Қоғам • 03 Маусым, 2021

Бақылаусыз кеткен баланы көше тәрбиелейді

282 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ақтөбе облыстық ЖИТС (жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы) емдеу орталығында жұқпалы иммун тапшылығы дертіне шалдыққан 800-ден астам науқас тіркелген. Соңғы жылдары осы медициналық мекемеде халықтың осал топтарымен жұмысты жандандыру мақсатында «Сенім бекеті» және «Достық» бөлімі ашылды. Екі бөлімнің де атқаратын жұмыстары өзара тығыз байланысты. «Сенім бекетінің» бір дәрігері, үш медбикесі, 5-6 аутрич қызметкері қауіп-қатер тобындағы есепте тұрған тұрғындарды бақылауда ұстап отыр. Жалпы, облыстық ЖИТС орталығы мамандары АИТВ жұқпасының кең таралмауы үшін жұқпалы вирус жұқтырғандарды көзден таса етпей, олардың орталық дәрігерлерімен қарым-қатынасының үзіліп қалмауына мүдделі.

Бақылаусыз кеткен баланы көше тәрбиелейді

«Сенім бекетінің» дәрігер-эпиде­мио­­логы Алтынай Артықбаеваның ай­туын­­ша, иммунтапшылық вирусы ин­­фек­циясы жыныстық қатынас жол­дары­мен, ине және анадан балаға сүт ар­­қылы жұғады. Қазіргі уақытта меди­ци­­на­лық орталықтағы «Сенім бекетінің» бір ста­цио­нарлық, екі жылжымалы нүк­тесі бар. «Медицина қызметкерлері жыл ба­сын­да бекітілген кесте бойынша күндіз және түнгі рейдтерге шы­ғады. Күндіз на­ша­қорлар жиналатын орын­дар­ға ба­рып тексеру жүргізіп, есірт­кі тұтыну­шы­лардың қолданыстағы ине­лерін алып, қолдарына жаңа инелер береміз. Кей­бір науқас өздері пайдаланылған ине­лерін орталыққа әкеліп тапсырып, жа­ңа­сына ауыстырып алады. Осал топтар арасында жыныстық жолмен жұғатын дерттердің қауіптілігі жөнінде түсіндіріп, тегін медициналық тексеріс жүргіземіз. Орталық дәрігерлеріне осал топтармен жұмысты үйлесімді ұйымдастыру үлкен жүк болғандықтан, аутрич қыз­мет­керлердің көмегіне жүгіндік. Аутричтер – бұрын есірткі тұтынған адамдар. Олар нашақорларды тез табуға көмектеседі, шынын айтқанда, нашақорлар дәрі­гер­лерге қарағанда, оларға көбірек сенеді», дейді Алтынай Артықбаева.

Аутричтер есірткі пайдалану­шы­лардың инелерін алмастырып әкеліп, олардың инфекция жұқтырғандарын эксп­ресс-тәсіл арқылы тексеруге көмек­теседі. Облыстық ЖИТС орталығында әр жұма сайын дәрігерлер мен аутрич қыз­меткерлер ортақ үстел басын­да жиналып эпидемиологиялық жағдайды тал­қылап, алдағы аптаның жұмыс жоспарын құрады. Бұл жерде жұқтырылған иммун тапшылығы синдромынан өзге де вирус­ты гепатит, мерез, т.б. инфекциялардың таралуы туралы сөз болады.

Ақтөбе облыстық ЖИТС орталы­ғы­ның мамандары жастар арасында жы­­ныс­тық қатынас арқылы иммунтап­шылық вирусы инфекция­сына шалдыққандардың көбейіп бара жатқанына алаңдайды. Оның есесіне, Ақтөбе облысында инемен есірткі тұ­ты­на­тындар арасында ЖИТС-ке шал­дыққандар азайды. Орталық дәрігер­лерінің дерегіне қарағанда, өңірде 16-17 жастағылар арасында СК немесе мефедрон синтетикалық есірткілерін тұтынатындар қатары көбейген. Бұрын героинді тұтынатындар жиналатын орын полицейлерге мәлім болса, қазір синтетикалық есірткіні саудалаушы каналдарын табу өте қиын. Себебі олар есірткі саудасын интернет арқылы жүр­гізеді. Қазір көшелерде, дуалдарда қан­дай да бір интернет парақша белгісі са­лынған жазуларды көруге болады. Бұл синтетикалық есірткі сатушылардың нашақорларға жіберген құпия белгісі. Осы белгі арқылы нашақорлар телеграм сайтындағы парақшаларға кіріп, СК не мефедрон ұнтақтары тығылған мекенжайды табады. Есірткі саудалаушылар «бір затты бір жерге тастап кетуге» кез­дей­соқ адамдарды жұмсайды. Осы «қыз­метті» мектептің жоғары сынып оқушы­лары да өздері байқамай атқа­рып жүр. Дәрігерлер үшін де ЖИТС тара­ту қау­пі бар азаматтардың тұрағын бақы­лап, жиналатын жерлерін анықтау оңай емес.

