Сұхбат • 06 Маусым, 2021

Уильям МОЗЕР: Қазақстанмен қарым-қатынасымыз стратегиялық серіктестікке негізделген

663 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

 

Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздігін жариялағанда ресми түрде бірінші болып мойындаған АҚШ екені мәлім. Содан бері екі ел арасындағы қарым-қатынас жақсарып, өзара ынтымақтастық нығайып келеді. Сауда-экономикалық байланыс та жолға қойылған. Елімізге салынған АҚШ инвестициясы да аз емес. Осы орайда дербес даму жолына түскен еліміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозерді әңгімеге тартқан едік.

Уильям МОЗЕР:  Қазақстанмен қарым-қатынасымыз стратегиялық серіктестікке негізделген

 

– Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш ресми мойындаған мемлекет – АҚШ болғандығы белгілі. Осы орайда тарихқа сәл көз жүгіртіп, АҚШ-та Қазақстанның тәуелсіздігін мойындау шешімі қалай өткендігін айтсаңыз.

– Шынымен де, Америка Құрама Штаттары Қазақстанның тәуелсіздігін 1991 жылдың 25-ші желтоқсанында мо­йын­дады. Біздің Елшілік 1992 жылы қаң­тар­да Алматыда ашылды, содан ке­йін 2006 жылы Астанаға (қазіргі Нұр-Сұл­тан) көшті. Ал 2009 жылы Аме­рика Құра­ма Штаттары Орталық Азия­дағы жал­ғыз АҚШ консулдығын – Алма­ты­дағы кон­с­улдықты ашты. Қазақстан тәуел­сіз­дік алғаннан бері тамыры терең және кең ауқымды қарым-қатынас орнады.

Қазақстанның тәуелсіздігін мойын­даған алғашқы мемлекет ретінде 2021 жылы 30 жылдық мерейтойды бірге атап өтетінімізді мақтан тұтамыз. Мен отыз жылдық ынтымақтастық пен тәжіри­бе ал­масу АҚШ-Қазақстан қарым-қаты­­насына үлкен пайда әкелгеніне сенім­дімін. Байланыстарымыз дәл қазір­гі кезде өте мықты.

– Қателеспесем, 1991 жылы елімізге алғаш болып АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер келді. Сол кезде талқыланған басты мәселенің бірі – ядролық қару мен Қазақстандағы оқ­­тұм­­сықтар болатын. Кейінірек Қазақ­­с­тан яд­ролық қарудан өз еркімен бас тарт­­ты. Сол кезеңде еліміздің бұл ше­­ші­мін америкалықтар қалай қабылдады?

– Дұрыс айтасыз. Мемлекеттік хатшы Бейкер Тәуелсіздік жарияланған күн­нің ертеңіне 1991 жылы 17 желтоқсан­да Қазақстанға келді. Бұл біздің қарым-қа­тын­астарымыздың басынан бастап қан­шалықты маңызды болғандығын көрсетеді.

Тұңғыш Президент Назарбаевтың ядролық қарудан бас тарту туралы ше­ші­мі әрдайым ядролық қаруды таратпау тарихындағы маңызды сәттердің бірі ретінде есте қалады. Біз сол кезде бұл ше­шімді қолдадық. Қазір Қазақстанды ядро­лық қаруды таратпау мәселесі бо­йын­­ша әлемдегі көшбасшылардың бірі ретінде мойындап келеміз.

Шын мәнінде, Америка Құрама Штат­тары бұл бағытта Қазақстанның се­рік­тесі болғанына 27 жылдан асты. Мә­се­лен, 24 атом бомбасын жасауға жет­кілікті 600 килограмм уранды Қазақ­стан­нан әкетіп, оларды АҚШ-та залалсыздандыру бойынша өте табысты екі жақты жасырын операция – Sapphire жобасы жүргізілді. Елдеріміз 1400-ден астам ядролық оқтұмсықты Ресейге беруде ынтымақтасып жұмыс істеді.

Бұрын ядролық сынақ үшін пайдала­ныл­ған 181 тоннель мен 13 ұңғыма­ның жойылуын жеңілдетуге көмектестік. Ақ­таудағы БН-350 реакторынан 10 тон­на жоғары байытылған уран және 3 тонна қару-жарақ деңгейіндегі плу­тонийді жаңа, қауіпсіз, ұзақ мерзімді сақтауға қолайлы қоймаға жеткізуге жәрдемдестік. АҚШ үкіметі Ядролық физика институтына 8 ядролық қаруға жететін 200 килограммнан астам жоғары байытылған уранды жоюға, оның қос­пасын азайтуға көмектесті.

