Әдебиет • 07 Маусым, 2021

Алтын Орда әдебиеті

3747 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Алтын Ордадан  мирас болып біздің заманымызға дейін ханның жарлықтары, қазы-мүфтилердің пәтуалары, кеңсе құжаттарымен бірге көркем туындылар да жеткен. Бабалардан мұраға қалған сол әдеби жәдігерлерді зерттеп-зерделеу – Жошы ұлысының бүгінгі мұрагерлерінің негізгі міндеттерінің бірі дер едік.

Алтын Орда әдебиеті

Ортағасырлық шығыс мұсылман халық­тарының әдебиет тарихына назар аударғанымызда кейбір классикалық туындылардың дүниеге келуінде сол заман­дағы хандар мен ел билеушілерінің тікелей ұсыныстары мен материалдық қолдауы жатқанын көреміз. Тарихта шығармасын белгілі бір тұлғаға арнап, жан баққан қалам иелері де аз болмаған. Ортағасырларда өз заманының сөз зер­герін қадірлеп, бір шығарма жазып беруді сұраған ел билеушілер де жиі кездеседі. Ақынының қасынан табылған ханның тарихта беделі де үстем болған. Әдетте, әлем­ді жаулаған билеушілердің тарихи тұлғасына қарағанда, әдеби бейнесі бұқараның жадында ұзақ сақталатыны белгілі. Бұған Әбілқасым Фирдауси мен Сұлтан Махмұт, шираздық Хафиз бен Әмір Темір, Бұқар жырау мен Абылай хан арасындағы сұхбаттардың ел арасына аңыз-әңгіме түрінде тарағаны мысал.

Сол секілді Алтын Орда тұсындағы кейбір жәдігер сол заман билеушілерінің тікелей қолдауымен жазылған. Мысалы, 1310 жылы жазылған Рабғұзидың «Пай­ғам­барлар қиссасы» жергілікті бей Наси­раддин Тоқбұға бекке арналса, Құтб «Хұсрау-Шырын» дастанын 1341-1342 жылдары ел билеген Тыныбек пен оның жұбайы Мәликә ханымға сыйлаған. Сондай-ақ нама жанрының көшбасында тұрған Харазмидің «Мұхаббатнамасы» 1353 жылы қоңырат руының көсемі Мұхам­мед Қожабектің құрметіне жазыл­ған. Аталған бұл шығармалардың «Тәлиф-е сәбәб» яғни туындының жа­зы­лу себебі ашып көрсетілетін тұста осы ел билеушілеріне жыр арналып, ма­дақ­тар айтылған. Осыдан-ақ, Алтын Ор­да тұсында ел билеушілері тарапынан сөз өнеріне, оларды жаратушы сөз зер­герлеріне деген құрметтің артқанын көреміз. 

Алтын Орда әдебиетінің дамуын Мысырдағы мәмлүк-қыпшақтар жазба мұрасынан бөліп қарастыру мүмкін емес. Еуразия кеңістігіндегі Жошы ұлысы мен Солтүстік Африкадағы Мысыр би­леушілерін генетикалық жағынан туыс­тық һәм ортақ мәдениет біріктіретін. Содан Ислам өркениетінің аясына ұйыс­қан қыпшақтардың әдеби кеңістігі де бір еді. Әсіресе түркілік рух пен исла­ми құндылықтарда басты мүдделер то­ғысатын. Ең негізгісі – екі елдің де бір имани сенімде болуы дер едік. Жалпы, сая­си-дипломатиялық қарым-қатынаста генетикалық туыстыққа қарағанда, имани сенімге негізделген мәдениеттің салмағы басым түсетіні белгілі. Мұны Жошы ұрпақтарының бір аталас Хулагу ұлысына қарағанда, алыстағы Мысыр билеушілерімен тығыз қарым-қатынас орнатуынан-ақ байқауға болады.

