Әлеуметтік желілерде лезде таралып кеткен бейнежазба Тэн-л`Эрмитаж коммунасының алдында түсірілген. Наразы азамат президентке «Макронизм тоқтатылсын!» деп айқайлап үлгерген.
Президенттің күзет қызметі жедел әрекет етіп, Эммануель Макронды оқшаулап үлгереді. Франциялық басылымдар оқиғаға қатысты екі азаматтың қамауға алынғанын жазды.
Франция көшбасшысы оқиғаға қатысты түсініктеме берді. «Бұл жағдайды тым әсірелеудің қажеті жоқ. Бұл оқиға бізді алаңдатып, назарымызды өзге де маңызды мәселелерден бұрмауы керек», деп жауап берді.
Бұл оқиғадан кейін үкімет басшысы Жан Кастекс Ұлттық ассамблеяға жолдау жасап, мемлекетте демократия мен сөз бостандығына рұқсат болса да, зорлау, бопсалау немесе басқа да күш көрсетуге жол берілмеуі керектігін айтты.
Солшылдардың көшбасшысы Жан-Люк Меланшон да бұл пікірмен келісетінін айтып, президентке қолдау білдірді. Француз саясатындағы оңшылдардан шыққан әккі саясаткер Марин ле Пен де президентке қол жұмсаған азаматты сынға алды. Ол тіпті қызу талқыға ұласатын демократиялық пікірталас кезінде де қол жұмсауға жол берілмейтінін айтты.
Президент әкімшілігі оқиғаның Дром аймағында болғанын, азаматтың мемлекет басшысына қол көтергенін растаумен ғана шектелді. Одан кейінгі ақпаратпен бөліскен жоқ. Тәртіп бұзушылардың жауапқа тартылғаны туралы да ресми хабар таратылмады. Дегенмен, бірқатар франциялық агенттік екі азаматтың түрмеге қамалуы мүмкін екенін жазды.