Қоғам • 09 Маусым, 2021

Жаза қатаңдағанымен, жағдай өзгерген жоқ

578 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Күн сайын елімізде 70-ке жуық мас жүргізуші ұсталады екен. Соңғы 5 айда ішімдік ішіп алып, көлік айдаған 8,5 мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда бұл сан біршама азайғанымен, мас жүргізуші қашанда қылмыскер болып қала берері анық. Себебі әр жол-көлік апатының соңы сан соқтырар өкініш-қайғымен аяқталып жатады.

Жаза қатаңдағанымен,  жағдай өзгерген жоқ

ІІМ-де онлайн форматта өткен брифингте Әкімшілік полиция коми­тетінің басқарма бастығы Ас­қар Тәженов жыл басталғалы 5 айдың ішінде мас күйінде көлік айдаған жауапсыз жүргізушілердің кесірінен 150-ге жуық жол апаты тіркелгенін мәлімдеді. Соның салдарынан 31 адам қаза болып, 208 жолаушы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген.

«Естеріңізде болса, 2019 жы­лы Мемлекет басшысы кө­лік құ­ралдарын мас күйінде басқара­тын­дарға қатысты жауапкершілікті қа­таңдату туралы тапсырма берген бо­латын. Соған сәйкес қабылданған заң 2020 жылы 11 қаңтарда күшіне енді. Қабылданған заң ережелері мас күйінде көлік басқарған жүр­гізу­шілер үшін  әкімшілік және қыл­мыс­тық жауапкершілікті біршама қатаңдатты», деген басқарма бас­тығы заңнамадағы күшейтілген жауап­кершіліктерге жеке-жеке тоқ­талды.

Біріншіден, заңдағы өзгерістерге сәйкес ішімдікке сылқия тойып алып, «темір тұлпар» руліне отыратындар бұрын 3 жыл көлік айдау құқығынан айырылса, қазір бұл мерзім 7 жылға ұзартылды. Екін­шіден, қамау түріндегі әкімшілік жазаның жаңа түрі енгізіліп, бұл жаза көлік басқару құқығынан айырумен қатар міндетті түрде қол­данылады. Қазір мас жүргізуші тіпті бірінші рет жазаға тартылса да, жүргізуші куәлігінен айыры­лып қана қоймай, 15 тәулікке әкім­­шілік қамауға алынады. Егер мас жүргізуші адамдардың денсаулығына зиян келтірмей, мате­риалдық залал келтірілген жол-көлік оқиғасын жасаса, басқа­ру құқығынан 7 жылға айырыла отырып, 20 тәулік мерзімге әкім­шілік қамауға алынады. Бұрын мұн­дай құқық бұзушылық жасаған жүр­гізуші әкімшілік қамауға алынбай, тек 4 жылға көлік басқару құқы­ғынан айырылатын.

Сондай-ақ спикер өткен жыл­дың басынан бері мас күйін куә­ландырудан бас тартқан жүр­гізу­шілердің 8 жылға көлік бас­қару құқынан айырылатынын да айтып өтті. Бұдан бөлек, мұндай жүр­гізушілер 15 тәулікке әкімшілік қа­мауға да алынады.

Жыл сайын жаза қатаңдатылып, жауапкершілік күшейгенімен, жеке­леген жүргізушілердің жауап­сыз­дығы сол күйінде қалып отыр­­ға­нын өкінішпен жеткізген Ас­қар Дәу­летханұлы ішімдікке құ­­мар жүр­гізушілерге қатысты қол­да­ны­латын қылмыстық заңнама­лар­дағы соңғы өзгерістерді де санамалап шықты.

Мәселен, жүргізуші куәлі­гі­нен айырылса да көлікке қай­та отыр­ғандарға қатысты жауапкер­шілік күшейтілді. Бұдан былай мұн­дай есерсоқтардың қылығы қылмыс санатына ауыстырылып, өзі өмір бойы көлік құралын басқару құқығынан айырылып қана қоймай, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

«Егер осындай әрекеттердің салдарынан жол апаты кезінде жолау­шылардың денсаулығына зиян тисе, көлік тізгінін ұстаған адам көлік жүр­гізу құқығынан өмір бо­йына айырылып, 9 жылға дейін темір торға қамалуы әбден мүмкін», деді басқарма басшысы.

Ал жол-көлік апатының соңы адамдардың ажалына әкеліп соқса, ішімдікке әуес әумесер 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, өмір бойына көлік руліне отыр­майды. Әкімшілік полиция коми­тетінің дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері елімізде мыңнан астам жүргізуші қылмыстық жаза арқалап үлгерген.

Елімізде жол жүру ережесін бұз­ғандарға қатысты хаттама тол­­­тыру соңғы бес жылдан бері «Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесі ар­қылы жүргізіліп келеді. Яғни хаттама толтыру барысы толықтай авто­маттандырылған. Ведомство өкі­лінің хабарлауынша, осы жүйе ар­қылы өткен жылы 3 млн-ға жуық электронды хаттама толты­рылса, биылдың өзінде бұл сан 1,5 млн-нан асқан. «Қағаз жү­зінде рәсімделетін әкімшілік істер әлі де бар. Олардың дені сотта қа­ралатын құжаттар және интернет желісі ұстамайтын жерлерде тол­­т­ырылатын хаттамалар», деді А.Тәженов.