Пікір • 07 Маусым, 2021

Сахна тілінің мәдениеті

1048 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Театр өне­рі қоғам жанын меңдеген дерт пен шерді қатар қозғап, көпшілікке терең ой салатын, адамзат баласының бәрі­не ортақ рухани құндылық десек, әрбір қойы­лымның түпкі идеясында белгілі бір халықтың, ұлттың мұрат-мүддесін көздеу, әдет-әдебі мен мәдениетін насихаттау басым тұратыны – заңды құбылыс. Алайда соңғы уақытта тек сезім мен лып етпе жар­қылға еліктеп-солықтап, дәстүрлі үлгі­ден іргесін аулақ салғандар тарапынан ел театрлары басына төнген қауіп туралы жұртшылықтың ашынғаннан ащы да­уысы шығып кетіп жататыны – тағы шын­дық. 

Сахна тілінің мәдениеті

Жақында Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында сахналанған тың туындының премьерасы туралы әлеуметтік желіде зиялы қауым тарапынан көптеген сын-пікір алға тартылды. «...Ұлттық рух, намыс, өткенге құрмет қайда?», « Ұят-аяттан жұрдай қойылым кімнің рұқсатымен сахнаға жіберілді?», «Мұндай жат дүниені тоқтататын ешкім жоқ па?», «Мен мұндай ессіз көріністі бұрын-соңды көрген емеспін», «Аяғына дейін көріп отыруға шыдамым таусылып кетті», «Қазақ театрына мұндай жаңалықтың қажеті жоқ...» деген сыңайдағы пікірлер жазылды. Спектакльдегі анайы көріністерді айтпағанда, кейіпкерлердің орысша араластырып сөйлеуі қазақ сахна өнерінің қағажу тартып, қамығар халге душар болуы дегеннен басқа түк те емес. Ұлттың өзін өзі жатсына бастауының мұнан асқан сорақы мысалы табылмайды. Бұл күйімізбен құлдық психологиядан, отаршылдық санадан жақын арада арыла қоюымыз екіталай. Киноиндустриясы дамыған өркениетті елдердің рухани экспансиясы салдарынан қазақ кинематографистерінің кей фильмдерін бір қарағаннан кейін қайталап көруге көңіліңіз соқпай қалып жататыны сияқты, тілі мен қалыбынан ажырап, ұлттық тамырдан алшақтаған сахналық қойылым да көрерменнің көңілін солай суытып жіберуі оп-оңай. Қазіргі қазақ театрларындағы проб­ле­маның бірі осы. Кейінгі жас режис­сер­лердің бәрі деуден аулақпыз, бірақ біразы – дүниеге орыс, батыс режиссурасы терезесіне телміріп қалып­тасқандар. Әрине, оларды сауатсыз деуге келмес. Өйткені жан-жақты білімді, талғам-талабы биік, өзінің кәсібіне адал, әлем әдебиетінің арғы-бергі классиктерін жатқа соғуы мүмкін. Бірақ айыбы – ұлттық дүниетанымы таяз, қазақшаға шорқақ, ана тілін менсінбейді. Шерхан Мұртаза ағамызша айтсақ, бір кем дүние. Мейлі ғой, енді осылар өз тілін сүймейтін, өз ұлты үшін күймейтін орыс, жапон, неміс режиссері жоқ екенін біле ме екен?!

Қазақтың менталитетіне, әдет-әдебіне қабыс­пайтын жат көріністер мен өзге тілде шүлдірлеу өркениетке ұмтылудың белгісі емес. Жалпы, адамзат өркениеті дегеніміз мүлде басқаша ұғымды білдіреді. Ол өзіңе дейінгі өмір сүріп келген құндылықтарды, ғасырлар бойы жалғасқан ата-баба дәстүрін біржола құрдымға жіберіп, орнына жаңаша бірдеңе ойлап тап демейді. Құртуға, құлатуға құлаш сермемейді. Әшірбек Сығай айтпақшы, «...абзалында алқымнан алмай, тамырға біртіндеп тарайтын қан секілді нәрсе ғой». Бұл ескіге тас кенеше жабысып, өнер атаулы «баяғы жартас, сол жартас» қалпында қала берсін, жастар ізденбесін, жаңалыққа ұмтыл­ма­сын дегендік те емес, әрине. Өзің өмір сүрген дәуірге, қоғамға өзіндік үн-пікіріңді білдіре алмасаң, онда адам не үшін өмір сү­ре­ді?! Ізденіс те, жаңашылдық та ауадай қажет. Бірақ шығарманы, идеяны қазақтың дүние­танымымен біте қайнастыра отырып тудыру маңызды. Сонда қарапайым қалың қазақ құп көріп, құшағын жая қарсы алады. Бас­қа­ның көшірмесін қайталап, болмаса тіліне жұтылу арқылы сахнаға сананы тәуелді ете алмайсыз. Ұлттық болмыстың үстіне бөгденің бөзін әкеліп кигізіп қойғаннан оны ешкім қазақ деп қабылдамайды. Қазақ аудиториясының болмыс-бітімін, мінез-құлқын Ресейден, Америкадан, Қытайдан іздеудің қажеті жоқ. Ата-бабаларымыздың сан ғасыр бұрынғы өсиет, қағидалары тұр­ғанда, айдаладағы батыстың, басқаның ой­шылдарының қанатты сөздерінен қазақ бол­мысының қыр-сырын іздеу ақылға сыя­­­тын нәрсе ме? Сондықтан қойылымдарды бөтен тілмен шұбарламай, театр өнері өзінің дәстүрлі түзу жолын сақтап қалуы үшін әрбір спектакль алдымен, білікті мамандардан тұратын көркемдік кеңестің талқысынан өтсе деген тілек бар. Тілі шұбарланған, шалажансар қойылымдарға тосқауыл қойылсын деудегі мақсатымыз, бұл келеңсіздікпен қазір күреспесек, бармақ тістеп қалуымыз әбден мүмкін. Өйткені театр – тәрбие ошағы емес пе?!