1 жұмыс орны = 5-6 жұмысшы
Қазақстан үшін машина жасау – индустрияландырудың негізгі діңгегі. Өйткені экономиканың өзге бағыттары дәл осы салаға тәуелді. Машина жасау агроөнеркәсіп, энергетика, металлургия, көлік секілді іргелі секторлардың жұмысын жандандырып отыр. Тәуелсіздіктің отыз жылында отандық машина жасаушылар шығаратын өнімдердің тізбегі де кеңейді, көбейді. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстандағы машина жасау кешені тарихи тұрғыдан алғанда өте қысқа мерзім ішінде құрылған. Мәселен, Қазақстан машина жасаушылар одағының мәліметінше, бүгінде еліміздің өңдеу өнеркәсібіндегі бұл саланың үлесі 14 пайызды, ал жалпы өнеркәсіптегі үлесі 7 пайызды құрап отыр.
Әсіресе машина жасау саласы индустрияландыру бағдарламасы қабылданғаннан кейін ерекше қарқын алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған бағдарламаның бірінші бесжылдығы дағдарысқа қарсы жұмыс істегенін білеміз. Сондықтан ол экономиканың барлық саласын қамтыды.
Бұл қатарда машина жасау да бар. Әуелгі мақсат секторларды дамыту болғанымен, сол кезеңде жинақталған қуатты жоғалтпаудың өзі үлкен олжа еді. Солай болды да. Сондай-ақ елдің өнеркәсібін бірыңғай желіге қосу міндеті тұрды. Бұл үшін қажетті көлік, энергетика және өнеркәсіп инфрақұрылымы жасалды. Машина жасау саласы да осы бағыттағы маңызды қадамдардың біріне айналды.
Индустрияландырудың екінші бесжылдығында машина жасау саласының бағыттарын барынша қолдауға басымдық берілді. Бұл ретте саладағы негізгі алты секторды – автомобиль жасау, электр жабдығы, мұнай-газ, тау-кен, ауыл шаруашылығы және темір жол машинасын жасауды қолдау тетіктері әзірленді.
«QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ салалық даму дирекциясының басшысы Әсет Адахаевтың айтуынша, машина жасау өнеркәсіп салалары арасында қосылған құны жоғары өнім ұсынуда жетекші орынға ие. Химия және фармацевтика өнеркәсібімен қатар, машина жасау саласы да экономиканы сапалы әртараптандырудағы ең бір әлеуетті бағыт болып саналады. Мұнда құрылған бір жұмыс орны автоматты түрде тікелей байланысы бар өзге салаларда бес-алты жұмыс орнының пайда болуына жол ашады.
– Машина жасау нарығы Қазақстанда тауарлар тобы бойынша бірінші орында тұр. Мәселен, біздің елдегі тауарлардың жалпы импорты 35,4 млрд доллардан асады. Мұның жартысына жуығы, яғни 48,9 пайызы машина жасау өнімдерінің импортына тиесілі. Бұл дегеніміз – 17,3 млрд доллар, – дейді Ә.Адахаев.
Он жылдағы оң бағдар
QazIndustry орталығының дерегіне сүйенсек, 2009-2020 жылдар аралығында машина жасау саласындағы өндірісінің қаржылық көлемі 6,4 есе өсіп, рекордтық деңгейге жеткен – 1,8 трлн теңге.
Индустрияландыру жылдарында машина жасау саласында жаңа тауарлар пайда болды. Бұл қатарға электровоздарды, жолаушылар вагондарын, қуаты аз тракторларды, автотіркегіштер, пресс-жинауыштарды, желдеткіш жабдықтарды, темір жол дөңгелектерін, осьтер мен темір жол саласына арналған басқа да жиынтықтауыштарды жатқызуға болады. Бұдан бөлек, өндірісі Орталық Азия нарығы үшін бірегей болып саналатын қуатты трансформаторлар, модемдер мен коммутациялық жабдықтар және тағы басқа да өнім бар.
Мәселен, бір ғана Alageum Electric компаниялар тобы жыл сайын 300-ге жуық жаңа өнім түрін игереді. Өйткені сұраныс өсіп келеді, сатып алушылардың күтер дүниесі де көп. Олардың жабдықтарға қатысты талаптары да артуда. Мұның бәрі компанияларды өнімдерін жетілдіруге, өзінің тауарлық желілерін әзірлеуге ынталандырады.
