Өнер • 10 Маусым, 2021

Қызы еді Жанболаттың, Шолпан аты немесе «Қараторғай» әнінің иесі кім?

1134 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазір өзбектің «Ялла» ансамблі айтып жүрген «Қараторғай» әнін естіген сайын осы туындының шын иесі жайлы таласты әңгіме еске түседі. Сырдағы Телікөлдің жағасында туып, қазақ ән өнерінің биігінде «Қараторғай» болып шарықтай ұшқан Шолпан Жанболатқызының есімін жаңғыртуға келгендегі енжарлығымызға өзімізден басқа ешкім кінәлі емес шығар.

Қызы еді Жанболаттың, Шолпан аты немесе «Қараторғай» әнінің иесі кім?

Бірде халық әні делініп, кейде Үкілі Ыбырайға телініп келе жатқан «Қараторғайдан» бөлек қазір ел арасында орындалып жүрген бірқатар әндердің иесі жайлы көркем шығарма да бар. Ара-тұра мерзімді басылым бет­терінде де жазылып тұрады. Бірақ осы қисынды ой мен сөзді қаперге алмай отырғанымыз өкінішті.

Сырдан шығып, әншілік дәрпі алысқа кеткен Шолпан жайлы көркем шығарма деп отырғанымыз жазушы Айтбай Хангелдиннің «Қараторғай» повесі. Өткен ға­сырдың жетпісінші жылдары бас­па бетін көрген туындыда өнері елден озған таланттың өмі­рі суреттеледі. Қаламгер осы шығар­масында «Қараторғай» әнінің ав­торы Шолпан Жанболатқызы екендігін, оның ел аузында халық әні деп айтылып жүрген басқа да тамаша туындылар иесі екендігін жазады. Бір айта кетерлігі, Айт­бай Хангелдин Шолпан туған то­пырақта дүниеге келген, бала күнінде әйгілі әншіні көрген.

Өзгеше тағдырлы Шолпанның ғұмыры таң алдында ілкі сәтке көрініп, көзден ғайып болатын өзі аттас жұлдыздай қысқа болды. Тасада қалған талант жайлы қазір жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржекеұлы жиі жазып жүр. «Қазақ әдебиеті» газетінің 2019 жылғы 8-нөмірі­не шыққан «Сырдың Қаратор­­ға­йы» атты мақалада қаламгер: «...Анықтап айтқанда, Қаратор­ғай деген – Шолпанның өз аты. Солай екеніне 1920 жылы осы әнді Тәшкен қазақтарынан жазып алған Александр Затаевич­тің түсініктемесі куә. Жалпы, Шол­пан жайында алғаш жазба мәлімет қалдырған да сол. Оның «1000 песен казахского на­рода» деген кітәбі 1925 жылы Мәскеуде жарық көрді. Одан бері 94 жыл өтті, дөңгелектеп айт­қанда, бір ғасыр. Содан бері Шол­пан жайындағы біліміміз әлі сол қал­пында. Бәлкім, ол кез­ден де төмен», – деп жазады. Бұдан әрі жазушы қазақ әнін да­ла­­ның әр түкпірінен тірнектеп жи­ған Александр Затаевичтің түсі­ніктемесін де келтіреді.

Небәрі 43 жыл ғана өмір сүр­­­­ген Шолпан Жанболатқызы 1880 жылы Шиелінің Телікөл төңі­регінде дүниеге келіпті. Та­лант­ты әнші 1911 жылы Тәш­кенде Романовтардың таққа оты­руының 300 жылдығына орай ұйым­дастырылған Түркістан ­өл­­кесі өнерпаздарының сайы­сын­да бас жүлде алады. Осы қала­да өзінің орындауында «Қа­ра­торғай», «Ой көк», «Ахау Се­мей» әндерін граммофон күй­табағына жаздырған. Бек­сұл­тан Нұржекеұлы осы соңғы ән­нің дұрыс атауы «Ахау демей» екенін жазады. Соған бұлтартпас дәлелдер де келтіреді.

Бұл әндердің барлығы да Тәш­­кен төңірегіне кеңінен та­ра­­ған. «Ялла» ансамблінің «Сыр­­­дың Қа­раторғайы» әніне таң­дауы түсуі де осыдан. Қазақ әнші­лері арасынан әні күйтабаққа жазыл­ған тұңғыш өнер иесі саналатын Шолпанның «Қараторғай» ата­луының себебі мынада жатса керек:

 

Қызымын Жанболаттың,

Шолпан атым,

Найманмын, Қарабала –

арғы затым.

