Қоғам • 10 Маусым, 2021

Жәбірленуші құқығын қорғауға жол ашады

553 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеше қол қойған Жарлықта қарастырылған адам құқығын қорғауға бағытталған шараларды толықтай қолдаймын. Адам құқықтары – маңызды мәселе. Бұл бастама мүгедектердің де мүддесін қорғауға және осы бағытта мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың жұмысын жандандыруға жол ашады.

Жәбірленуші құқығын қорғауға жол ашады

Ең алдымен мемлекеттік мекемелер қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста болуы керек, екеуінің тиімді жұмысын арттыру – міндет. Бұл ретте Үкімет арнайы жоспар дайындайды деп ойлаймын. Азаматтық қоғамның өкілі ретінде серіктестікке да­йынмын.

Менің қолдауымның себебі – өзім басқарып отырған ұйым тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жобаны қолға алып отыр. Елімізде бұл өзекті мәселе екені, түйіні табылмай тұрғаны анық. Бұл – еліміз үшін үлкен сын. Тұлғаға қол тигізбеу бо­йынша заңнама жиі бұзылып отыр. Оған қоса балаларға арналған интернаттар мен қарттар үйіндегі, түрмелердегі зорлық-зомбылық туралы ашық айтылмайды. Мәселен, былтыр Аягөздегі болған оқиға осыған дәлел. 4 кішкентай бала басынан жарақат алып, қайтыс болды. Оларды ұрғаны анық қой. Мұндай қорқынышты жағдай туралы ашық айту керек.

«Аман-саулық» қоғамдық қоры зорлыққа қарсы ұйымдар коалициясына кіреді. Ұйым жүргізен талдау нәтижесінде зәбір көргендер құқық қорғау органдарына емес, ең алдымен медициналық орталықтарға барады. Жәбірлеушілер де қысым көрсетеді, жағдайды айтпауы үшін қорқытып, қоқан-лоқы жасайды. Сондықтан жәбірленушілердің көбі «құладым, абайсызда болды» деген сылтау айтып, жалтарады. Одан кейін жәбір көргенін дәлелдеу қиын. Өйткені дәрігер науқастың айтуы бойынша жазады. Ал онда зорлық-зомбылық фактісі туралы жазба болмайды.

Бұл мәселе бойынша 2019 жылдан бастап жұмыс жүргізіліп келеді. Мәселені шешу үшін тек мемлекеттің немесе үкіметтік емес ұйымдардың жұмыс істегені жеткіліксіз. Бірлесіп әрекет ету керек. Осы орайда біз Қырғыз Республикасына іссапармен барып, олардың тәжірибесімен таныстық.

Біз енді Нұр-Сұлтан, Алматы, Қара­ғанды қалалар­ында қанатқақты жобаны іске қосамыз. Кейін іс жүзінде жағдайдың ретін көріп, бәлкім, өзгеріс енгізуіміз де мүмкін. Жылдың аяғына дейін жобаны республика бойынша енгізуді мақсат етеміз. Бұл жәбірленушілердің құқығын қорғап, қысым көрсетушінің заң алдында жауап беруіне ықпалын тигізеді.

 

Бақыт ТҮМЕНОВА,

«Аман-саулық» қоғамдық қорының жетекшісі