Қазақстан • 07 Маусым, 2021

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың халықаралық жастар форумында сөйлеген сөзі

481 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Құрметті жас достар!

Баршаңызды «Біз – ел патриотымыз» атты халықаралық жастар фо­ру­мының ашылуымен шын жүректен құт­тық­таймын!

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың  халықаралық жастар форумында сөйлеген сөзі

 

Жастардың бүгінгі алқалы жиынының Мемлекеттік рәміздер күнімен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар деп ой­лаймын. Мемлекеттік рәміздер – еге­мендіктің мәртебелі нышаны болса, жас­тар – елдіктің кемел келешегінің кепілі.

Сонымен бірге Форум бәріміз үшін қастерлі де қасиетті мереке Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында өтіп отыр.

Тәуелсіздік – біз үшін тәу етер жалғыз киеміз! Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ғасырлар бойғы аңсар-арманы, біздің ұлт­тық идеямыз! Сондықтан ел ертеңі жас­тар үшін тәуелсіздіктен асқан асқақ мұрат, асқаралы құндылық болмауы тиіс. Кезінде Тұңғыш Президент – Ел­басы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Жас қазақстандық азаматтар дегеніміз – тек құқық қана емес, бірінші кезекте өзі, өзінің отбасы және біздің Ота­нымыз үшін жауапкершілік екенін есте ұстаулары керек», деген еді. Бүгінде халқымыздың жиырма пайызын 14 пен 29 жас аралығындағы жастар құрайды. Ал балалар мен жасөспірімдерді қоса есептесек, бүгінгі қазақстандықтардың жартысы жастар екенін көреміз. Осы тұрғыдан алғанда, біз – тарихы терең, болашағы жарқын, бойын жастық жалыны шарпыған қуатты ұлтпыз деуге толық негіз бар.

Ендеше, барды бағалап, жоқты саралап, тәубемізден жаңылмай, тәуекелден тайынбай, тәуелсіздіктің тасын өрге бірге сүйрейік, қадірлі жас достар!

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «ХХІ ғасырдағы Қазақстанды биік белестерге Сіздер сияқты білімі озық, ойы ұшқыр жастар бастауы керек» деп жастардың алдына айқын міндет белгілеп берді. Президент «біздің елімізде «жауапты мемлекет, жауапты қоғам, жауапты адам жүйесі берік орнығуы керек» деген ұстанымын ерекше атап өтті. Және де мемлекетіміз бүгінде өз тарапынан әр салада көш бастап, жетістікке жетіп жүрген жастарды елге танытып, оларға қолдау көрсету шараларын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Жоғары интеллект салтанат құрған, ақыл-парасат әлеуеті алдыңғы қатарға шыққан жаңа дәуірде бұл аса маңызды жұмыс.

Бүгінгі таңда елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұлттық жаң­ғыруға ұластыру бойынша нақты шаралар қабылдануда. Бұл жаңғырулар ең әуелі, еліміздің ертеңгі келешегі – жас­тар үшін аса қажет. Сіздер заманның сын-қатерлеріне лайықты жауап бере отырып, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп, оларды уақыт талабына сай орнықтыруларыңыз қажет. Мысалы, зерттеулер көрсетіп отырғандай, бүгінгі жастар даңғаза той-думан мен асыра ысырапшылдықты қаламайды екен. Бұл – игілікті үрдіс. Өйткені ата дініміз де, ұлттық дәстүріміз де, хакім Абай айтқандай, артық мақтаныш, аста-төк ысырапты игі әдептердің қатарына ешқашан жатқызбаған.

Сондықтан жастар жаһанданудың заманауи игіліктерін бойына сіңіре отырып, ұлттық құндылықтарымызды құлдыратпауы тиіс. Жастар үшін Отанның келешегі мен отбасы берекесі бірінші кезекте тұруы қажет. Қазақ ұлты біздің көпұлтты мемлекетімізде жасампаз істердің ұйтқысы болуға міндетті!

 

Қадірменді форумға қатысушылар!

Біріншіден, Форумға шақырғаны үшін ұйымдастыру комитетіне алғыс айтамын, сондай-ақ жиынға қатысып отырған шетелдік жас достарға шын жүректен қош келдіңіздер деймін!

Бүгінде патриоттық тәрбие аза­маттық қоғамның орнықты әрі тұрақты прогреске жету жолындағы дамуының ажырамас бөлігі екені анық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев дәл осы патриотизмнің алғы шебінде жас қазақстандықтар жүруі керек деп сенеді. Ол отандық патриотизмнің нақты және айқын формуласын атап берді. Бұл – халықтың тарихын білу, мемлекетке деген құрмет, өзін-өзі үздіксіз дамыту, адалдық және жұмысқа қабілеттілік.