Жел сөздің бес-алты

ауыз арқасында,

Халқымның арқаладым

мархабатын.

Атандым он алтымда

Қараторғай,

Бұл атты шешем қойған,

басқа қоймай.

Торғайдай еркін ұшсын,

ескерусіз,

Дегені болса керек,

көзден қорғай.

 

Салайын мен әніме

Қараторғай,

Қараторғай,

Қалалали лила,

лилалали лилай-ай!

Әнші шығармашылығын ­зерттегендер «Қараторғай» әні ­қа­зір біз түсініп жүргендей жі­гіт­тің қызға емес, Шолпанның ана­сы Жанқызға еркелеп айтқаны бо­луы керек деген болжам жасай­ды. Сонда бірінші жақтан айтыла­тын бұл әннің дұрыс нұсқасы былай болады дейді:

Құс болсам, жібектен

бау тағар едің,

Күмістен тұғырымды

жабар едің.

Мойныма сары алтыннан

жыға тағып,

Қолға алып, сылап-сипап

бағар едің.

Қайырмасы:

Салайын мен әніме

Қараторғай,

Қараторғай,

Қалалали лила, лилалали

лилай-ай!

 

Болғанда қасым қара,

шашым сүмбіл,

Албырап екі бетім,

жанар гүл-гүл.

Бейіштің гүлжазира

зарамында,

Сайраған тоты құстай

мен бір бұлбұл.

Жалғанның жарығында 43 жыл өмір сүрген Шолпан Жан­бо­лат­қызының тағдыры кісі қызығар­лықтай болмағанын байқай­мыз. Келін болып түскен жері әнді жын-шайтанның шатпағына балайтын дүмшелеу болып, күйеуі оны ақыры талақ етеді. Кейіннен өнерін бағалайтын басқа жанның етегінен ұстағанмен әншіні өнерін көре алмағандар у беріп өлтіреді.

Өнер көгінде еркін ұшқан ән­ші аруағына лайық құрмет көрсе­тілу керектігін қызылордалық қа­ламгер Нұрмахан Елтай да мер­зімді басылым беттерінде жиі жа­зып жүр.

– Өткен ғасырдың жетпісін­ші жылдары Айтбай Хангел­дин «Қараторғай» повесінен бө­лек, «Лениншіл жас» газетіне ма­қа­ла да жазған. Ел құрметтейтін қа­ламгер Бексұлтан Нұржеке­ұлы ағамыз да «әділдік қалпына кел­меді-ау» деп, шыр-пыр болып отыр. Басқамыз неге қамсыз­быз? «Қараторғай» атанған апамыз Шолпан Жанболатқызы­­­ның есі­мін және өнерін ұлықтау Сыр өңірінен, әуелі оның туған жері Шиеліден бастау алуы керек. Со­сын барып, облыс, республика кө­лемінде жалғасын тапса жара­сады. Әншінің мұраларын өз аты­на қайтару үшін оның атында өнер байқауларын өткізгеніміз жөн болар еді. Көмейіне бұлбұл ұя салған әншіге осы Шиеліден символикалық ескерткіш орна­тылғаны да артықтық етпейді, – дейді Нұрмахан Елтай.

Телікөлде туып, төңірекке та­нылған талант туралы дерек әлі там-тұм. Мүмкін ол туралы мәлі­меттер өмірінің соңғы жылдары өткен Шымкент пен Тәшкенде болуы мүмкін.

Жалпы осы ән туралы дау ұзақ жылдардан бері жалғасып ке­леді. Сондықтан да музыка маман­дарының түпкілікті иесі Шолпан Жанболатқызы делініп жүрген «Қараторғайға», қазір халық әні деп айтылып жүрген өзге де танымал туындыларға назар аударғаны жөн-ақ.

Бұл істен облыстағы өнер мен мәдениет өкілдері де сырттап қал­мас деп ойлаймыз, өйткені бұл саланың міндеті қолдағы барды жарқыратып көрсетіп қана қой­май, тасада қалып келе жатқан таланттарды жұртқа таныстыру емес пе? Есімі атаусыз, еңбегі елеу­сіз қалып келе жатқан өнер иесін енді өгейсіткеніміз аруаққа шет болар.

 

Қызылорда