Қазақстан • 03 Маусым, 2021

Коронавирус вакцинасын алғандар Bluetooth сигналын тарата ма?

209 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстандықтар Telegram-чаттарда коронавирусқа қарсы егілген адамдардың ерекше қабілеттіліктері туралы жаңа теорияны талқылауда. Яғни, екпе алғандар Bluetooth сигналын таратып, қабылдай алады деген болжам айтылуда, деп хабарлайды Egemen.kz.

Коронавирус вакцинасын алғандар Bluetooth сигналын тарата ма?

stopfake.kz сайтының жазуынша, бұл ақпарат – фейк. Бұл теория желінің ағылшын тілді сегментінде шыққан. @al_janabi атты пайдаланушы өзінің TikTok-тегі парақшасында айналасындағы құрылғылардың барлығы оның Bluetooth сигналына қосылуға тырысатыны туралы видео жариялаған.

Видео авторының айтуынша, бұған дейін ол Astra-Zeneca вакцинасын салдырған. Түпнұсқа видео кейіннен өшірілді, бірақ ол басқа әлеуметтік желілерде таратыла бастады.

«Шын мәнінде, видеода сипатталған «жанама әсердің» болуы мүмкін емес. Bluetooth радиожиілікті қабылдағышы 2,4 гигагерцтің орталық жиілігімен лицензияланбаған ISM диапазонында жұмыс істейді. Микротолқындар мен Wi-Fi да осындай диапазонда жұмыс істейді. Bluetooth сигналдарын қабылдау үшін толқын ұзындығына еселі антенна қажет. Bluetooth технологиясы жағдайында бұл мән шамамен 31 мм құрайды. Мұндай көлемдегі зат вакцина ампулаларында көрініп тұратын еді. Вакцинасы бар құтының ішінде бөгде заттардың анықталғаны туралы хабарланған жоқ. Вакциналар құрамына кіретін ингредиенттер тізімінде антенналар туралы ештеңе айтылмаған. Демек, вакцинаны салдыру арқылы Bluetooth сигналдарын тарату және қабылдау мүмкін емес. Иммундауға арналған препараттарда мұны істей алатын құрылғылар жоқ», деп қорытынды шығарылған сайтты.

stopfake.kz осыған ұқсас фейк-ақпаратты да жоққа шығарған болатын. Ол кезде пайдаланушылар өздерінің мобильді телефондарына шығып тұрған MAC-кодтарды вакцинацияланған адамдардың жеке коды деп ойлаған еді.