Алтын Орда мен Мысыр арасын­да саяси-дипломатиялық қарым-қаты­настардың жоғары деңгейде дамығаны тарихтан белгілі. Аббасидтер билігі Ху­лагу тарапынан құлатылғаннан кейін мәмлүктер билігіндегі Мысыр елі сол кездегі ислам әлемінің негізгі ор­талығына айналды. Әрі сарай билеу­шілерінің Ис­ламды қабылдауында да мәмлүк-қып­шақтарының ықпалы зор болды. Екі ел мәдениетінің барын­ша жақындай түсуіне сол заманда өмір сүрген қалам иелері де қатты әсер етті. Сарайдан Каирге қоныс аудару­шы­­лардың қатарында Құтб, Сәйф Сараи секілді ақындар болды. Олардың шығармаларының идеясы Алтын Ор­дада туғанымен де, туынды ретінде Мысырда жемісін берді. Сондықтан да ғалымдар Жошы ұлысы мен Мысырдағы түркі әдеби жәдігерлерін ХІІІ-ХVІ ғасырлардағы Қыпшақ әдебиеті немесе Алтын Орда – Қыпшақ дәуіріндегі шығармалар деп, жалпылама атаумен қарастырады. Себебі сол кездегі жазба жәдігерлер Жошы ұлысындағы дала қыпшақтары мен Мысырдағы мәмлүк-қыпшақтары тарапынан жаратылған еді.

Шыңғыс хан жорығының адамзат өркениетіне, соның ішінде ислам әлеміне тигізген әсері туралы, көбіне бір жақты ғана пікір айтылатыны белгілі. Десек те, осы жорықтан кейін ислам өр­кениеті түркілердің қолына өтті һәм түркі әдеби тілі дами бастады. Бағдат халифатын Хулагу барып құлатқаннан кейін, ислам әлемінің орталығы қыпшақтар билігіндегі Мысырға ауысса, Дешті Қыпшақта Жошы ұлысы негізіндегі Алтын Орда мемлекеті бой көтерді. Осы екі елдің де мемлекеттік тілі – қыпшақ тілі болды. Көркем туындылар да сол тілде дүниеге келді. Сырт қарағанда «Қиссәсул-әнбия», «Жұмжұма», «Нәһжул-фәрадис», «Мұғинул-мүрид» болып, жәдігерлердің атауы арабша не парсыша аталғанымен де, шығарма бүтін­дей түркі әдеби тілінде жазылды.

Алтын Орда дәуірі әдебиеті – екі арнадан нәр алды: көне түркі һәм шығыс мұсыл­ман әдебиеті. Қарахандықтар би­лігі тұсында өмір сүрген Махмұт Қаш­қари, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Жүйнеки, Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани секілді ақындардың көркем ойларын Жо­шы ұлысында өмір сүрген түркі ақын­дары одан әрі дамытты. Сондай-ақ олар Сағди, Фердауси, Ғазали, Аттар, Руми, Низамилер секілді парсы әдебиеті өкіл­дерінің шығармаларымен де таныс болды. Кейбірінің туындыларын түркі әдеби тіліне тәржімалады. Тіпті Шейх Сағдидың шығармалары сарайда кеңінен танымал болғаны соншалық, оның жыр шумақтары Алтын Орда астанасының кейбір ғимараттарының қабырғаларына  жазылды.

Адамзат өркениеті ошақтарының біріне айналған сарайда ғалым-ғұлама­лармен бірге көптеген ақындар да өмір сүрді. Мысалы, Сәйф Сараидың «Гүліс­тан бит-түрки» атты туындысында сол заманда өмір сүрген Мәулә Қази Мух­син, Мәуләнә Исхақ, Мәуләнә Хожа Мәу­ләуи, Абдулмәзид, Ахмет Хожа Сараи, Тұғлы Хожа, Харазми және Хасанұлы деген түркі ақындарының жыр жолдарынан үзінділер берілген. Нәзира дәстүрі кеңінен қанат жайған заманда Сараи осы шайырлардың ға­зал­дарына өлең сөзбен жауап қатқан. Өкі­нішке қарай, жоғарыда аттары аталатын түркі ақындарының басқа қандай шығармалар жазғандығы туралы дерек сақ­талмаған. Сондай-ақ араб тарихшысы Ибн Тагрибарди қыпшақтардың ара­сынан да мықты ақындардың шық­қандығын, Дамаскінің әмірі Әлә әд-Дин ибн Абдолланың қасында Әт-Тан­баға әл-Жәуәли деген ақынның өмір сүргендігін мысал ретінде алға тартқан.  Әт-Танбағаның өлеңдеріне таңданған Ибн Тагрибарди: «Ол – түркінің атақты ақын­дарының бірі. Мен оның тайпасынан онымен тең келетін ақынды көрген жоқпын», деп жазған. Өкінішке қарай, өз шығармаларын түркі әдеби тілінде жазған Танбағаның аты-жөні деректерде кездескенімен де, оның шығармалары біздің заманымызға дейін жетпеген. Осы секілді замана тезіне шыдай алмастан аттары мен шығармалары да ұмы­тылған, тек тәзкираларда (агио­­графия­лық шығармаларда) ғана тахал­лус­тары (әдеби есімдері) кездесетін қалам иелері де жетерлік.

