Солардың бірі балуанның өрнегі де әсем, күміспен әдіптелген белдігі. Бұл жәдігер – 2002 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы Темірлан ауылындағы Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейіне белгілі спортшы, жазушы Әлімқұл Бүркітбаевтан сатып алынған. Әлімқұл ағамыз кезінде орасан күш иесі жайында «Қажымұқан» атты деректі кітап жазғаны мәлім. Ол кісі күміс белдікті Санкт-Петербургте өткен спорттық трофейлердің аукционынан сатып алыпты.Енді бұл құнды дүние Ұлттық музейдің төрінде тұр.
Сонымен қатар музейде алып атамыздың жеке төлқұжаты, Варшава мұсылмандарының сыйға тартқан медалі және дәрі сақтайтын ыдысы сақталған. Балуанның емдік шөптер салуға арналған темір ыдысының пішіні цилиндр тәрізді жасалған, жеке жабылатын қақпақшасы бар. Аталған ыдыс өсімдік тәрізді оюлармен өрнектелген. Оның бір бүйіріне арабша «Балишифа», ал екінші бүйіріне −«Алқақни» деп жазылған. «Балишифа» (шифа) сөзі – «шипа», «ем», «дәрумен» деген мағына берсе, «алқақни» деп «ыдысты» айтады екен.