Әлемдегі ең жақсы үкімет, ең жақсы парламент өздігінен жұмыс істейді десек, бұл өзімізді алдау болар еді. Олар бар мәселеге шешім боларлық әмбебап «ес жасайды» деп күту де қате.

Бостандық пен демократия – әрбір адам атсалысатын дүние. Бұдан бәрімізге жүктелген жауапкершілік туындайды.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ, жастардың саяси санасының өсуін мемлекеттің қажетті және қуатты әлеуеті, экономикалық және қоғамдық-саяси процестерге баламалы, прогрессивті көзқарастың бастауы ретінде қарастыра отырып, елдің технологиялық және рухани жаңғыруындағы жастардың негізгі рөлін атап көрсетті. Мұның өзекті екенін бүгінгідей өткенді бұрмалау, болашақты мистификациялау, саяси, рухани-адам­гершілік және технологиялық сала­лар­дағы қарама-қайшылықтарға куә бола отырып түсінеміз.

Бүгінде елімізде түрлі салада жастарды қолдау және ынталандыру жөніндегі мемлекеттік жобалар табысты іске асырылуда. Мысалы, Тұңғыш Президент – Елбасы бастамашылық еткен «Болашақ» халықаралық білім беру стипендиясы, Президенттік жастар кадрлық резерві, жастарды жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту бағдарламалары және басқа да көптеген жоба бар. Сая­си ұйым­дардың партиялық сайлау тізім­дерінде әйелдер мен 29 жасқа дейінгі жас­тар үшін міндетті 30 пайыздық квотаны енгізу ерекше назар аударуға тұрарлық.

Өздеріңіз білесіздер, мемлекет көп­теген жыл бойы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын беріп келеді. Бұған қоса, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл талантты жастарға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты тағайындалды.

Мемлекет бұдан әрі де жастардың өзін-өзі табысты жүзеге асыруы және өз елінің, халқының мүдделерін қорғайтын жаңа көшбасшыларды тәрбиелеу үшін жағдай жасайды деп сендіруге дайынмын.

Қымбатты достар!

Сіздер – тәуелсіздік ұрпақтарысыздар! Сіздер көптеген ұрпақ арман еткен тәуел­сіздігімізбен тел өстіңіздер. Енді сіздер жасампаздық эстафетасын қабылдап, ХХІ ғасырда Қазақстанның гүлденуі мен өзге жұрттың мойындауын қамтамасыз ететін қозғаушы күшке айналуға тиіссіздер.

Бүгінгі таңда өз білімдеріңіз бен кәсіби шеберліктеріңізді пайдалана оты­рып, Қазақстанды қазіргі әлемдегі қуат­ты және бәсекеге қабілетті ел етуге күш­теріңіз жетеді.

Өзімізді де, өзгелерді де таңдай қақ­ты­ратын азаматтарға айналуларыңызға тілек­шімін!

 

Құрметті жастар!

Елімізді жарқын болашаққа жетелеу бүгін жасайтын таңдауларыңызға байланысты екенін ұмытпаңыздар. Мәңгілік ел болу, оның тәуелсіздігін сақтау – көзі ашық, көкірегі ояу білімді ұрпақтың ғана қолында. Мемлекет тарапынан бұл үшін барлық мүмкіндік жасалуда.

Қазақ елінің жарқын болашағы үшін жастарымыз терең ақылмен, қажыр-қай­ратпен тынбай еңбектенуі қажет. Бұл ретте сапалы білімді саналы тәрбиеге не­гіздеу – өте маңызды. Отанымыздың кемел келешегі жастарымыздың рухани мұра­­мызды игеріп, төл тарихымызбен мақ­­тануына, өз ұлтын шексіз сүйіп, өзге ұлт­­тарды құрметтеуіне тікелей байланысты.

Бүгінгі Форум жастардың ұлттық жаңғыру жолындағы ұлы мұраттарға жол бастауына ерекше серпін берсін деп тілек айтамын!

Осы сәтте қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың мына бір жолдары еске түседі:

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты –

Қырандай күшті қанатты,

Мен жастарға сенемін!

Қажу бар ма тұлпарға,

Талу бар ма сұңқарға.

Иман күшті оларда,

Мен жастарға сенемін!

Әрдайым әлемдік бәсекенің алдында болыңыздар!

Іске сәт, жас достар!