– Біз тәуелсіздік жылдары бұған дейін Қазақстанда қанатын кеңге жаймаған секторларды дамыта алдық. Бұл – үлкен жетістік. Мемлекеттің дұрыс саясаты мен отандық өндірушілерді қолдау шараларының нәтижесінде жаңа қуаттарды іске қостық. Қазақстанның машина жасау саласы қосылған құнмен жаһандық өндірістік тізбектерді құруда үлкен әлеуетке ие. Мұндай әлеует 90-жылдары болған жоқ. Енді, міне, қазіргі уақытта бірқатар отандық кәсіпорын әлемдік машина жасаудағы ірі брендтермен бірлесіп жұмыс істейді. Бұл – тәуелсіздіктің жемісі. Мәселен, Өскемен қаласындағы «Силумин Восток» кәсіпорны «Шнайдер Электрик» компаниясымен бірлесіп электр машина жасау өнімдерін өндіріп, экспорттайды. Сондай-ақ Алматы вентилятор зауыты мен әлемге әйгілі LG Electronics компаниясы арасындағы ауаны баптау және желдету жүйесін әзірлеу бойынша бірлескен өндірісті атап өткен жөн. Мұндай мысалдар жетіп артылады, – дейді Ә.Адахаев.
Жарылқаған жаңа өндірістер
Былтырғы дерекке сүйенсек, машина жасау саласында 3 007 кәсіпорын тіркелген. Оның 63-і – ірі, 102-сі – орта және 2 842-сі – шағын кәсіпорындар. Индустрияландыру бағдарламасы шамамен 14,2 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Ең ірі кәсіпорындар қатарында «СарыарқаАвтоПром» ЖШС, «Степногорск ЕПК» АҚ, «Қайнар-АКБ» ЖШС, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Агромашхолдинг KZ» АҚ, «Атыраумұнаймаш» АҚ, «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ және «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ бар. Бұл жердегі мультипликативті әсерді ескерсек, шамамен 70-80 мың жұмыс орнын құру мүмкіндігі барын атап өткен жөн.
Индустрияландыру бағдарламасы қабылданғанға дейін сала кәсіпорындарының саны 1 700-ден аз болды. Іс жүзінде машина жасау өндірістерінің саны 10 жылда 76,8 пайызға өсті.
Индустрияландыру жылдарында салаға құйылған инвестициялар ағыны 565,3 млрд теңгені құрады. Бұл ретте былтыр 74,3 млрд теңге тартылған. Әсіресе салаға соны серпін берген француздың Alstom компаниясының технологиясы бойынша электровоз өндіретін «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС-ын (2012 жыл), әлемге әйгілі өндіруші Kudu Industries Inc негізінде бұрандалы сорғыларды шығаратын «Куду Индастриз Қазақстан» ЖШС-ын (2015 жыл), Алматы қаласындағы Hyundai жеңіл көліктерді құрастыру өндірісін (2020 жыл) бөле-жара атап өтуге болады. Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда күштік трансформаторлардың («Алагеум Групп» АҚ компаниялар тобы), модемдер мен коммутаторлардың жаңа түрлерінің өндірісі іске қосылды. Петропавл ауыр машина жасау зауытында рефрижераторлық вагондар және «Вектор Павлодар» ЖШС-де алюминийден дөңгелек дискілер шығарыла бастады.
Машина жасау саласын дамытуға түрлі мемлекеттік бағдарламалар, сұраныс пен экспортты қолдау шаралары, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы, техника лизингі бойынша арнайы талаптар, жобаларды қамтамасыз етуге арналған жеңілдетілген қаржы құралдары мен гранттар оң ықпал етуде.
Еңсе тіктеген экспорт
Қазақстандағы машина жасау өндірісі ішкі нарыққа бағдарланған. Соған қарамастан, индустрияландыру жылдарында машина жасау өнімдерінің экспорты көлемі айтарлықтай өсті. Мәселен, 2009 жылдан бері экспорт көлемі 3,3 есе өскен. 2009 жылы экспорт көлемі 395,3 млн долларды құраса, былтыр 1 309,4 млрд долларға жеткен. Өткізу нарықтары да кеңейтілді. Еуразиялық экономикалық одақтан бөлек, отандық өнімдер Әзербайжан, Түркіменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Грузия, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Бенин, Люксембург, Мажарстан секілді таяу және алыс шетелдерге экспортталады. Экспорттың негізгі бөлігін электр жабдықтары, мұнай-газ машина жасау секторы, темір жол техникасы өнімдерін жеткізу құрайды.
