Бұл игілікті істен «Қазақмыс» сынды алпауыт кәсіпорын да тыс қалмады. Атап айтқанда, корпорация үй-жайды жөндеуге, заманауи жабдықтар сатып алуға, сонымен бірге медициналық персоналды оқыту мен біліктілігін арттыруға қажетті қомақты қаражат бөлді.
Аталған орталықта 18 жасқа дейінгі ерекше қажеттіліктері бар балалар оңалтудан өте алады. Бұл жерде емделуші балалардың ата-аналарының қайда жұмыс істейтіні маңызды емес. Ал 18 жастан асқан туабітті мүгедектігі бар емделушілердің ата-аналары міндетті түрде «Қазақмыс» корпорациясында еңбек етуі тиіс. Неге десеңіз, оларды оңалтуға жұмсалатын шығынның бәрін компания өз мойнына алады.
Жезқазғандағы оңалту орталығы жақын және алыс шетелдерде өндірілген заманауи құрал-аспаптармен жабдықталған. Атап айтқанда, Германиядан әкелінген «Мотомед» реабилитациялық тренажері, вертикализатор, «Кенгуру» мобильді құрылғысы, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған нейроортопедиялық сауықтыру пневмокостюмі ем алушыларға қалтқысыз қызмет етеді. Сонымен бірге орталықта түзету кабинеттері ашылған. Ал жаңа буын компьютерлік томографы бұған дейінгі көптеген мәселенің шешім табуына септігін тигізуде.
Қарағанды облысы,
Жезқазған қаласы