АҚШ Энергетика департаменті яд­ро­лық сынақтардың экологияға тигі­зе­тін зиянды қалдығын болдырмай, оны қауіпсіз және толықтай тазартуға ұмты­лады. Мұндай қалдық АҚШ-та да, Қазақс­танда да бар. 2019 жылғы желтоқ­санда Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығының бір топ маманы Невада полигонына барып, екі алаңды тазарту тәжі­рибесін бөлісті, болашақтағы ын­ты­мақтастық мәселелерін талқылады. Невада мен Семейдегі сынақ алаңы (полигон) жабылғаннан кейін де, елдеріміз осы салада әлемді қауіпсіз ету үшін бір­лес­кен жұмыстарын жалғастырып келеді.

– АҚШ саясаткерлері Қазақ­стан­ның 30 жыл ішіндегі жетістіктерін қалай бағалайды?

– Меніңше, Қазақстанға қатысты салада жұмыс істеген көптеген АҚШ сая­саткерлерінің берген бағасы жоғары. Кейінгі 30 жылдағы өзгерістер орасан зор дейді. Сондықтан Қазақстанға және Орталық Азияға саясаткерлердің ғана емес, ең бастысы жеке бизнестің, сту­денттердің, туристердің және басқа­лар­­дың қызығушылығы артқанын байқаймыз.

Мемлекеттік хатшы Энтони Блин­кен жақында Қазақстан Премьер-Министрі­нің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мырзамен сөйлескен-ді. Мемлекеттік хатшы Америка Құрама Штаттарының Қазақстанның еге­мен­дігін, аумақтық тұтастығы мен тәуел­сіздігін қолдайтынын растады. Тарап­тар COVID-19 пандемиясынан кейін екі­жақты және аймақтық ынтымақ­тастық­ты кеңейтуге үміт артып, экономикалық ын­тымақтастықтың бағыттарын және жеке секторға инвестиция құюдың маңыз­дылығын талқылады.

Мемхатшы Блинкен Қазақстан үкіметінің саяси және экономикалық рефор­малар мен парниктік газдар шы­ға­рындыларын азайту жөніндегі жаңашылдыққа деген ұмтылысын қолда­ды. Әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту мен экономикалық ілгерілеуде алға қойылған мақсаттарына ынтымақтастық көрсететінін білдірді.

– 1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа алғаш рет іс-сапармен барды. Содан бері екі ел арасындағы қарым-қатынас нығая түсті. Қазіргі таңда екіжақты байланыс қандай бағыттарға негізделген?

– Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның саяси аренасында маңызды тұлға болып қала береді. Қазақстанның соңғы 30 жылдағы дамуы оның басшылығымен тығыз байланыс­ты. Екіжақты берік ынтымақтастық Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен және оның әкімшілігімен одан әрі жалғастырылды. Қарым-қатынасымыз саяси тұрғыда ғана емес, сонымен қатар қазақстандық қоғаммен ынтымақтастық пен серіктестіктің барлық спектрін қамтитынын атап өту маңызды.

Америка Құрама Штаттары тәуел­сіздік алғаннан бергі уақыттан бастап Қазақстанмен арадағы серіктестікке берік. Өзара 30 жылдық серіктестігіміз Орталық Азиядағы қауіпсіздік, даму, өркендеу және негізгі бостандықтар туралы міндеттемеге негізделген. Алдағы жылдары экономикалық, қауіпсіздік және адамдар арасындағы байланыстарды нығайтуға үміттенеміз.

– Екіжақты тауар айналымы да маңызға ие. Осы орайда кейінгі кез­дегі сауда-экономикалық байланыс­тар туралы айта кетсеңіз.

– АҚШ пен Қазақстан халқы үшін экономикалық мүмкіндіктерді әртарап­тандыруға және кеңейтуге көмектесу үшін екіжақты сауда мен инвестицияларды ұлғайтуға міндеттіміз.

Тарихи тұрғыдан алғанда, АҚШ-тың Қазақстанға салған инвестициясы ең алдымен АҚШ компаниялары Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бас­тап айналысып келе жатқан мұнай-газ секторына бағытталған. Chevron және ExxonMobil бірлесе отырып, Қазақ­стан­ның үш ірі мұнай-газ жобаларына – «Теңіз», «Қашаған» және «Қарашы­ғанаққа» үлкен инвестиция құйды.

