Әлем • 08 Маусым, 2021

Трансатланттық климат одағы

381 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

МАДРИД. Климаттың өзгеруіне қатысты тығыз трансатлант­тық ынтымақтастық орнату мәселесінің ақырында Еуропалық Одақ пен АҚШ-тың жұлдызы жарасуы мүмкін. Ақ үй басшысы Джо Байден Еуропаға сапары барысында осындай ерекше сәтті барынша ұтымды пайдаланып қалуға тиіс. 

Трансатланттық климат одағы

Еуропалық  Одақ та,  Америка Құрама Штаттары да 2050 жылға қарай климаттық бейта­раптыққа қол жеткізуге, яғни парниктік газдар шығаруды нөлге түсіруге міндеттеме ал­ды. Осы мақсатқа қол жет­кізу үшін бірқатар бағыт белгі­ленді. Еуропалық одақ 2030 жылға қарай парниктік газдар шығаруды кем дегенде 1990 жылғы деңгейден 55 пайызға азайтуға ниетті. Ал АҚШ 2005 жылғы деңгейден 50-52 пайызға төмендетуге ниетті.

Осы міндеттемелерді орындау үшін Еуропалық одақ пен АҚШ-қа көптеген қиындықты жеңуге тура келеді. Біріншіден, олар қолданыстағы таза технологияларды (күн батарея­ларын, жел қондырғылары мен электромобильдерді қоса) кеңейтуді және дамып келе жатқан технологияларға (мысалы, жасыл сутегі, қатты күйдегі аккумуляторлар және цифрлы инновацияларды енгізу) инновацияны арттырулары керек. Осылайша, ынтымақтастық аталған үдерісті жеделдетуге даңғыл жол салуы мүмкін.

Екіншіден, Еуропалық одақ пен АҚШ көміртегі бағасын қолдануды жақсартулары керек. Бұл мәселеде Еуропа көш бастап келеді. Ұйым әлемдегі ең үлкен көміртегі нарығын құрды. Енді жақын арада оны жаңартып, кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта АҚШ-та көміртегі шығарылымына баға белгілеудің ортақ жүйесі жоқ. Бірақ интеллектілік және саяси серпін қалыптасып келеді.

АҚШ-та нақты прогрес­ке жету үшін осы серпінді қол­­­дану және көміртегі шы­ға­рылымы бағасының кез кел­ген жүйесінің әділдігі мен сая­си беріктігін қамтамасыз ету дис­трибьюторлық әсерлерді жою­ға бағытталған шараларды та­лап етеді. Кірістерді дивиденд ретінде халыққа қайтару өте маңызды болуы мүмкін.

Үшіншіден, Еуропалық одақ та, АҚШ та жасыл технология­ға көшуден туындаған әлеумет­тік-экономикалық қиындықтар­ды жою­лары қажет. Яғни кө­мір­тегін көп қажет ететін ай­мақ­тар­да өндірістік қайта құру­ды же­ңілдету және жұмыс орнын ауыс­тыруға мәжбүр болған жұ­мыс­шыларға көмектескен жөн. АҚШ-та жұмыспен қамту және экономикалық мүмкіндік – кли­маттық стратегияның маңызды бөлшегі.

«Адамдар климат туралы сөйлескенде, менің ойыма жұ­мыс орындары және жасыл «индустриялық стратегиясы­мен» Еуропа келеді», деп мә­лімдеді Байден жуырда.

Сонымен қатар Еуропалық одақ пен АҚШ бетпе-бет келген климаттың халықаралық мүддесіне қатысты ортақ көз­қараста. Екі жақтың да күш-жігері дамушы елдердің жасыл энергетикаға көшуіне қолдау көрсетсе ғана жағдай өзгереді. Осы мақсатта климаттық қар­жы­ландыруды жетілдіру, таза технология трансфертін жеңіл­дету өте маңызды.