Сонымен қатар бірқатар кәсіпорынның технологиялары мен жабдықтары шынымен ескіргенін атап өткен жөн. Сондықтан олар бәсекеге қабілетін жоғалтады. Бұл мәселені шешу үшін өндірісті жаңғырту бойынша әртүрлі ынталандырушы әдістер әзірленіп, қолданылуда. Олар кәсіпорындарға тауарлар желісін жаңарту үшін сондай-ақ жаңа тауарларды шығаруды ұлғайту үшін қажетті рәсімдерді жүргізуге мүмкіндік береді.
Автоөнеркәсіптің экспорты 2020 жылы 8 122 бірлікті құрады. Экспорттың негізгі бағыты – Өзбекстан мен Ресей. 2010 жылы біз тек 3 машинаны экспорттаған екенбіз. Біздің автоөнеркәсіп әзірше ішкі нарықты қанағаттандыруға бағытталған. Осы күнге дейін 77 400 автомобиль жиналды, соның тек 8 122-сі ғана экспортқа кетті. Биыл автомобиль жасау көлемін 100 мыңға дейін жеткізу жоспары тұр. Бұған ішкі нарықтағы тұтынушыларға жеңілдетілген несие беру, сондай-ақ ішкі коммерциялық автопаркті жаңа автомобильдермен қамтамасыз ету, экспортты дамыту бағдарламалары арқылы қол жеткізуге болады.
Кадр әлеуеті қандай?
Машина жасау саласын тілге тиек еткенде, кадр мәселесіне мән беру маңызды. Бұл ретте Korn Ferry зерттеуіне назар аударған дұрыс. Зерттеу нәтижелері бойынша 2030 жылға қарай дамыған елдерде мамандардың тапшылығы айқын сезілмек. Түрлі бағалаулар бойынша аталған жағдай әлемдік экономиканың баяулауына алып келеді және шамамен 8,5 трлн доллар көлемінде шығынға ұшыратады. Түптеп келгенде бұл барлық саладағы технологияның баяулауына кері әсер етеді. Сондықтан Korn Ferry сарапшылары кәсіпорындарды кадрлық әлеуетті арттыруға шақыруда.
Кадр – өндірістегі маңызды фактор. Бүгінгі таңда өзге салалар секілді машина жасау бағыты да біліктілігі жоғары кадрлардың жетіспеушілігі мәселесімен бетпе-бет келіп отыр. Тапшылық жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды дамыту мен жаңғыртуға, жаңа өндірістер мен жаңа технологиялық құрылыстың пайда болуына байланысты қалыптасуда. PriceWaterhouseCoopers ел аумағындағы 60 кәсіпорынға сауалдама жүргізген екен. Олардың 90 пайыздан астамы білікті кадрлардың тапшылығы бар екенін айтқан. Атап өтерлігі, бұл мәселе кәсіпорындар белгіленген проблемалардың ішінде бірінші орында тұр. Оның қаншалықты маңызды екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Машина жасау саласында жол картасы іске асырылып жатқаны белгілі. Осыған сәйкес 2024 жылға дейін саланы білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету міндеті қойылған. Бұл ретте өндірістік тәжірибеден өту кезінде шығындарды бірлесіп қаржыландыру үшін дуалды білім беру жүйесін жетілдіру жоспарлануда. Яғни шығындардың 70 пайызын мемлекет немесе оқу орны, ал 30 пайызын жұмыс беруші өтейді.
Кәсіпорындардың оқу орындарымен тығыз ынтымақтастығы оң нәтиже бере бастады. «Тәлімгерлікке» алу арқылы кадр тапшылығын шешу тәжірибесі өзін-өзі ақтады. Бірқатар кәсіпорындар машина жасау бағытындағы салалық білім беру мекемелеріне толық иелік етуді де қолға алды. Кәсіпорындар жергілікті жоғары оқу орындарымен, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерімен келісімдер жасауда. Онда нақты даму жоспары құрылған. Кадрларға қатысты нақты талаптар да бар.
Мәселен, Қазақстанның ірі электр техникалық компаниясы – Alageum Electric компаниялар тобының Кентау қаласында білікті жас кадрларды дайындайтын жеке білім беру мекемесі бар. Инженерлер колледж оқытушыларымен тікелей жұмыс істейді, оқу процесіне қатысады. Олар әр сабақты тәжірибе тұрғысынан көрсетіп, заманауи әрі қызықты етуге тырысады. Сонымен қатар бұл өндірістік процестен ажыратылған нақты білімді үйретуге мүмкіндік береді. Тиісінше, студенттер де қайда жұмыс істеу керегін, қалай жұмыс істеу қажетін біліп отырады.