Алтын Орда әдебиетін арнайы зер­делеген А.Қыраубаева сол дәуір әде­би жәдігерлерін аударма-нәзиралық және тыңтума шығармалар деп екіге бөліп қарастырған. Расында да, Құтб, Сәйф Сараи, Насируддин Рабғұзи, Мах­мұт Кердері, Хусам Кәтіп көтерген тақы­рып­тар ортағасырда кеңінен жырланып еді. Құтб пен Сараидың шығармалары парсы ақындары Муслихиддин Сағди мен Низами Гәнжәуидің туындылары негізінде дүниеге келген. Сол дәуір­дегі мәдени тоғыстар нә­тижесінде жа­зыл­ған нәзира дәстүрімен Алтын Орда ақындары да қалам тербеген. Соның нәтижесінде «Гүлістан бит-түрки» («Түркі тіліндегі Гүлістан») мен «Хұсрау-Шырын» жәдігерлері дүниеге келген. Бұл да болса, сол дәуірдегі түр­кі-парсы әдеби байланыстарының же­місі болса керек. Ал Бұрһануддин Раб­ғұзи, Мах­мұт Кердери және Хұсам Кәтіп­тердің қаламынан туған жәдігерлер белгілі бір ақын не жазушының туындысы негізінде дүниеге келмеген. Олардың көтерген тақырыптары да сол дәуірде араб, парсы һәм түркі әдебиетінде кеңі­нен жырланып еді. Сондықтан да, Раб­ғұзи, Кердеридің туындыларын Ислам өркениетінің ортақ құндылығы деп қарастырған жөн.

Алтын Орда әдеби жәдігерлерін қа­растырған Н.Рахмонов осы дәуірде агио­график шығармалардың көптеп жазылып, нама жанрының қалыптасқандығына және аудармашылықтың ерекше дамы­ғандығына назар аударған. Ғалым агио­график шығармалар қатарына Бұр­­һануддин Рабғұзидың «Рабғұзи қиссасы», Махмұт Кердерінің «Жұмақ­тардың ашық жолы» және Хұсам Кәтіптің «Жұмжұма» дас­тандарын жатқызған. ХІV ғасырда өмір сүрген Ха­размидің «Махаббатнамасын» нама жанрының бастауы ретінде талдаған. Ал Жошы ұлысында жазылған «Хұсрау-Шырын», «Гүлістан бит-түрки» туындылары аудармашылық, яғни нәзира дәстүрі аясында дүниеге келгендігіне назар аударған.

Алтын Орда билеушілері Берке (1257-1266 жж.), Өзбек (1312-1342 жж.) хан­­дардың Исламды қабылдауымен осы діннің асыл қасиеттері қоғамда кеңінен насихатталды. Мешіт, медреселер бой көтерді. Сонымен бірге дінді көркем сөз­бен үгіттеген сөз зергерлері діннің асыл қасиеттерін, пайғамбарлардың өне­­­гелі өмірін, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өсиет­­терін насихаттап шығармалар жа­за бастады. Соның нәтижесінде діни-дидактикалық, діни-сопылық һәм діни-танымдық мазмұндағы еңбектер дү­ниеге келді. Пайғамбарлардың өмір тарихын жүйелі түрде бастан-аяқ баяндап шыққан Насируддин Бұрһануддин Рабғұзи болатын. Ол Адам атадан Мұ­хаммед пайғамбарға дейінгі жиырма бес пайғамбардың өнегелі өмірін өз шығармасына арқау етті. Бұл жәдігердің тақырыбы, идеялық бағыты негізінен діни сипатта болғанымен де, шығармада автор тарапынан қосылған түркілік аңыз-әпсаналар, хикаялар да ұшырасады. Сон­дықтан да бұл қиссада қасаң діни көз­қарастың қалыбы көтере бермейтін миф­тік желілер де жиі бой көрсетеді. Халық прозасының мұндай үлгілері негі­зінен жан-жануарларға (қарлығаш, қарға, ит және т.б.) қатысты хикаяларда орын алған.