Дамушы елдердің жасыл энергетикаға көшуіне қолдау көрсету «көміртегінің ағып кетуінің» алдын алуға жағдай жасауы мүмкін. Мәселен, компаниялар өндірісті көміртегі шы­ғарылымына қойылатын са­лығы аз немесе экологиялық ере­желері жұмсақ елдерге кө­шірген кезде. Сондай-ақ көмір­сутегі шекарасын реттеу тетігі секілді тіке шешімдер де өте қажет. Соған сәйкес компания­лар өндіріс кезінде парник­тік газдар шығарылымы көп та­уарларды импорттағаны үшін қымбат баға төлейді.

Еуропалық одақ қазірдің өзінде Еуропалық Жасыл Келісім шеңберінде осындай механизммен жұмыс істеп жатыр. Бұл жақсы нәрсе екені анық. Бірақ Еуропалық одақ пен АҚШ бірлескенде сәтті шы­ғар еді. Әсіресе бұл кең транс­атлантикалық жасыл келі­сімнің бір бөлігіне айналса, нұр үстіне нұр.

Нобель сыйлығының лау­реаты, экономист Уильям Нордхаус 2015 жылы ұсынғаны секілді, Еуропалық одақ пен АҚШ мұнымен тоқтап қалмай, «климат клубын» құруы керек. Екеуміздің біріміз (Симоне) мен Гунтрам Б.Вольф таяуда айтып өткеніміздей, экономикалар қосылу үшін төрт қадам – ішкі мақсаттарды ны­ғайту және туралау, ішкі кли­мат­тық саясатты цифрлы және салыстыру жүйесімен келі­су, күрделі тауарлардың құра­мында көміртегі мөлшерін өл­шеу стандартын белгілеу және айқын салық салу мен реттеуді қамтамасыз ету қажет.

Климат клубына қосыл­ғы­сы келген кез келген елге есік ашық. Бұл Еуропалық одақ пен АҚШ-тың ортақ мүдделерін алға жылжытуға көмектеседі. Дамып келе жатқан салалар мен нарықтарда, мысалы, жасыл сутегі және тұрақты қаржы секілді салаларда ережелер қалыптастыруға тиімді.

Өсу және даму үшін нарық­тарға кеңінен қабылданған ережелер қажет. Ал осы ереже­лер­ді жасауға көмектесетіндер ма­ңыз­­ды стратегиялық артық­шы­лықтарға ие болады. Мұн­дай артықшылықты АҚШ пен Еуро­па иемдене алады. Екеуі қо­сы­лып, жаһандық ішкі жалпы өнімнің 40 пайызын және тауар импортының 30 пайызын құрайды.

Басқа елдер АҚШ-та немесе Еуропада болып жатқан оқи­ға­ларды елемей қала алмайды. Егер олар бірлескен іс-қи­мыл жасаса, яғни бірлескен тұрақ­ты қаржылық таксономияны қабылдау керек пе немесе климаттық шекараны түзе­ту механизмін енгізу керек пе деген мәселені талқыласа, бас­қа елдер де солай етері сөз­сіз. Бұл бүкіл әлем бойынша кли­мат­­тың жылынуымен күрес әре­­­кеттерін жеделдетіп, Еуро­па­­­лық одақ пен АҚШ-тың ға­лам­дық көшбасшылық по­зи­­циясын нығайтуға жағдай жасайды. Сондай-ақ ашық, ережелерге негізделген көпжақты жүйені нығайтуға мүмкіндік береді.

Бұған Еуропалық одақ пен АҚШ бөлісетін құндылықтар мен принциптерді қосыңыз, оның ішінде адам құқықтары мен заңдылықты құрметтеу бар. Ендеше, климат саласындағы ынтымақтастық екі жақтың да мүдделеріне сай келетіні анық. Байденнің Еуропаға сапары – алғашқы қадам үшін тамаша мүмкіндік.

 

Ана ПАЛАСИО,

Испанияның бұрынғы сыртқы істер министрі, Дүниежүзілік банк тобының бұрынғы аға вице-президенті және бас кеңесшісі,

Симон ТАЛЬЯПИЕТРА,

Брюгельдің аға стипендиаты және Католит Университеті мен Джон Хопкинс университетінің адъюнкт-профессоры

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org