Жүкті әйелдердің арасында ЖИТС-ке шалдыққандарды анықтау үшін оларды жүктілік кезінде екі рет тексереді. Биыл­дан бастап дүниеге келмеген нәрес­тенің би­о­логиялық әкесі де меди­циналық тек­­се­рістен өтетін болды. Олардың ара­­с­ы­нан да иммунтапшылық вирусы ин­­фек­­циясын жұқтырғандар табылып жа­тыр. Жалпы әрбір саналы азамат жылына екі рет ЖИТС орталығына келіп, инфек­ция­ға ақысыз түрде тексеріліп отыруы тиіс.

Есірткі тұтынушылар арасында 16 жылдан бері аутрич қызметкер бо­лып жұмыс істейтін егде жастағы Анна Пу­тинцова 16-17 жастағылардың арасын­да ұнтақ түрінде таралатын СК және мефедрон есірткілерін тұтына­тын­дар қатарының көбейгенін жасырма­ды. Қазіргі уақытта 1 кило мефед­рон­­н­ың бағасы 20-25 мың теңге, СК оған қа­рағанда арзандау – 16-17 мың тең­геге сатылады. Бірнеше жыл бұрын Оң­түс­тік-Шығыс Азия елдерінің түнгі клубтарынан табылған осы синтетикалық есірт­кілер қазір әлемді жаулап алды. Қауіп­­тілігі де сол, бір рет тұтынған адам оған тәуелді болып қалады. Қазіргі уа­қыт­та интернет арқылы таралатын СК мен мефедронның жолдарын кесу де құ­қық қорғаушыларға өте қиынға тү­сіп отыр. Себебі бұл жерде есірткі сату­шы көрін­бейді, көбінесе телеграм сай­ты­на жүк­телген қосымша арқылы сілтеме­мен сатылады. Есірткі тұтынушы киви-әмиян арқылы төлем жасаған соң оның смарт­фонына жасырылған жердің фото­суреті келіп түседі.

Аутрич Анна Путинцова синтети­ка­лық есірткінің тұтқынына түскен жастар өз достарын қатарларына тартуға тыры­сады дегенді алға тартады. Көрінбес есірт­кі саудагерлері негізінен ауқатты от­бас­ылардың балаларын нашақор етіп шы­ғаруға аса мүдделі. Өйткені 20-25 мың теңгенің дозасын табу үшін нашақор үйі­нің барлық затын тасып, сатып, одан ұрлық жасауға көше­ді. Колледж сту­дент­тері­нің арасында есірткіге тәуелділер қатары артып жат­қанын аутричтер жа­сыр­­­майды. Оның бір белгісі – СК мен ме­фе­д­ронды иіскей­тін­дердің мұрындары үнемі қызарып жүре­ді. Нашақорлықтың ке­ле­сі сатысына өткен­дер тамырларына ине­­мен жібе­реді. Бұл – қауіпті саты. Осы син­те­ти­­калық есірт­кіден аман қалған адам жоқ.

Дәрігерлер аса қауіпті індеттің алдын алу үшін баланы жастайынан ба­қы­лаусыз жібермеу керек дейді. Өкінішке қарай, бүгінгі заманның қатал ережесі тіке мағынасындағы «ақшаңды аясаң – баладан айрыласың» қағидасын алға шы­ғарды. Әке-шеше баласымен жиі әңгі­мелесіп, оны мазалап жүрген жайт­тар туралы ашық сөйлесіп, түрлі үйір­ме­­ге жазып, сабағын қадағалап жүр­­се, баланың жаман ортаға жұғысуы екі­­та­лай. Нашақорлықтың құрығына түс­­кендер негізінен, жалғыздық пен мейі­­рім­ге шөлдеп өскен немесе шектен тыс еркелеп кеткен жасөспірімдер. Бұл жерде әке-шешенің баланың бетін қақ­пай өсіруі, шектен тыс өбектеуі де жасөс­пірімнің оң мен солды, жақсы мен жа­манды айыра алмауына себепші бол­­ған. Көпшілік ата-ана баланың қо­лы­­на сұраған ақшасын ұстата салып, оның қайда, қандай мақсатқа жұм­сап жат­қа­нынан хабарсыз. Баланы бос­бел­­беу етіп өсіру де жақсылыққа әкеп соқ­­тыр­­майды. Кейбір ата-ана бала­сын әскер­ге жібергісі келмейді. Әс­кер мен спорт ер баланың мінезін тәр­бие­­лей­­тінін ескерсек, осы жағынан ата-ана жақ­­сы­лап ой­лан­­ғаны жөн. От­ба­сын­дағы қаты­гездік, әке-шешенің ажы­ра­суы, үй­дегі ұрыс-ке­ріс те мінез-құл­­қы қалып­тас­па­ған бала­­ны көшеге итер­мелейді. Са­йып кел­ген­­де, қо­ғамдағы қор­даланған бар­лық мә­се­­ленің түбірі тәр­биеге келіп тіре­ліп тұр. Бақы­лаусыз кет­кен баланы көше тәр­­бие­­лейді. Ал көше­міз­де көрін­бей­тін жау­­дың көп екенін әрдайым ұмыт­па­ғаны­мыз жөн.