Спорт • 06 Маусым, 2021

«Ковбоймен» күш сынасады

427 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақтың қайсар ұлы, аралас жекпе-жектің хас шебері Шавқат Рахмонов 26 маусымда UFC-дегі өзінің екінші кездесуін өткізеді. АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында жалауы желбірейтін айтулы жарыста қандасымыз Бразилияның беткеұстар спортшыларының бірі Мишель Празереспен күш сынасады.   

«Ковбоймен» күш сынасады

Шавқат 1994 жылы Өзбек­станның Сурхандарья облысын­да жарық дүние есігін ашты. 16 жасында ата-анасымен бір­ге Қазақстанға көшіп келіп, Қа­ра­ғанды қаласына қоныстанды. Күнкөріс қамымен жастайынан қара жұмысқа араласқан ол жергілікті базарлардың бірінде жүк тасушы болып та еңбек етті. Сонымен қатар бос уақытын­да спортпен шұғылданып, жекпе-жек өнерінің сан түрін жетік меңгерді. Әуелде әуесқойлар са­­­йы­сында бақ сынап, түрлі жа­рыс­­тарда мол олжаға кенелді. Со­лардың арасындағы Рахмо­нов­тың ең ірі табысы – ММА-дан 2013 жылы әлем чемпионы атануы.

Кәсіпқойлар арасында өзі­нің тұсаукесер кездесуін Шав­қат 2014 жылдың қазан айын­да өткізіп, ресейлік Адам Цу­ров­ты қылқындырып тастады. Сол кезден бері 13 рет айқас алаң­ына шыққан қандасымыз бар­лық бәсекені өз пайдасына шешті. Бір кереметі, сол жек­пе-жектерді ол түгелдей мер­зімінен бұрын аяқтады. Тар­қатып айтсақ, Рахмонов польшалық Бартош Хырек пен Михал Винцек, қыр­ғызстандық Ринат Саякбаев, бразилиялықтар Маркус Ви­нишиус, Марсело Брито және Тиаго Варежао Ласередоны бірінші раундта-ақ тас-талқан етіп жеңді. Өзінің отандасы Әділ Бо­ранбаев, ко­реялық Юн Йон Пак және ре­сейлік Иван Солодовник пен Данила Приказаны екінші ке­зеңде ойсырата ұтты. Тек тәжік­стандық Фаридун Одилов қана біразға дейін шыдады. Бірақ қа­зақ спортшысы оның да осал жерін тапты. Шавқаттың ауыр соқ­қы­ларына шыдай алмаған Фариу­дин үшінші раундтың бел орта­сында өзінің жеңілгенін мойындады.

2019 жылдың 30 мамырын­да Алматыда өткен жарыс­та Шавқат Рахмонов Данила При­­казаны жығып алып, ауыр соқ­қыларын қарша боратты. Ресейлік спортшының қорғануға шамасы келмеді. Оның шарасыз күйін көрген төреші сол мезет­те бәсекені тоқтатуға мәж­бүр болды. Осы жеңістің арқа­сында қазақтың ұлы М-1 Global нұсқасы бойынша алтын белбеуді иеленді. Арада бір ай өтпей жатып ол Тиаго Варежао Ласередомен күш сынасты. Бұл жекпе-жек бірінші раундта аяқ­талды. Қарсыласын есінен тан­дырған жеңісінің нәтижесінде Рахмонов чемпиондық атағын сақтап қалды.

Қарсы келгендердің барлы­ғын қоғадай жапырған жігіт көп ұзамай UFС-дегі майталман мамандардың қырағы назарына ілікті. 2019 жылдың шілде айында Шавқат аралас жекпе-жек әлеміндегі ең белді ұйыммен келісімшартқа отырды. Осылайша, әйгілі промоушенде өнер көрсету мүмкіндігіне ие болған Қазақстанның тұңғыш спортшысы ретінде оның есімі тарихта қалды.

Жер-жаһанды жайлаған коро­навирус індетіне байланыс­ты Шавқат Рахмоновтың UFС-дегі тұсаукесер кездесуі бірнеше мәр­те кейінге шегерілді. Қазақ­стандық жанкүйерлер сол сәт­ті тағатсыздана күтті. Ақыры ол был­тырғы жылдың 24 қазанын­да алғаш рет октагонға шықты. 26 жастағы жерлесіміздің Әбу-Дабидегі қарсыласы Алекс Оли­вейра еді. 33 жастағы Брази­-
­лияның сақа спортшысы сол кезге дейін 30-дан аса жекпе-жек өткізіп, соның басым бөлігін өз пайдасына шешті. Бірақ ол да қазақтың қарулы жігітіне жарытып қарсылық көрсете алмады. Бірінші раундтың аяқталауына 20 секунд қалғанда Рахмонов Оли­вейраны «қылқындыру» әдісі­мен тырп еткізбей ұтты. Темір құр­саудан құтыла алмайтынына анық көзі жеткен бразилиялық көкжалдың жер тоқпақтаудан басқа амалы қалмады.

Әлемдегі ең белді промоу­шен­дегі өзінің екінші кездесуін Шавқат Мишель Празереске қар­сы өткізетінін біз жоғарыда айт­тық. Жасы 40-қа таяп қалған Бра­зилияның Белен қаласының тумасы 2000 жылдан бері осы спорт түрін серік етуде. «Ковбой» де­ген лақап атпен танымал Мишель­дің джиу-джитсудан қара бел­беуі бар. Алғашқы 13 жылда 16 мәрте октагонға шыққан ол барлық бә­секеде басымдық танытты. Сол кездері Празереске UFC-тен ұсы­ныс түсті.

Белді ұйымның туы астында өткен жарыстарда да Празерес өзін жақсы қырынан көрсетті. Осы күнге дейін барлығы 29 мәрте жекпе-жекке шыққан бра­зилиялық 26 рет басымдық танытты. 12 кездесуін мерзімінен бұ­рын аяқтады. Әр жылы ол Фред­рик Самурай, Джесси Ронсон, Майрбек Тайсумов, Гильберт Бернс, Ресмонд Грин, Зак Кам­мингс сынды саңлақтарды сан соқтырды. Спорттық карьерасын­да Оңтүстік Американың оғланы тек үш рет ұпай санымен ұтылды. Мишель өзінің отандасы Паулу Тиагу, америкалық Кевин Ли және аустриялық Исмаил Наур­диевке ғана есе жіберді.  

Естеріңізге сала кетейік, 26 маусымда АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтетін жарыстың бас­ты бәсекесінде аса ауыр сал­мақтағы ресейлік Александр Вол­ков пен франциялық Сирил Гана айқасады. Бойы 2 метрден аса­тын 32 жастағы орыс алыбы күні бүгінге дейін 41 кезде­су өткізіп, 33 рет жеңіс то­йын тойлады. 31 жастағы Сирил Ган­ның бойы 195 сантиметр. Ол кәсіп­қой­лар арасында 2018 жылдан бері өнер көрсетуде. Сол кезден бері сегіз рет октагонға шыққан Фран­цияның өкілі бірде-бір рет жеңілістің кермек дәмін татқан емес.