Пайғамбардың өсиеттерін түркі әде­би тілінде алғаш рет баяндаған Мах­мұт Кердері болатын. Оның 1358 жы­лы жазылған «Нәһжул-фәрадис» яғни «Жұмақтардың ашық жолы» атты туын­­дысында Мұхаммед пайғамбардың қырық хадисі кеңінен талданған. Бұл дәстүр Шығыс мұсылман әдебиетінде арбағин (арбаға – қырық дегенді біл­діреді – Т.Қ.) жанры аясында қарас­тырылатыны белгілі. Араб, парсы шайыр­ларын айтпағанның өзінде, Имәмәддин Нәсими, Әлішер Науаи және Мұхаммед Физули секілді түркі ақын­дары да осы жанрда қалам тербеген. Алайда олар пайғамбардың қырық өсиетін өлең сөзбен өрнектесе, Алтын Орда тұсында өмір сүрген Кер­дері оны қарасөзбен жазып шыққан. Автор пайғамбардың қырық хадисін талдағанда, ғалым-ғұламалар мен әулие­лер­дің сөздерімен байланыстыра отырып, түпкі мәніне үңілуге тырысқан. Яғни ақын өлеңдерінде пайғамбар өсиетінің сыртқы қалыбы айтылатын болса, Кердері пайғамбардың әр хади­­сінің астарына үңіліп, оны толық түсін­діруге күш жұмсаған.

Алтын Орда билігі тұсында жазылған шығармалардың бірі – «Мұғинул-мүрид» («Шәкіртке көмекші»). Имам Ағзам Әбу Ханифа фиқһы аясында жазылған бұл шығармада ислам, иман һәм ихсан мәселелері өлең сөзбен өрнектелген. Ха­лиқ пен махлұқты (Жаратушы мен жаратылыс­ты) махаббатпен тану жағына назар аударылып, пенденің рухани кемелдену жолдары  насихатталған. Бұл жәдігерден Жошы ұлысында Имам Ма­туриди сенімі мен Имам Ағзам мәз­һабы дәстүрлі діннің негізгі тірегіне ай­налып, ихсан мәселелеріне, яғни ке­мел­дік ұстындарына да ерекше көңіл бөлінгендігін аңғарамыз.

«Инсани кәміл» яғни «Толық адам» тұжырымдамасы кеңінен жырланған жәді­гердің бірі – «Гүлістан бит-түрки». 1391 жылы Сәйф Сараи тарапынан жазылған бұл жәдігерде қоғамдық әдеп пен жеке тұлғаның рухани тазалығы кеңінен жыр­ланған. Ал оның «Сухайыл мен Гүл­дүрсін» атты тағы бір туындысы ғашықтық тақырыбына құрылған. Өмі­рінің соңына таман, яғни 1394 жылы жазыл­ған бұл дастанның кейіпкерлері – ақын қиялының жемісі емес, қайта өмір­де шын болған жандар. Әмір Темір мен Тоқтамыстың арасындағы саяси текетірес заманында өмір сүрген екі ға­шықтың өмірі суреттелген. Сонымен бірге Сараидың әдебиетті – гүлшан баққа, ал ақындарды қабілетіне қарай сол бақта жүр­ген бұлбұл мен қарғаға теңейтін тұс­тарына қарап, оның әдебиет сыншысы болғанын да аңғару қиын емес.

Алтын Орда билігі тұсында ғашықтық тақырыбына барған ақындардың бірі – Құтб болатын. 1342 жылы жазылған бұл туындысын ақын Алтын Орда ханы Ты­ныбек (1341-1342 жж.) пен оның жұбайы Мәликә ханымға арнаған. Жошы ұлысын отыз жылға жуық билеген Өзбек ханнан (1312-1341 жж.) кейін таққа отырған Ты­ныбек хан бір-екі жыл ғана (1341-1342) Сығанақта тақта отырғаны белгілі. Десек те оның әдебиетке, сөз өнеріне деген жанашырлығы Алтын Орда әдебиетінің асыл жауһары – «Хұсрау-Шырын» дас­танында «Ханымыз Тыныбек шаһи жәуан бәхт, Кім уш әндін құуанұр таж һәм тәхт» («Бақытты ханымыз Тыныбек, Тәж бен тақ онымен қуанады») деп, ма­дақ айтылуына себеп болды. 

