Осакаровка кентінде орын тепкен орталықта 534 оқушыға бес бағыт бойынша қосымша білім беріледі. Атап айтқанда, мұнда өскелең ұрпақ өкілдері ғылыми-танымдық, көркемдік-эстетикалық, музыкалық-театрлық, спорттық және техникалық бағытта білім-танымын жетілдіріп, тұлға ретінде даму жолынан өтеді.
Сонымен қатар «Жастар» балалар мен жасөспірімдер орталығында Егор Шлей, Андрей Моторин, Алдияр Әубәкіров, Ерасыл Байғоныс және Владимир Пшеничников секілді мүмкіндігі шектеулі балалар тегін білім алады. Жалпы, орталықта ерекше қажеттілігі бар балалар үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, бұл жердегі қолайлы пандус, қажетті оқу құралдары, тіпті арнайы жабдықталған дәретхананың өзі мүмкіндігі шектеулі балалардың алаңсыз оқып, ешкімнен кемдік көрмеуіне қалтқысыз қызмет етеді. Бұдан бөлек, олар өздері қалаған үйірмелер мен секцияларға қатысып, қосымша білім алады.
Аудан әкімі Нұркен Қобжанов балаларды мерекемен құттықтап, оларға денсаулық, бақытты балалық шақ тілеп, өзімен бірге ала келген сыйлықтарын тарту етті.