Қазылар алқасының шешімімен финалдық кезеңге жолдама алған 379 баланың ішінде қарағандылық Нұрдәулет Сағатбек фестивальдың Гран-при жүлдесінің иегері атанды.
Қарағанды облыстық білім басқармасының көру қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернатында оқитын он төрт жастағы өнерпаз Дина Нұрпейісованың «Бұлбұл» күйін орындап, қазылар алқасының ғана емес, тыңдаушылардың да ыстық ықыласына бөленді.
Нұрдәулет музыкамен ес білетін шағынан бері айналысады. Вокалмен де шұғылданады және фортепианода да жақсы ойнайды екен. Бірақ домбыра үйірмесіне 11 жасқа келгенде ғана жазылыпты.
– Үш жыл ішінде мен 13 күй және бір ән жаздым. Әнімді ата-анама арнадым. Әннің сөзін Өркен Мұңайтпас жазған. Фестиваль кезінде мен қатты уайымдамадым. Неге десеңіз, өзіме сенімді болдым және жеңіске жететініме күмәнім болмады, – дейді болашақта күйші, композитор болғысы келетін өнерлі өрен.
Жеңімпаздың жетекшісі Нұрдәулет Ыдырысовтың айтуынша, дарынды жастың өзі айналысып жүрген іске деген адалдығы, ерекше еңбекқорлығы кез келген адамды тәнті етеді екен. «Бұл жас музыканттың жалғыз ғана жеңісі емес. Ол – облыстық және республикалық байқауларда талай мәрте топ жарып жүрген талант иесі», дейді Нұрдәулеттің жетекшісі.
ҚАРАҒАНДЫ