Құтбтың бұл туындысы Алтын Ор­дада, анығы Сығанақ төңірегінде дү­ниеге келгенімен де, бұл дастанға жа­рық өмір сыйлаған Мысыр елі болды. Мәмлүк-қыпшақтар билігінде өмір сүр­ген Берке Фақиһ Қыпшақи деген құс­нихатшы, Құтб ақын (1297-1342 жж.) дүние салғаннан кейін жарты ғасыр өт­пестен, яғни 1383-1384 жылдары осы шы­ғарманы қайта көшіріп шыққан. Берке Фақиһтың осы көшірмесі біздің за­манымызға дейін жетіп, сүбелі зерттеулерге жол ашып отыр.

Мысырда өмір сүрген Берке Фақиһ белгілі кәтіп (көшіруші) болуымен қатар, фақиһ яғни шариғат ілімінің білгірі һәм шебер аудармашы да болған. Кейінгі зерт­теулерде Алтын Орда – Қыпшақ дәуі­рінің жазба мұрасы қатарында қарас­тырылып жүрген «Иршәдул-мулук уәс-сәлатин» («Патшалар мен сұлтандарға нұс­қаулық») деген іргелі еңбекті де тәр­жімалаған. 1387 жылы жазылған бұл еңбекте кәтіптің аты-жөні Берке ибн Бәрәқуз ибн Қандуд ибн Огу деп толық берілген. Ханафи мәзһабының шариғат шарттары кеңінен қамтылған бұл еңбек сол заманда араб тілін білмейтін ел билеушілеріне арналған. Расында да, араб тарихшысы Әмин әл-Холи өз зерт­теулерінде атап көрсеткеніндей, Мысырды басқарған кейбір мәмлүктер араб тілін жетік білмейтін. Сондықтан да Ислам дінін қабылдап жатқан Жошы ұлысы үшін діни шығармалар мен еңбек­терге қажеттілік зор еді. Осы жағын ес­кер­ген Берке Фақиһ араб тіліндегі фиқ­һтық еңбекті толық тәржімалап шыққан деуге толық негіз бар.

Жалпы, Алтын Орданың исламдануында Мысырды билеген мәмлүк-қыпшақтарының ықпалы күшті болды десек, алдында ғана шиғалық бағытқа бүйрегі бұрып тұрған Фатимидтер (909-1171 жж.) әулетінің орнына билік­ке келген мәмлүк-қыпшақтарының Әбу Ха­нифа мәзхабын берік ұстануына Берке Фақиһтай түркі ұландарының еңбегі зор дер едік. Соның нәтижесінде Солтүстік Африкада Имам Ағзам мәзһабы үстемдік құрды һәм Алтын Орда жұртының осы фиқһтық мектеппен жүруіне көп септігі тиді.

Дәстүрлі діннің негізгі ұстындары Алтын Орда тұсында қалыптасқанын ес­керсек, онда сол заманда түркі әде­би тілінде жазылған «Сиражул-қулуб» («Жүректердің шырағы») атты шығарманы зерттеп-зерделеудің маңызы арта түспек. Сауал-жауап түрінде жазыл­ған бұл жә­дігерде исламның негізгі ұстындары мен иман шарттары түркілік ұғымға жа­қын түсінікте жазылған. Жалпы, дінді қырық сұрақтың аясында таратып беру үрдісі мұсылман түркілерінің арасына кеңінен тараған. Мұны ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Қазан, Ыстанбұл, Ташкент қалаларында осындай атпен жарық көрген литографиялардан да аңғаруға болады.