Осы жобаларды іске асыратын үшеуі – Қазақстандағы ең ірі компаниялар. Сон­дай-ақ үкіметтің бюджетіне төле­не­тін барлық салықтың 20 пайыздан астамы осы компаниялардың үлесіне тиесілі. Бұған аталған компаниялардың әлеу­меттік жобаларға, қоғамның әл-ауқатын жақ­сартуға және адами капиталды да­мытуға жұмсаған қаржысын қосыңыз. Біз осы компаниялардың 30 жыл ішінде Қазақстанның экономикалық дамуына қосқан керемет үлесін мақ­танышпен айтамыз.

Қазақстан өз экономикасын әрта­рап­тандыруды көздеп отырған кезеңде АҚШ компаниялары үшін осы бағытқа үлес қосудың зор мүмкіндіктерін көріп отырмыз. Дәл қазір ауыл шаруашылығы саласы ерекше қызығушылық тудырады. Valmont компаниясының Қазақ­станда қолдан суландыру жабдық­тарын шығаратын зауыт, Tyson Foods компа­ниясының сиыр етін өңдеу қондырғысын салуды жоспарлап отырғаны жөніндегі жаңалықтарды естіп қатты қуандық.

Сонымен қатар электр қуатын өндіру, авиация, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, денсаулық сақтау, туризм, логистика және ғарыштық техно­ло­гиялар сияқты салаларда мүмкін­дік­тердің бар екенін көріп отырмыз. Біздің елшіліктің атқаратын басты рөл­дерінің бірі – АҚШ-тың инвестициясын Қазақстанға көбірек тарту мақсатында қолай­лы жағдай жасау. Сондай-ақ Қазақ­стан үкіметімен тығыз жұмыс істеу және көмектесу. Шетелдік инвестицияларды көбірек тарту үшін Қазақстанға заңның үстемдігін қамтамасыз ету мәселелерін жақсарту, әсіресе салық саясатындағы ашықтықты арттыру және сыбайлас жем­қорлықпен күрес жөніндегі реформаларды жалғастыру қажет.

Кейінгі 30 жыл ішінде экономикалық қатынастарымыз Қазақстан экономикасымен қатар кеңейіп, тұрақты өсіп келеді. Бүгінгі таңда Қазақстандағы Америка сауда палатасы 200-ден астам ком­па­нияны қамтыған. Салыстырмалы түрде қарасақ, 1998 жылы осында қыз­мет еткенде палатада 35-тен асар-аспас америкалық фирма бар еді. Бұл АҚШ бизнесінің Қазақстанмен серіктес болуға деген үлкен қызығушылығын айқын көрсетеді. Біздің мақсатымыз – алдағы 30 жылда одан әрі өркендеу мен өсудің жалғасын көру.

Негізі, экономикалық қатынастарға және АҚШ-тың үлкен инвестициясына ықпал ететін бір нәрсе – қазақстан­дық­тардың әлемдік коммерцияның, ғылым мен білімнің тілі ретінде ағылшын тілін жетік меңгеруі. Елбасының ағыл­шын тілін K-PhD оқытудың үш тілінің (үштілділік) біріне айналдыру туралы шешімі – көрегендік. Біз жылына 1 млн доллардан астам қаражатты дәл осы Қазақ­станның педагогикалық уни­вер­ситет­теріне болашақ ағылшын тілі мұ­ғалім­дерін ең заманауи әдістемелермен оқытуға көмектесуге және жоғары оқу стан­дарт­тарына сәйкес ету жұмы­ста­рына бөлеміз. Бұл – екіжақты қатынастары­мыздың болашағына және Қазақстанның өркендеуі мен тәуелсіздігіне бағытталған екі жаққа да пайдалы инвестиция.

– Қазақстан көпжақты сыртқы сая­сат ұстанатыны белгілі. Геосаяси тұр­ғыда Қазақстан АҚШ үшін қанша­лықты маңызды?

– Қазақстанмен қарым-қатынасымыз мықты, тұрақты және берік, кеңейтілген стратегиялық серіктестікке негізделген. Біз осы серіктестік пен тығыз қарым-қа­ты­насты бағалаймыз. Саясатымыз – Ор­­талық Азия халықтарының әртүрлі се­рік­тестерімен өздеріне тиімді шарт­тарға сәйкес өздерінің ұлттық мүдде­лерін ер­кін жүзеге асыруын қамтамасыз ету.

Америка Құрама Штаттары барлық Орталық Азия елдерінің бір-бірімен, көршілерімен және бүкіл әлем елдерімен дұрыс және өзара тиімді қарым-қаты­наста болғанын қалайды.

