1986 жылы «Қазақфильм» киностудиясының тапсырысымен, белгілі режиссер Дәмір Манабаев аталған повестің желісімен кино түсірді. Фильмге түскен актерлер де талғаммен іріктелген. Әсіресе бас кейіпкер – Аспанның зайыбы Қамқаны сомдаған актрисаның тұнық жанары мен ойлы көзі, сабырлы қимылы, қазақ әйеліне тән төзімділігі көрген адамды бірден баурап алды. Осы кейіпкерді елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының талантты актрисасы Зибагүл Қарина сомдады.
Зибагүл Жақсылыққызы – ол кезде мөлдіреп тұрған жас, Торғай облыстық драма театрының тамаша рөлдерімен жұртшылыққа танылып қалған дарынды актрисасы. Бірде оған Алматыдағы «Қазақфильм» киностудиясынан Наталья Александровна деген кісі қоңырау шалып: «Жазушы Оралхан Бөкейдің шығармасы бойынша кино түсірмекпіз. Бізге қарапайым қазақ әйелінің образы керек. Сіздің фотоңыз киностудияда бар екен. Алматыға жедел түрде бір-екі күнге келіп, байқауға қатысып кетсеңіз, жол шығыныңызды төлейміз» деген өтінішін айтады.
– Содан Алматыға ұшып келдім. «Қазақфильмнің» дүркіреп тұрған шағы. Бізді сондағы үлкен алаңда сынақтан өткізді. Алдымен сценариймен таныстым, оны Болат Мансұров жазыпты. Фильмнің қоюшы режиссері – Дәмір Манабаев. Сол кісі бізге киноның мазмұнын қысқаша түсіндіріп, екеуара айтатын диалогтарды берді. Кинодағы бас кейіпкер Аспанның жігіт кезіндегі рөлін Нұрлан Есімғалиев сомдады. Мен оны танымаймын. Алғаш көріп тұрмын. Оған қалай жақындарымды білмеймін. Актриса болғаннан кейін қиялыңызды дамыту керек. Ауылда соғыстан аяғы немесе қолынан айырылып келген әкелерімді білемін. Соларды көз алдыма елестетіп өз образыма ендім, сол комиссияның да көңілінен шыққан секілді. «Сізбен түсіру алаңында кездесуге үміттенеміз» деп шығарып салды, – дейді Зибагүл апай.
Енді ол кісі Алматыдан жақсы жаңалық күтіп, көңілі алаңдап жүргенде, бір күні: «Сізге комиссия бірден екі рөлді бекітті. Қамқа мен оның қызы Мәликаны ойнайсыз. Сіздің жасыңыз Мәликаға дәл келеді» деген қуанышты хабар жетеді.
Бұл фильм Оралхан ағамыздың туған жері Катонқарағайда түсірілді. Содан болар кинода Алтайдың асқақ сұлулығы мен сұсты бейнесі барынша ашылған. Адам мен табиғат арасындағы тылсым сырды режиссер тап баса білген. Әуелде Аспан шалдың рөлін ойнауға Ыдырыс Ноғайбаев емес, Кененбай Қожабеков бекітіліпті. Алайда Кененбай аға сол кезде сырқаттанып қалып, оны аяқ астынан Ыдырыс аға сомдауға тура келген. Алайда қазақ өнерінде өз орындары айтулы екі тұлғаның қай-қайсысы да бас кейіпкерді келістіріп ойнайтыны анық.
Зибагүл апай бір сөзінде, қаламгер Оралхан Бөкей туған жерінде түсірілім тобымен бастан-аяқ бірге жүргендігін айтады. Тіпті түсірілім тобын ауылдағы әке-шешесінің үйіне қонаққа шақырып, дәм таттырыпты.
– Жазушы кейіпкерінің прототипі өмірде бар адам. Сол Катонқарағайда тұрады. Сондықтан мен оны көзіммен көріп, жақынырақ танысқым келді. Айтпақшы, кинодағы бір эпизодта сол кісінің өзі түскені бар. Бірақ онда оның жүзін көре алмайсыз, тек кереуеттен түсіп, арқасымен кетіп бара жатады. Содан түсірілім тобының мүшелері сол кісінің үйіне бардық. Бізді жаны қалмай күтіп, қарсы алды. Екі аяғынан айырылған ағаның әйелі – өте қарапайым жан. Бізге есіктен сығалап қарайды, тура қарамайды. Апай күйеуінің тізесіне ескі күпәйкені қабаттап тігіп беріпті. Есіктің алдында үлкен сәкі бар. Ол кісі сол биік сәкіден секіріп атқа мінеді. Әңгімелесіп отырғанда үй иесі: «Қазір протез аяқ шығыпты деп естимін. Шіркін, соны киіп, өз аяғымен жүріп кетсем ғой», деп бір арманын айтты. Енді ол кісінің өмірге деген құштарлығы керемет, өте еңбекқор екендігін таныдым, – дейді ол.
Көркем фильм жарыққа шыққаннан кейін оны көрермендер жылы қабылдады. Біз сөз етіп отырған талантты актриса «Сайтан көпірден» кейін көрнекті ақын Олжас Сүлейменовтің поэмасының желісімен жазылған «Балкон» фильмінде – Жанна мен жазушы Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романы бойынша түсірілген «Сұрапыл Сұржекейдегі» ауылнайдың әйелін айшықты сомдап, кино өнеріндегі қолтаңбасын даралады. Одан кейін де бірқатар фильм мен телехикаяға түсіп, жұртшылықтың қошеметіне бөленді.
Алайда театрсүйер қауым Зибагүл Қаринаны дарынды драма актрисасы ретінде жақсы көреді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында Алматыдағы театр және көркемсурет институын тәмамдағаннан кейін ол алғашқы еңбек жолын Торғай облыстық драма театрында, одан соң Жезқазған қаласындағы қазақ музыка драма театрында, 1995 жылдан бері бас қаладағы Қаллеки театрында жемісті еңбек етіп, киелі сахнада Шыңғыс Айтматовтың «Ана-Жер-Анасында» – Айшаны, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» – Баянды, Мұхтар Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыландысында» – Күнекейді, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» – бәйбішені, Әкім Таразидің «Үкілі жұлдызында» – Биді және тағы басқа бірнеше ғажайып кейіпкерлер галереясын жасап, өнер өрінде өз өрнегін айшықты қашады.