Өндіріс пен оқу орны арасындағы тығыз білім беру процесін жолға қою еңбек нарығының дамуына серпін береді. Бизнес әзірлеген әрі үнемі жаңартылып отыратын салалық біліктілік талаптары мен білім беру стандарттарына бейімделген машина жасаудағы кәсіби стандарттар бұл бағытта маңызды рөлге ие.
Жоба-жоспар жақсы-ақ...
Өткен 10 жыл ішінде мемлекеттің басымдықтары машина жасау кәсіпорындарын қолдауға арналды. Индустрияландырудың үшінші кезеңі экспортқа басымдық беретін жобаларды дамытуға бағытталған. Сондықтан таяудағы бес жылда мемлекеттің назары мен қолдау шаралары әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнім шығара алатын нақты кәсіпорындарға қатысты болмақ. Яғни ішкі нарықты сапалы өніммен молықтыруға және оны одан әрі экспорттауға ниетті кәсіпорындарға басымдық беріледі. Жаңа индустрияландырудың үшінші бесжылдығында терең өңдеу деңгейі және қосылған құны жоғары өнімдер назарға алынады. Мемлекеттік қолдау өндірісті кешенді түрде ынталандырады және кәсіпорындардың бұған қол жеткізу мүмкіндігі жоғары. Тиісінше, мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпорындар өнімді шығару және сату бойынша міндеттемелерін арттырып, оны уақытында орындауы керек.
Ел билігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен өнеркәсіп салаларының алдына үшінші бесжылдықта елеулі индикаторларға қол жеткізу міндетін қойып отыр. Атап айтқанда, 2020-2025 жылдары экспорт көлемі екі есе, еңбек өнімділігі 1,6 есе, негізгі капиталға салынған инвестиция 1,6 есе өсуі тиіс.
Қостанай облысында ірі машина жасау кластерін қалыптастыру бойынша ауқымды жоба іске қосылады. Онда ауыл шаруашылығы техникасы мен автомобильдерге арналған компоненттер шығарылады. Мұнда бөлшектер мен тораптардың мыңға жуық түрі шығарылмақ. Бұл автомобиль өндірісін оқшаулауды ұлғайтады және мамандардың жаңа құзыреттерді игеруіне ықпал ететін болады.
Қостанай өнеркәсіптік аймағында «КамАЗ» қозғалтқыштарына арналған жинақтауыштарды құю өндірісінің құрылысы басталды.
«Сайман корпорациясы» ЖШС аспаптар жасау зауытын салуды жоспарлап отыр. Осы жылы Kaspy Service ЖШС мұнара крандары мен лифтілер шығаратын зауыт салуды жоспарлауда. Бұдан бөлек, United Energy Qazaqstan ЖШС жел генераторларын шығаратын зауыт құрылысын бастамақ.
Жасыл тренд пен экологиялық таза көліктің дамуымен Қазақстанда электромобильдерді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Еуропа, Жапония, Канада, АҚШ-тың негізгі тұтыну нарықтарында экологиялылық бағытқа көшу жүріп жатыр. Бұл тренд біздің ел үшін де өзекті.
2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында қажетті инфрақұрылым құруды көздей отырып, экспортқа бағдарланған электромобильдер өндірісін одан әрі дамыту мәселесін пысықтау тапсырылды. Соған сәйкес, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өндірісті дамыту және қажетті инфрақұрылым құру жөніндегі жол картасын бекітті.
Бүгінгі таңда қазақстандық «СарыарқаАвтоПром» зауыты JAC iEv7S электромобилінің сериялық өндірісін іске қосуға дайын. JAC iEv7S электромобилі Ресей Федерациясындағы автополигонда сертификаттық сынақтардан өтті. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аумағында автокөлікті айналысқа шығаруға мүмкіндік беретін Кеден одағы көлік құралының типін мақұлдау сертификатын алды.
Бүгінгі таңда электромобиль құнының бір бөлігін субсидиялау, электромобильдердің автобус жолақтары бойынша қозғалысын қамтамасыз ету, тұрақ орындарымен қамту шаралары қарастырылуда.
ТҮЙІН: Тұтастай алғанда, Қазақстанның машина жасау әлеуеті өте жоғары. Импортты алмастыру есебінің өзінен ғана жылына 16,6 млрд доллардың өнімін шығаруға мүмкіндік бар. Әсіресе мұнай-газ машинасын жасау, электр жабдықтары, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары бағытындағы игерілмеген кеңестік көп. Қысқасы, әлеует – үлкен, жоба-жоспар – жақсы-ақ. Тек, соның бәрі қалмаса дейміз ақсап.