АҚШ тарапы Қазақстанның демократияландыру жолындағы реформаларын қолдайды. АҚШ Қазақстанның осы реформалары әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруге ұмтылысын жүзеге асыратынына үміттенеді.

– Қазақстанның халықаралық аренадағы басты бағыттарының бірі – ядролық қаруды таратпау және әлемде бейбітшілік пен татулықты сақтап қалу. Бұл тұрғыда АҚШ еліміздің бас­тамаларын қалай қабылдайды?

– Қазақстан – ядролық қаруды таратпау және қауіпсіздік бойынша АҚШ-тың ма­ңызды серіктесі. Атом бомбасынан азат әлем құруға қатысты әртүрлі көз­қарас­тарға қарамастан, барлы­ғы­мыздың ор­тақ мақсатымыз – ядролық қару­дың қау­пін азайту. Қазақстанның ядро­лық қару­сыз болашаққа деген адал­­дығы елдің өр­кен­деуі мен тәуел­сіз­дігін нығайту мақ­сатында маңызды болды. Соны­мен қатар АҚШ алдағы тамызда Семей по­лиго­ны­ның жабылуының 30 жылдығын Қазақ­стан­мен бірге атап өтуді асыға күтеді.

– Дональд Трамптың кезінде АҚШ Ауғанстаннан әскерін шығаратынын мәлімдеді. Қазіргі таңда бұл шешім өзгеріссіз қалды ма, әлде америкалық сарбаздар Ауғанстанда қала бере ме? Джо Байденнің бұған қатысты ұстанымы қандай?

– 14 сәуірде Президент Байден АҚШ-тың әскерін Ауғанстаннан шыға­руға шешім қабылдағанын мәлім­деді. Америка Құрама Штаттары Ауған­стан үкіметімен тығыз байланысын жал­ғастыра береді. Ауған халқына көмек­тесуін тоқтатпайды. Мемлекеттік хатшы Блинкен айтқандай, АҚШ 2021 жылы Ауғанстанға 100 млн доллардан астам азаматтық көмек көрсетуді жос­парлап отыр. Бұл – Ауғанстан халқына инвестиция салу және қолдау туралы міндеттемеміздің бір бөлігі.

Кейінгі 20 жылдағы жетістіктерге сүйенсек, бұл қаражат Ауғанстан азаматтары үшін маңызды қызметтерге қол жетімділікті жақсарту, экономикалық өсуге, сыбайлас жемқорлық пен есірткі саудасына қарсы күреске, денсаулық сақтау және білім беру қызметтерін жақсартуға, әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге қолдау көрсетуге, қақтығыс­тарды шешу механизмдерін нығайтуға, Ауғанстанның азаматтық қоғамы мен тәуелсіз БАҚ-ты қолдауға жұмсалады.

АҚШ әскерін шығарғанда Ауған­станға әділ әрі берік бейбітшілік пен ауған халқының жарқын болашағы үшін азаматтық және экономикалық көмек көрсетуді қолданамыз.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар саяси реформа жасағаны белгілі. Аталған бастамаларды америкалық саясаткерлер қалай қабылдады?

– Президент Тоқаевтың саяси реформалар күн тәртібін құптаймыз және қолдаймыз. Біз демократиялық реформалар жасалмай егемен мемлекетті нығайтып, тұрақты дамуға қол жеткізу мүм­кін емес деп есептейміз. Сол ре­фор­малардың сәттілігінің кепілі – олар­дың тиімді жүзеге асырылуы. Аза­мат­тық қоғамды, заңның үстемдігін нығай­­ту және елдің экономикалық әлеуе­тін дамытуға көмектесу Прези­дент Тоқаев­тың реформаларының күн тәр­тібінде тұр. Ендеше, бұлар Қазақстан­дағы демократияны дамытуға қолдау көрсетеді.

Қазақстанмен серіктестігіміз адам құқығы және саяси реформалар сияқты мәселелерде бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Өзара қатынас барысында Қазақстан үкіметімен көптеген мәселелер бойынша үнемі пікір алмасып отырдық. Өйткені бұл – стратегиялық кеңейтілген серіктестігіміз аясындағы жұмысымыздың бір парасы.

Мен Қазақстанмен аймақтық және жаһандық мәселелерді ашық түрде тал­қылауға мүмкіндік беретін ашық диа­логтың барын мақтан тұтамын. Екі­жақты қарым-қатынасымыздың арқасында қиын тақырыптарда бір-бірімізбен ашық пікірталас жүргізе аламыз.

