Спорт • 03 Маусым, 2021

Ультрамарафонның марғасқасы

203 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды гарнизонының әскери полиция капитаны Заңғар Әлкенов былтыр Жаңаарқа ауданындағы Атасу кенті мен Қарағанды қаласы арасындағы 200 шақырымдық қашық­тықты жүгіріп өтіп, жұрт­ты таңғалдырған болатын.

Ультрамарафонның марғасқасы

Биыл желаяқ офицер Жез­қазған  – Жаңаарқа бағыты бойын­ша 320 шақырымды 44 сағат

59 минут және 13 секундта жү­гіріп өтті. Ультрамарафонды ол 27 мамырда Жезқазған қала­сынан бастап, арада екі күн өт­кенде өзінің туған жері Жаңа­арқа ауданында жоспарланған уақыттан үш сағат бұрын аяқ­тады. Ай­та кететін бір жайт, жү­гіру нави­гациялық платфор­маның көме­гімен қадағаланды.

Заңғар Әлкеновтің бұл же­тістігі Қазақстанның «Рекорд­тар кітабына» енгізілетін болады. Бұл турасында аталған ұйымның өкілі Бақытжан Тас­түлеков мәлімдеді. «Ультрама­рафон­шының рекорды кітапқа 2021 жылдың қараша айында енгізілетін болады», деп атап өтті ол.

Төзімділік пен табан­ды­лық­­­тың ерен үлгісін танытқан қай­сар азаматқа жерлестері лай­ықты сый-құрмет көрсетті. Тіп­ті, демеушілердің оған Hyundai Accent автокөлігін тарту еткенін де айта кеткен ләзім.

– Бәрінен бұрын жерлес­терімнің қарсы алғаны, олардың менің жетістігіме қуанғаны қатты әсер етті. Мен үшін әр ма­рафон – мықтылығымды тексерудің төте жолы. Әрине, бұл жолғы жүгіру маған оңайға түскен жоқ. Әсіресе соңғы кү­ні қатты ыстық болып, жү­гіруді қиындатып жіберді. Де­ген­мен, мақсатыма жетіп, қа­шық­тықты мерзімінен бұрын аяқтағаныма қуаныштымын, – дейді З.Әлкенов.

Ультрамарафоншының ал­дағы жоспары да ауқымды. Денсаулық пен дайындық ой­дағыдай болса, ол келесі жылы Қарағанды мен Алматы арасын жүгіріп өтпекші.

Заңғар Әлкенов кезінде боз кілемнің шаңын қаққан балуан болды. Ол қазақ күре­сінен спорт шебері, дзюдодан спорт шеберлігінен үміт­кер. Осыдан тоғыз жыл бұрын жа­ра­қат алуына байланыс­ты кі­леммен қоштасты да, кү­ресті уль­трамарафонға, яғни ұзақ қа­­­шықтыққа жүгіруге айыр­бастаған.