси басшы болса, құба-құп. Ай­­та­лық, сол елдің ауылдан ұзап шы­­ғып, белгілі бір кәсіппен айналысып, тасы өрге домалап тұрған тү­лек­теріне ел қадірін, жер қадірін ұғын­­дыра отырып, кір жуып, кіндік кес­­кен топырағының көркеюіне атсалы­су қажеттігін ұғындыруы қажет. Әркім өзінің туған жерінің жаңа заман талабына сай жаңғыра құлпырып, жасануына үлесін қосатын болса, еліміздің бар аймағы ажарланып қалар еді. Ауыл әкімдері бұрынғысынша жоғарыға жалтақтамайтын болады. Қолдарындағы азын-аулақ қаражатын тиімді жұмсауға тырысады. Өйткені олар халықтың алдында жауапты.

Осы орайда сайлаушылардың иығына да жауапкершілік салмағы түсе­тін­дігін айта кетуге болар. Өйт­кені олар ел болашағына жауапты әкімді өздері таңдайды ғой. Өздері таң­даған соң оның бар қызметіне қол­дарынан келгенінше көмек көрсетеді. Айналып келгенде, біртұтас бекем бірлік қалыптасып, ауыл тағдырына әкім де, тұрғындар да жауапты бол­мақ. Салықтың едәуір бөлігі жергі­лікті елді мекендердің игілігіне жұм­салса, оның көлемі де арта түсуі мүм­кін. Төлеген салығың ешқайда кет­пей, өз ауылыңыздың, өз туған топыра­ғы­ңыздың игілігіне жұмсалып жатса, ғанибет емес пе?!

– Барлық ауылдың жағдайы біркелкі деп айтуға болмас. Кейбір ауылдың инфрақұрылымы тәп-тәуір. Салық қоржынын қам­пай­татын қуатты шаруашы­лық­тар, кәсіпорындар бар. Ал шал­ғай­дағы кейбір елді мекенде мұн­дай са­лық көздері тапшы емес пе?

– Міне, тікелей сайлаудың тиімді тетігі де осы жерге керек. Сайланған әкім ел жағдайына ете­не жақын араласып, оның дамуы­на сара жол ашуға міндетті. Қазіргі күні мал сүмесімен күн көріп отырған ауыл тұрғындары үшін өзекті мәселенің бірі әрі бірегейі – жайылым мәселесі. Кей­бір жерде мал жаятын жер қалдыр­май, табалдырыққа дейін жыртып тастағанын көріп отырмыз. Ауыл әкімі егістік жер көлемі мен жайылымдық жердің тепе-теңді­гін сақтап, халықтың жағдайын жа­сау­ға міндетті. Сонда төрт түлікті өсі­ру­­мен айналысып отырған ша­руа­­шылықтардың айы оңынан туа­ды. Серіктестіктер мен шаруа қо­жа­­лықтары жер әділетті бөлініп, ша­бын­дық пен жайылымдық жерлерден қағажу көрмесе, игілік те молая түспек. Есесіне салық көлемі көбейеді. Қазіргі күні мемлекет тарапынан ауыл тұрғындарына көп көмек көрсетіліп жатыр. Айталық, «Алтын асық», «Құлан», «Сыбаға» тәрізді қаншама тиім­ді бағдарламалар бар. Шалғайдағы ша­ғын ауылдардың кейбір тұрғыны мұндай тиімді бағдарламалардың бар екен­дігін біле бермеуі де мүмкін. Не­сие алудың заңды жолдары, кәсіпті игеру­ді оқыту қолға алынса, іске де бере­ке кіріп қалмай ма? Ауылдық жер­лерде шағын және орта бизнесті дамы­ту қолға алынса игі. Айналып кел­генде, мұның барлығы – бір-бірі­мен өзектесіп жатқан дүниелер. Сөзім­нің басында ауыл әкімдерін тікелей сайлау соны леп әкеледі деп екпін түсіріп айтқандығым да сондықтан. Бұл – бүгінгінің шаруасы. Ертеңін ойлаған ауыл әкімі жастарға да қамқор болуға міндетті. Қазіргі күні облыста медицина ка­др­лары жеткіліксіз. Әсі­ресе ауылдық жерде бұл мәселе өте күр­делі. Демек ауыл әкімі жергі­лік­ті шаруашылық­тар есебінен елге қажетті кадрлар­ды оқытуға да көңіл бөлсе, нұр үстіне нұр болар еді. «Дип­ломмен – ауылға!», «Серпін» тәрізді бағдарламалардың нәтижелі болуына күш салу арқылы бір жағынан мемлекеттік бағдарламалар көздеген мақсат-мұратына жетіп жатса, екінші жағынан ел қажетті мамандармен толық қамтамасыз етілсе, екі жаққа бірдей тиімді емес пе?

– Егер ауыл тұрғындары дауыс берген әкім жұрт сенімін ақтамай жатса не болмақ?

– Қазіргі сайлаушылар өте сауатты. Олар бәрін біліп отыр. Егер сай­лан­ған әкім ел сенімін ақтамаса, се­нім­сіздік вотумын білдіруге толық хақысы бар. Бірақ мен өз басым мұндай шетін оқиға орын алады деп ойламаймын. Еліміздегі саяси реформалар­дың тереңдеуі мемлекетіміздің абы­рой-беделін арттыра түсетіндігі сөзсіз. Бірлік бар жерде береке үйіріледі емес пе?! Іс оңға басқаннан кейін елдегі жағдайды көріп-біліп, сараптап отырған іскерлер инвестиция құюы әбден мүмкін. Ал инвестиция – игіліктің басы. Табыстың тай­қаза­ны қайнар болса, ауылдың қуатын арт­тыруға тетік болатын қаржы ел ішінен ғана емес, алыс-жақын шетелден де құйылуы ғажап емес. Ел ішінде ертеректе «бір қарын майды бір құмалақ шірітетіні» тәрізді, өз ісіне жауапсыз қараған кейбір ауыл әкімдерінің өз абыройларына нұқсан келтіріп алған сәттерін де ел біледі. Кейін аудан әкімі олай деді, жоғары жақ бұлай деді деп ақталып жататындары болатын. Содан барып жұрт уәдеге сенбейтін болды. Ендігі жағдайда тікелей сайланған әкім халық алдында берген уәдесіне, өзінің күні бұрын түзген бағдарламасының орын­далуына жауапты. Айтқан уақы­тын­да орындалмай жатса, сайлаушы­лар әкімнен кеше сайлау алдына бы­лай деп едің ғой деп сұрамай ма? Ал сұ­рауы болған дүниенің құралуы қиын емес. Жыл соңына дейін 800-ге жуық ауыл әкімі тікелей сайланбақ. Бұл дүбірлі дүниедегі жалпақ жұртты жақ­сы­лыққа бастайтын, берекелі белеске же­те­лейтін саяси бастама деп түсінемін.

– Әңгімеңізге рахмет.