Спорт • 04 Маусым, 2021

Алексей Луценко жалпы есепте көш бастады

246 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Astana Premier Tech» клубының велошабандозы Алексей Луценко Францияда өтіп жатқан «Критериум Дофине» көпкүндігінің жалпы есебінде көш басына шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алексей Луценко жалпы есепте көш бастады

Алтыншы кезеңде испаниялық Алехандро Вальверде («Movistar Team») топ жарды. Лорьоль-Сюр-Дром мен Ле-Саппе-ан-Шартрёз арасын қамтыған 167,5 шақырымдық қашықтықты ол 3 сағат 52 минут 53 секундта жүріп өтті. Екінші және үшінші орындарды ұлыбританиялық Тео Гейган Харт («INEOS Grenadiers») пен аустриялық Конрад Патрик («BORA – hansgrohe») иеленді. «Астана» клубы мүшелері арасынан ең үздік көрсеткішке Алексей Луценко қол жеткізді. Жерлесіміз алтыншы орынға табан тіреді.

Төртінші кезеңде топ жарып, жалпы есепте екінші орынға көтерілген Алексей Луценко алтыншы кезеңнен кейін бірінші орынға көтерілді. Отандасымыздың көрсеткіші – 20:52:16. «Астананың» тағы бір велошабандозы Ион Исагирре екінші сатыға жайғасты. Ол көшбасындағы спортшыдан сегіз секунд қалып келеді. Үшінші орында – нидерландтық Вилко Килдерман («BORA – hansgrohe»).