![Электронды саудадағы әріптестікті дамытуды ұсынды](/media/2021/06/03/1_vj-ltnz7_-sw9xui8tqz_a.jpeg)
Әлемдегі қалыптасқан ахуалды ескерсек, экономикалық өзара іс-қимыл процестері цифрлы платформалардың, ақпараттық ағындар мен дерекқорлардың біріктірілуін талап ететіні белгілі. Осы орайда ведомство басшысы армениялық әріптестеріне электронды сауда бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыруды ұсынды.
«Цифрландыру кез келген мемлекеттің экономикалық табысының ажырамас бөлігіне айналғанын ескеріп, бұл орайда бірлескен жобаларды іске асыруды ұсынамыз. Біз «әлеуметтік әмиян» жобасын енгізуге байланысты сәйкестікті бағалау, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында субъектілерді электронды аккредиттеуге қатысты жақсы жетістіктерге қол жеткіздік», деді Б.Сұлтанов.
Министр Қап тауының өкілдеріне eGov үкіметтік платформасы арқылы ауқымды жоба іске асырылып жатқанын, сондай-ақ аталған салада министрліктің оң тәжірибесі бар екенін жеткізді. Бұған қоса қазақстандық тарап армениялықтармен сауда саласының басқа да бағыттарында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендерін айтты.
«Бізде терең дифференцияланған сауда құрылымы қалыптасқан. Тауарлар номенклатурасын кеңейтуге қатысты бар күш-жігерімізді салып келеміз. Қазақстандық компаниялар 230,9 млн долларға түрлі өңделген 50 тауарды жеткізу бойынша экспорт номенклатурасын кеңейтуге дайын. Ол мұнай-химия (138,8 млн доллар), металлургия (23,1 млн доллар), тамақ өнеркәсібі (36,4 млн доллар) және тағы да басқа салаларды қамтиды», деді Сауда министрі.
Б.Сұлтанов айтқандай, Kazakh Export армениялық компанияларға сауда саласында ұзақмерзімді қаржыландыру мен сауда жеткізілімдерін сақтандыруға қатысты қолдау көрсету мүмкіндіктеріне ие.
«Бұл компанияның қызметтерін ТМД елдеріндегі әріптестеріміз кеңінен пайдаланып жүр. Қосылған құны жоғары тауарлар саудасының жақсы мысалы ретінде «Қайнар АКБ» компаниясының электр аккумуляторлары саудасын айтуға болады. Айталық, компания коронавирус пандемиясына дейін 2016-2019 жылдар аралығында аккумуляторлардың сауда жеткізілімін 6,4 мыңнан 14 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік алды. Сол секілді Alageum Electric компаниялар тобының электр трансформаторларының экспорт көлемі де тұрақты деңгейді сақтап тұр», деді ведомство басшысы.
Бұдан бөлек тараптар көлік-логистика саласында ынтымақтастық орнатып, екі жақты алыс-берісті нығайтатын жобаларды қарастыруға ниетті екендерін жеткізді.