Мысал ретінде адам саудасы тақыры­бын атап өтейін. Мемлекеттік департа­мент жыл сайын адам саудасына қатысты есеп шығарады. Онда елдердің, оның ішінде АҚШ-тың адам саудасына қарсы іс-қимылға қаншалықты күш-жігер жұмсағандығы бағаланады. Кейінгі екі жылда Қазақстан екінші деңгейдегі бақы­лау тізіміне енді. Қазір­гі заманғы құлдыққа қарсы күресті жалғас­тыру, саудагерлерді жауапқа тарту және халықтың әлсіз топтарын қорғау үшін негізгі ұсыныстарды орындау және ма­ңызды өзгерістер енгізу үшін Қазақ­стан үкіметімен жұмыс істеуге міндеттіміз.

– АҚШ президенті Джо Байденнің Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан туралы ұстанымы қандай?

– Әрбір жаңа әкімшілікте әрдайым түзетулер мен өзгерістер енгізілетіні белгілі. Бірақ 30 жыл бойы Қазақстанмен қарым-қатынасымыз берік болып келді. Бұл жалғаса бермек. Президент Бай­ден айтқандай, «Біз болашаққа бірге қараймыз». Байден әкімшілігі Орта­лық Азиядағы 2025 жылға дейінгі бағы­ты­мызды баяндайтын АҚШ-тың 2020 жылы жарияланған Орталық Азия стратегиясын мақұлдады. Біз тәуелсіз Орталық Азия мемлекеттерінің әлемдік на­рыққа көбірек шыққанын, халық­ара­лық инвестицияларға ашықтық көрсет­кенін, мықты, демократиялық институттарды, заңның үстемдігін және адам құқықтарын құрметтегенін қалаймыз.

– Келешекте АҚШ Президентінің Қазақстанға келуі мүмкін бе?

– Мен осында тұрған жылдарда, елші ретінде де, сонау 1990 жылдары Алматыдағы елшіліктің қызметкері ретін­дегі кезде де Қазақстанды көбі­рек танып-білгенді ұнататынмын. Сондық­тан әрқашан біздің басшылықтың өзі келіп, сіздің елдің әсемдігі мен энергия­сын өз көзімен көрсе екен деймін. Жа­қын­да АҚШ-тан көптеген жоғары дең­гей­лі қонақтар келді. Олардың ішінде Мем­лекеттік хатшы да, Сауда министрі де бар. Бірақ дәл қазір Ақ үйдің сапарлары мен жоспарларына қатысты ақпарат бере алмаймын.

– Қазақстандықтарға айтар қандай тілегіңіз бар?

– Осы сұхбатты пайдаланып, бар­ша­ңыз­ды мүмкіндігінше коронавирусқа қар­сы вакцина жасатуға шақырамын. Әлемде вакциналар шығарылып жатыр, демек біз пандемияны жеңуге жақын қалдық.

Биыл қарым-қатынасымыздың 30 жыл­дығын бірге тойлап жатырмыз. Бұл бас­тамасы ғана. Мен Америка Құрама Штат­тары мен Қазақстан арасындағы берік байланыстардың одан да көп уа­қыт­қа жалғасуын тілеймін.

– «Egemen Qazaqstan» газеті оқыр­ман­дарына лебізіңізді білдіре кетсеңіз?

– Бір ғасырдан астам уақыт бойы Қазақстанның тәуелсіз бас басылымы «Еgemen Qazaqstan» халыққа ақпа­рат таратып келеді. Әлем коронавирус дағдарысымен кездескен кезеңде жур­налистердің көрген-білгенін еркін баяндауы және адамдардың өз пікірін ашық айтуы өте маңызды. Сондықтан журналистерге өмірлік қызметі, азаматтарға анық ақпарат беруге ұмтылысы үшін алғыс айтамыз.

 Жарты жылдан астам уақыт ішінде «Нью-Йорк Таймс» газетінің талдаулары, шолулары мен мақалалары «Egemen Qazaqstan» беттерінде қазақ тілінде жа­рия­­ланғанына біз де қуаныштымыз.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі Қазақстанның журналистік кәсібилікті арттыруға, елдегі бұқаралық ақпарат құрал­дарының бәсекеге қабілетін артты­руға талпынысын қолдайды. Келешекте де тәуелсіз Қазақстанның бас басылымы АҚШ пен Қазақстан арасындағы 30 жылдық берік ынтымақтастықтың жетістіктерін оқырмандарға жеткізе беретініне сеніміміз мол.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»