Қазақ арасына тараған діни қисса-дастандар мен хикаялардың кейбірі Алтын Ордадан желі тартатыны белгілі. 1369-1370 жж. жазылған «Жұмжұма» («Бас сүйек») дастанында бұ дүниенің өткіншілігі һәм ақиреттің ақиқаттығы жырланған. Түркі ақыны Хұсам Кәтіп тарапынан жаратылған бұл туындының ел арасына кеңінен тарағаны соншалық, бұл шығарманың Алтын Орда дәуірінде «Қу бас» деген екінші нұсқасы да пайда болған. Бертін келе Дешті Қыпшақтан бастап, Кіші Азияға дейінгі түркілер арасына кеңінен тараған бұл жәдігердің авторы бірде анадолылық Әлі Кердечі деп берілсе, кейбір қолжазбаларда Шәмс Тебризи, Шәмс Тарази деген атпен де кездеседі. Сондай-ақ қазақтың кейбір кітаби ақындары осы сюжет аясында қалам тартқанын ескерсек, онда бұл жәдігердің жағрафиялық таралу аймағының кеңдігін болжай беруге болады. Басында қолжазба күйінде тараған бұл жәдігер ХХ ғасырдың басында тасбаспа қалпында жүздеген данамен жарық көргенін де ескерген жөн.

Ғашықтың өз сүйіктісіне жолданған назды хаттарының жиынтығынан тұратын Харазмидің «Махаббатнамасы» да осы дәуірде дүниеге келді. 1353 жылы Сыр бойында жазылған бұл дастан намалық жанрдың түркі әдеби тілінде түлеуіне қатты әсер етті. Бертін келе осы жәдігердің аясында «Дәһнама», «Ташұқнама» секілді бірнеше шығарма жазылды. Ғашық-машұқ әлемінің сырлы сұхбаттарын өлең сөзбен өрнектеген түркі ақындары кемелдік ұс­тындарын да осы шығармалары арқылы ке­ңінен насихаттаған. Сондықтан да, Абай ұғымындағы «Толық адам» идеясының негізі сол дәуірдің әдеби жәдігерлерінде жатыр десек те болады. 

 Алтын Орда тұсында жазылған шығар­малар мазмұндарының тереңдігімен, тақырыптарының әр алуандығымен ерек­шеленеді. Сол дәуірдегі әдебиетке зер сала қарағанда, шығармалардың идея-эсте­тикалық құндылығы мен поэтикалық дәре­жесі жағынан өз дәуірінің алдыңғы қатарлы жазба мұраларынан саналғанына көз жеткіземіз Осы кезде әдебиет мазмұн жағынан байып, жанр жағынан түрленді. Мысалы, Сырдың сағасында жазылған бір ғана Харазмидің «Мұхаббатнамасынан» (1353 ж.) ғазал, мәснәуи, қытға, рубаи секілді өлең формаларын кездестірсек, 1310 жылы хатқа түскен Бұрһануддин Раб­­ғұзидың «Пайғамбарлар тарихы» сол за­манда кеңінен тараған қисса, насихат, хикая, хикмет, хабар сияқты бірнеше жанр­лармен жазылғандығына назар ауда­руға болады. Осының өзі-ақ Алтын Орда әде­биетінің ауқымдылығын аңғартса керек.

Соңғы жылдары сол дәуірдің әдеби жәдігерлерін түпнұсқадан аударып, ғылыми айналымға түсіру, сол арқылы жаңа ғылыми тұжырымдарға жол ашу үрдісі қалыптасып келеді. Түркі әдеби тілімен араб графикасында жазылған мұраларды асыл нұсқадан тәржімалауда қазақ ғалымдары біраз жетістіктерге қол жеткізіп келе жатқанын да ерекше атап өткен жөн. Солардың қатарында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұжымын айта кеткен орынды. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген 20 томдық «Әдеби жәдігерлер» сериясының негізгі томдарын Жошы ұлысының кейбір жазба ескерткіштері құраса, мемлекеттік тапсырыс аясында жарық көрген «Ұлы дала жауһарларының» үшінші томы «Алтын Орда дәуіріндегі әдеби жәдігерлер (Діни-дидактикалық шығармалар)» деген атпен 2020 жылы жарық көрді. Сондай-ақ осы салада басқа да түркі халықтары ғалымдарының еңбектері баршылық. Өткен ғасырда көбінесе тілдік жағынан ғана қарастырылған сол дәуірдің жазба мұрасы бүгінде әдебиеттанушылардың да назарына ілігіп, шығармалардың бас­ты идеясы, ішкі мазмұны, жанры, көркемдік ерекшелігі жан-жақты зерттелу үстінде. Мұның өзі Алтын Орда билігі тұсын­да жазылған әдеби жәдігерлерді ұлт­тық дүниетаным тұрғысынан зерттеп-зерде­леудің қажеттілігі артып келе жат­қанынан хабар берсе керек.  

 

Төрәлі ҚЫДЫР,  

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты