Қоғам • 06 Маусым, 2021

Ақылы жолдар атына сай ма?

983 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

 

Бұл – жаппай дүрлігіп жатқан алыс жолға қатынайтын жүргізушілердің жанайқайы. Соңғы күндері ел назарын өздеріне аудартқан көлік иелері ақылы жол учаскелерінің енгізілуіне қарсы.

Ақылы жолдар атына сай ма?

Тәуліктің тең жартысын тас жолда өткізетін жүргізушілер ақылы учаскелердің атына сай болғанын қалайды. Айтуларынша, біздегі ақы алынатын жолдардың сапасы сын көтермейді. Осының салдарынан ауыр жүк көліктерінің өзі істен шығып қалып жатады. Оның үстіне, жол бойындағы сервис ақсап тұр. Жүргізушілерге лайықты жағдай да жасалмаған. «Ендеше, біз несіне ақы төлеуіміз керек?!» дейді олар.

– Соңғы уақытта алыс жолға қатынайтын жүргізушілердің еңбекақысы қысқарды. Есесіне жанар-жағармайдың бағасы қымбаттады. Мәселен, астанадан Алматыға барып-келгенім үшін маған 150 мың теңге төлейді. Бұл соманы екі есе арттыру керек. Өйткені дизельдің өзіне жоқ дегенде 300 мың теңге жұмсалады. Бұған қосымша бөлшектердің бағасын қосыңыз. Ал сапасыз жолда көлік сынбай тұрмайды. Бір дөңгелек жарылса болды, шығынға ұшырағаным. Міне, қарыздарымды жабамын деп жолда жүргеніме екі жарым айдан асты. Бұл аздай, енді ақылы учаскелерден төлем ұсталса, неміз қалады?! – дейді елордалық жүргізуші Қайсар Төлеуқасымов.

Сондықтан жүргізушілер жүк көліктері үшін өзге елдердегідей ақылы жолда жүрудің балама түрлері ұсынылуы керек дейді.

Жүргізушілердің жанайқайына депутаттар да үн қосты. Өткен аптада Мәжілістің пленарлық отырысында Азат Сембинов депутаттық сауал жолдады.

– Соңғы күндері еліміздің бірнеше өңірінде ақылы автожолдармен жүру тарифінің бес есе өсуіне байланысты кәсіпкерлер мен жүк көліктері иелерінің наразылық акциялары өтіп жатыр. Олар тарифтің өсімі жол сапасына сай келмейтініне, «ҚазАвтоЖол» компаниясы қызметінің ашық еместігіне наразы. Компанияның монополистік сипатта жұмыс істеп отырғанына назар аударды. Естеріңізде болса, бұл мәселені «Ақ жол» партиясының депутаттық фракциясы 2013 жылы көтерген. Партия компанияның құрылуына қарсы шыққан еді. «Мемлекеттік функциялар мен салық төлеушілер есебінен коммерция жасайтын кезекті құбыжық бой көтеріп келеді» деп мәлімдеген-ді. Өкінішке қарай, біздің ескертуге ешкім пысқырған да жоқ. Ал содан бері бұл компания сыбайлас жемқорлық жанжалдарынан арылған емес, – деді Мәжіліс депутаты.

Ол «Ақ жол» партиясы ақылы жолдар мәселесіне 2018 жылы да айналып соққанын алға тартты.

– Осыдан үш жыл бұрын жолдардың ақылы болуын талқылау кезінде біздің фракция «бүкіл әлемде ақылы автожолдар тегін балама трасса ұсынылған жағдайда ғана енгізілетінін» мәлімдеді. Бірақ біз адамдарға таңдау қалдырмай отырмыз. Ал жолдар солардың салығының есебінен салынып жатыр ғой. Бүгінгі таңда «ҚазАвтоЖолдың» «тәбеті» тағы ашылып барады. Тиісінше, бұл халықтың наразылығын тудыруда. Бастамашылар ақылы жолдардың пайда болуы нарықтық экономиканың талаптарынан туындағанын алға тартуда. Бірақ нарықта бәсекелестік те, таңдау да болуы керек. Ал «ҚазАвтоЖол» ұстанған тәсіл көлік иелерін таңдау құқығынан айырып қана қоймай, адамдарды тығырыққа тіреп отыр, – дейді депутат.

Оның пікірінше, Қазақстанның жері үлкен. Тиісінше, біздегі тасымалдау шығындары кейде тауардың өзіндік құнының 10-15 пайызын құрайды. Демек, жүргізушілерге арналған тарифтің бес есе өсуі автоматты түрде тауарлар мен азық-түлік бағасын қымбаттатып жібереді. Ал бұқара халықтың шекесі шылқып отырмағаны анық.

– Мемлекет бизнестен бағаны көтеруді талап етеді. Сөйте тұра, энергетиктерге, «ҚазАвтоЖолға» тарифтерді көтеруге мүмкіндік береді. Ал бизнестің мұны айналып өтетін мүмкіндігі жоқ. Тұтас ел монополиялардың экономикалық «кепілдігінде» қалып отыр. Демек, кәсіпкерлер де, азаматтар да өздерінің қаражатына құрылған әрі таңдау құқығын бұзған құрылымдардың түпсіз тәбеті үшін жұмыс істейді. «Ақ жол» фракциясы жүргізушілер мен кәсіпкерлер жағында және мұндай жағдайға жол берілмеуі керек деп есептейді. Біз компаниядан тарифті ұлғайту туралы мәлімделген жоспарлардан бас тартуды талап етеміз, – деді А.Сембинов.

Бірнеше күн бұрын халық алдында есеп берген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов та алыс жолға қатынайтын жүргізушілердің жағдайына назар аударды.

– Үш-төрт күн бұрын жүк көліктері жүргізушілерінің біразы жаңа учаскелерде ақылы жүйені енгізуге наразылық білдірді. Аталған мәселені шешу үшін министрліктің, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының және Kazlogistics Қазақстан көлік одағының өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл мәселе соңғы екі жыл ішінде «Атамекен» палатасының, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен бірнеше рет талқыланды. Ақылы жолдар – әлемдік тәжірибе. Көптеген елде «жолды кім пайдаланады, оны күтіп ұстауға ақы төлесін» деген қағиданы ұстанады. Өйткені инертті материалдарды тасымалдайтын ауыр жүк көліктері жолдың беткі қабаттарын жиі бұзады. Бұдан бөлек, біздің жолдарды Қазақстан аумағы арқылы қатынайтын үшінші елдердің он мыңдаған транзиттік жүк машиналары тоздырады. Біздің тасымалдаушылар да шет елдердің аумағы арқылы жүріп өткенде барлық алымдарды төлейді. Бұл қалыпты дүние, – дейді Б.Атамқұлов.

Министрдің дерегінше, 2025 жылға дейін автомобиль жолдарының 11 мың шақырымына ақылы жүйені енгізу жоспарлануда. Бірінші кезеңде 2021 жылы 5,8 мың шақырымды ақылы ету міндеті тұр.

– Ел Үкіметі төлемақы мөлшерлемесін алғаш рет 2013 жылы «Астана – Щучинск» жолында ақылы жүйе енгізілген кезде бекітті. Бұл бағалар жаңа учаскелерде де сақталып отыр. Көрші елдерде ақылы жүйе ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келеді. Бұларда тарифтік мөлшерлеме Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Мәселен, Ресейде жүк машиналары 1 шақырым үшін 22 теңге төлейді, Италия мен Германияда орташа есеппен 70 теңге, Беларусь мемлекетінде 80 теңге шығындайды. Ал Хорватияда жүк көлігі үшін жолда жүру құны шақырымына 122 теңге тұрады. Қазақстандағы жағдай қандай? Бізде жеңіл автокөліктер үшін 1 шақырым – 1 теңге. Бұл ретте жергілікті жеңіл көліктерге құны 1 000 теңге болатын бір жылдық абонемент ұсынылған. Автобустар үшін төлемақы мөлшері орын санына байланысты бір шақырымға 5 теңгеден 15 теңгеге дейінгі соманы құрайды. Атап өтерлігі, қалааралық және жергілікті рейс автобустары төлемнен босатылған. Жүк көтерімділігіне байланысты жүк көліктері үшін бір шақырымның бағасы 5 теңгеден 25 теңгеге дейінгі соманы құрайды, – деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Былтыр Қазақстандағы ақылы жолдар арқылы 10,7 млн көлік жүріп, олардан 5,7 млрд теңге түсім түскен. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан – Теміртау бағытынан 1 млрд 914 млн теңге, Нұр-Сұлтан – Щучинск бағытынан 1 млрд 672,3 млн теңге, Алматы – Қорғас бағытынан 1 млрд 121,4 млн теңге, Алматы – Қапшағай бағытынан 1 млрд 038,7 млн теңге жинақталған. Осы жылдың бірінші тоқсанында жүргізушілер аталған ақылы учаскелер арқылы 1,153 млрд теңге төлеген. Биыл тағы 18 учаскеге ақылы жүйе енгізіледі. Яғни тағы 5,8 мың шақырым жол ақылы болмақ. Аталған жағдай жүргізушілердің наразылығын тудырып отыр.

Осы орайда, жүргізушілер үшін жол бойындағы сервистің заманға сай болғаны маңызды. Бүгінде республикалық жолдардың бойында 1 854 сервис нысаны жұмыс істейді. Оның 58 пайызы Ұлттық стандарт талаптарына сай келеді. Бір қызығы, қолданыстағы нысандардың көпшілігі Ұлттық стандарт талаптары бекітілгенге дейін салынған. Сондықтан жыл соңына дейін нормативтік талаптарға жауап беретін сервистік нысандардың санын 66 пайызға немесе 1 322-ге жеткізу жоспары белгіленген. Сондай-ақ, 125 жаңа нысан салу міндеті тұр. Оның ішінде зәкірлі инвесторлар есебінен 38 жанар-жағармай құю стансасын және жеке инвестициялар есебінен 87 санитарлық-гигиеналық торап салу жоспарланған. Жалпы, 2025 жылға дейін қосымша 400-ден астам заманауи нысан салынады деп күтілуде.

– Министрлік жол бойындағы сервисті дамыту үшін әкімшілік тәсілдерді қолданады. Біз өз тарапымыздан сервис нысанын орналастыруға келісім береміз. Бірақ заманауи жаңа нысандарды салуға жер учаскелерін алу үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан бюрократия жағдайлары орын алып отыр. Түптеп келгенде, жол бойындағы сервис нысандарын дамыту, ең алдымен әкімдіктердің құзыретіне жатады. Өйткені бұл бизнестің дамуына әсер етеді. Сондықтан бұл бағытты дамытуға байланысты мәселелерді шешу үшін жергілікті атқарушы органдар мен бизнес-қоғамдастықтың бірлескен іс-қимылы қажет, – дейді министр.

Еске сала кетейік, Қазақстандағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 157 мың шақырымды құрайды. Оның 25 мың шақырымы – республикалық, 132 мың шақырымы жергілікті жолдарға жатады. Биыл 8,4 мың шақырым жол жол-құрылыс жұмыстарымен қамтылмақ.