Қоғам • 09 Маусым, 2021

Жатақханалардағы орын саны 20 мыңға көбейді

327 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы үш жылда жоғары оқу орындарының жатақханаларында 20 мыңнан астам жаңа орын берілді. Сондай-ақ студенттердің жатақханаларда тұру жағдайлары да жақсарды. 17 жоғары оқу орны студенттердің тұрғын үйге деген қажеттілігін толығымен шешті.

Жатақханалардағы орын саны 20 мыңға көбейді

 «Студенттік жатақханаларда жаңа орындарды беру еліміздің бар­лық өңірінде жүзеге асырылып жатыр. Берілген жатақ­ха­на­лар бойынша көшбас­шы­лар қатарында Нұр-Сұлтан қаласы – 4 060 орынға шақталған 6 жа­тақ­хана, Шығыс Қазақстан облы­сы –10 жатақхана (2 926 орын), Алматы қаласы – 11 жатақхана (2 698 орын), Шым­кент қаласы – 9 жатақхана (2 434 орын) пайдалануға берді. Ал Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтү­стік Қазақстан және Түр­кіс­тан облыстарындағы жатақ­ханаларда пайдалануға беріл­ген орын саны аз болып отыр», деді Білім және ғы­лым ми­нис­тр­лі­гі­нің «Қаржы орта­лы­ғы» АҚ пре­зи­денті Асқар Ибраимов.

Студенттік жатақханалар мемлекет-жекешелік әріп­тес­тік қағидаты бойынша салынып, олардың құрылысына инвесторлар белсенді тартылып жатыр.

Сонымен қатар жеке инвес­тор­ларды қосымша ынталан­ды­ру үшін жатақханаларға аса қа­жеттілік байқалатын Нұр-Сұлтан және Алматы қала­ла­рын­да мемлекеттік тапсырыс көлемін 47 АЕК-тен 92 АЕК-ке дейін ұлғайту ұсынылады. Бұл бағытта министрлік тарапынан ғимараттарды қайта құру туралы 14-тен астам меморандум жа­салды.

Жалпы, 2021-2022 жылдары бекітілген жоспарға сәйкес жоғары оқу орындарының жа­тақ­­ханаларында тағы 55 мың жаңа орын пайдалануға беріледі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бас­тамасы» атты халыққа Үнде­уін­де студенттердің өмір сүру жағдайын жақсартуды және 2022 жылдың соңына дейін кемінде 75 мың орынға шақталған жаңа студенттік жатақханалар салуды қамтамасыз етуді тапсыр­ға­нын айта кеткен жөн. Бұл студент­тер­ді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін толық шешуге мүм­кін­дік береді.