Экология • 04 Маусым, 2021

Жыл соңына дейін елімізде 1,5 мың фандомат орнатылады – Мағзұм Мырзағалиев

442 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін елордада «Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне» орай бөтелкелерді қайта өңдеуге қабылдайтын «Fandobox ecoplatform» автоматының іске қосылу шарасы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жыл соңына дейін елімізде 1,5 мың фандомат орнатылады – Мағзұм Мырзағалиев

Пилоттық жоба бойынша елімізде бөтелкелерді қайта өңдеуге қабылдайтын екінші автомат орнатылды. Алғашқы фандомат бір ай бұрын Алматыдағы «Достық Плаза» сауда үйінде орнатылған болатын. Шараға Экология және табиғатты қорғау министрі Мағзұм Мырзағалиев қатысты.

Министрдің мәлімдеуінше, осындай фондаматтар еліміздегі тек ірі қалаларда ғана емес өңірлерге де көптеп қойылады.

«Жыл соңына дейін елімізде бөтелкелерді қайта өңдеуге қабылдайтын 1,5 мың фандомат орнатылатын болады. Сондай-ақ тек сауда орталықтарында ғана емес ашық алаңдарға да қойылады. Бұл фандоматтардың басты мақсаты іздің экологиялық ахуалды жақсарту, яғни пластик өнімдерді айналымға енгізу. Бұл бастамаға министрліктен де қолдау көрсетілетін болады», дейді министр.

«Ecoplatform» жобасының жетекшісі Әділет Нұрселенов фандоматтың халыққа пайдасы жөнінде айтып кетті.

«Аталған фандоматтар пластик және алюминий өнімдерді сұрыптап, қалдықтарын жинаудың жақсы бір шешімі. Бұл бокстар Ресейдің «Ecoplatform» компаниясының өнімі, біз аталған компанияның Қазақстандағы өкіліміз. Бір фандоматтың құны орта есеппен – 2,5 млн-ды құрайды. Бір автомат шамамен 700-дей бөтелкені жинай алады. Қазіргі таңда автоматтар еліміздегі екі ірі мегаполисте орнатылды, алдағы уақытта Шымкентке және басқа да өңірлерге қою жоспарда бар», деп мәлімдеді жоба жетекшісі.

Айта кетейік, жиналған бөтелкелер Шымкенттегі қайта өңдеу зауытында іріктеліп, қайта өнім шығарады.