Коронавирус • 03 Маусым, 2021

Ақмоладағы ахуал тұрақсыз

143 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

COVID-19 қауіпті індеті бойынша бір жарым айдан астам уақыт бойы «қызыл аймақта» қалып отырған облыстың эпидемиялық жағдайы әлі де алаңдатарлық. Соңғы деректерге қарағанда, күн сайын 120-дан астам жаңа жағдай тіркеліп отыр.

Ақмоладағы ахуал тұрақсыз

Пандемия басталғаннан бері облыста COVID-19-дан 21 863 жағдай тіркелсе, оның 15 505-інде ауру белгілері бар, 6 358-і симптомсыз болғанымен вирус­ты тасымалдаушылар. 109 адам осы індеттен көз жұмған. Сәуірмен салыстырғанда мамыр айында қауіпті індет 13,6 пайызға өсті. Індеттен көш бас­тап тұрған Бурабай ауданында – 564, Атбасарда – 328, Ақкөлде 290 жағдай анықталып, сырқаттар саны бір айдың ішінде бірнеше есеге өскені белгілі болып отыр. «Сары аймақтағы» Шортанды мен Ерейментау аудандарын қоспағанда, басқа аудандардың барлығы дерлік коронавирустың таралуы тұрғысынан «қызыл аймақта». Қорғалжын, Зеренді және Біржан сал аудандары мен Степногор қаласы ғана «жасыл аймақта».

Дегенмен, биылғы жазда балалар сауықтыру лагерьлерінде былтырғыдай емес, дем алуға мүмкіндік туады деп күтілуде. Бірақ эпидемиялық жағдайды ескере отырып, балалардың ден­­сау­лығын қорғау ұйым­да­ры­ның жұмысына бірқатар шектеу енгізіледі. Мектепке дейінгі білім беру орталығының қызметі «қы­зыл аймақта» балалар саны 30 пайыздан аспаған жағдайда, «сары аймақта» 50 пайыздан аспайтын жағдайда рұқсат еті­ле­ді. Сонымен қатар балалар сауықтыру мекемелеріне келген кезде әр баланың денсаулығы туралы құжаттары, жұқпалы аурулармен, оның ішінде коронавирус белгілері жоқ екендігі туралы анықтамасы, 72 сағат бұрын жүргізілген COVID-19 зертханалық реакциясы теріс деген құжат болуы шарт. Барлық балалар лагерьге бір мезгілде келіп, кетуі тиіс. Келген балаларды қабылдау күнінен кейін сырттан келген адамдармен байланысуға немесе ауысым кезінде уақытша кетуге тыйым салынады.

Дерттің дендеп кетуіне өзіміз де кінәліміз. Қанша айтыл­ға­ны­мен, сақтық шаралары сақ­тала бермейтін жиындар тый­ыл­­май отыр. Жыл басынан бері жүргізілген мониторингке сәйкес, 18 440 нысанның 345-інде карантиндік іс-шараларды бұзу оқиғалары анықталып, 401-іне әкімшілік айыппұл салынған. Мамыр айында ғана 2 801 нысан тексеріліп, карантиндік шараларды бұзудың 57 фактісі анықталған. Тәртіп бұзғандарға 45 мәрте әкімшілік айыппұл салынған. Көкшетауда ASHYQ жобасы іске қосылып, оған қатысатын объектілер үшін жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, тамақ­тану объектілерінің жұмыс ре­жімі жалпы, 20 сағатқа дейін, ал ASHYQ жобасына қатыс­қан­дар түнгі 2 сағатқа дейін жұмыс істей алады. Банкет залдарының қызметіне тыйым салынады, тек еске алу шараларын өткізуге рұқсат етіледі.

ASHYQ жобасына қаты­сатын фитнес орталықтар, спорт залдары мен спорттық-сауық­тыру орталықтары, бассейн­дердің жұмысы туралы айтатын болсақ, сенбі мен жексенбі күндері белгіленген сақтық шараларына сай жұмыс істей алады. Мәдени нысандар жобаға қатысса ғана жұмыс істеуге рұқ­сат етіледі.

Қазір ASHYQ жобасына тіркеліп, жұмыс істегісі келетін кәсіпкерлер қатары біршама көбейіп келеді. Бүгінде 285 өті­ніш келіп түссе, оның 215-і QR кодтарын ресми енгізген. Сол арқылы «қызыл» және «сары» мәртебесі бар 12 келуші анық­та­лып, оның 4-еуінде ПТР тестінің оң нәтижесі және 8-і қауіп­ті індетті тасымалдаушылар еке­ні анықталған. Мәселен, Көк­­ше­тау­дағы FamilyMood IPARTMOOD мейрамханасы мен «Мя­­со­рубка» нысандары сияқты қоғамдық тамақтану орындарында «қызыл» мәртебедегі 2 келуші анық­тал­ған. Сол сияқты қоғамдық та­мақ­тану орындарында тағы 5 келуші «сары» мәр­те­бемен жүр­гені белгілі болған. Щучинск қала­сын­дағы «Ягуар» фитнес-орта­лы­ғына тағы екі келуші «қызыл» және «сары» мәртебемен жүргені анық­­талған.

Халық сақтық шараларын барынша күшейтпесе, дауасыз дерттің тамырына балта шабу, алдын алу өте қиын. Көпке бел­гілі осы бір жайтты тағы бір қайталап айтсақ, артықтығы болмас.