Тарих • 10 Маусым, 2021

Қажымұқанның ауылы

958 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мойнына қойылған рельстің екі жағына он-оннан 20 адам мінгізіп көтеретін, кеудесіндегі ауыр тасты бір жарым пұттық балғамен ұрып сындыртатын, қысқасы, неше түрлі ойын көрсетіп, жұртты таң-тамаша ететін Қажымұқан атасына ұқсағысы келетін жастар бүгінде аз емес. Еліміздің қай өңірінде болсын. Әсіресе өмірінің соңғы жылдарын өткізіп, осы қасиетті мекенді мәңгілік тұрағы еткен балуанның ерлігін, спорттық жеңісі мен ерекше өнерін қайталағысы келетіндер Түркістан облысының Ордабасы ауданында көп.

Қажымұқанның ауылы

Бүгінде ауданның барлық ауы­лында Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығы аясында және Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылды­ғына орай «Қажымұқан барысы» турнирі өтуде. Жарысқа қаты­сушылар арқан, өгіз, арба тарту, бөрене мен кір тасын көтеру, қол күрес және басқа да ұлттық спорт түрінен күш сынасуда. Турнир бекітілген кестеге сәй­кес барлық ауылдық округте ұйымдастырылып, соңғы са­йыс Тәуелсіздік мерекесі қар­са­ңында аудан орталығында өт­пек. Жалпы, аудан спортшылары барша қазақтың мақтанышы Қ.Мұңайтпасовты пір тұтып, жеңіс тұғырынан көрінуге тырысады. Мысалы, Ордабасы ауданынан Қа­зақстан Республикасына еңбегі сінген 11 жаттықтырушы, 3 спорт қайраткері, 10 әлем жеңімпазы, 9 Азия жеңімпазы, 10 Әлем жә­не Азия чемпионаттарының жүл­дегері, 29 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 125-тен аса спорт шебері шыққан. Жыл басынан бері ел чемпионы, облыстық жа­рыс­тардың жеңімпазы атанған спорт­шылар да аз емес. Бүгінгі ұр­паққа әрбір ісі үлгі-өнеге болған Қ.Мұңайтпасовтың есімін ұлық­тау үшін биыл ауданда алып ке­шеннің құрылысы басталды. Батыс Еуропа – Батыс Қытай ха­лық­аралық көлік дәлізінің бойы­нан салынатын мемориалдық ке­шен­нің ашылуында қазақ кү­ре­сінен халықаралық чемпионат өткізу көзделуде. Тең­дессіз өне­рімен жер шарын аралаған, 54 мемлекетте күреске шығып, 48 медаль олжалаған күш атасының өмірін дәріптейтін, оның есімін ұрпаққа ғана емес, алыс-жақын шетелдерге таныту үшін үш тілде кітап шығару қолға алынды. «Қажы­мұқан» қысқаметражды фильмінің түсірілімі басталды.

«Бұл жұмыстардың бар­лы­ғы Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаевтың тәуел­сіз­дігі­міздің мерейтойы аясында біртуар тұл­ғаларды еске алып, олардың мұ­расын жастарымызға және бүкіл әлемге паш ету туралы бастамасы аясында жүзеге асырылуда. Әрине, қандай деңгейде болсын ауқымды іс-шаралар өткізу үшін ауданның экономика­лық-әлеуметтік ахуалы ескерілері анық. Бұл орайда Президенттің ха­лық­қа арнаған Жолдауында айтыл­ған­дай мерейтой барысында ысы­рап­шылдыққа жол бермеу, ғұла­ма тұл­ғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеу, жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәр­­биелеу басты бағдар болады», дейді аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков.

Иә, алдымен экономика, бұл орайда ауданда атап өтерлік оң өзгеріс көп, шешімін тапқан мә­се­лелер де аз емес. Нақтырақ айт­сақ, Ордабасы ауданында биыл­дың қаңтар-сәуір айларында жал­пы өңірлік өнім көлемі 22 млрд 834 млн теңгеге жетіп, өт­кен жылғы тиісті кезеңмен салыс­тырғанда 4 млрд 255 млн тең­геге артқан. Сондай-ақ ауданға тар­тылған инвестиция былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 2,2 есеге артып, 7 млрд 549,9 млн теңгені құрады. Биылғы 4 айда ауылшаруашылық саласында 10 млрд 848,5 млн теңгенің өні­мі өндірілген. Өнеркәсіп сала­сындағы 39 кәсіпорынның өндір­ген өнім көлемі 8 млрд 77 млн тең­геге жетті. Аудан көлемінде жұмыс істеп тұрған 10 862 шағын және орта кәсіпкерлікте 15 551 адам жұмыспен қамтылған. Биыл 5 көшенің 4,8 шақырымына жа­рықтандыру құралдарын орнату жұмыстары жүргізілмек. Сон­дай-ақ 6 елді мекеннің ауыз су жүйе­лерінің құрылысы басталған. Аудандағы 57 елді мекеннің 7-і табиғи газбен қамтылған. Рес­публикалық және облыстық бюджеттен 5 елді мекеннің табиғи газ жүйесінің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, 22 елді ме­кенге қаржы қаралған. Негізгі қорды жаңғыртуға бағытталған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 217,3 пайыз болды. Оның 75,5%-ы – бюджеттік емес инвестиция. Кепілсіз несие бойынша 57 жеке кәсіпкер 228,5 млн теңгеге қаржыландырылды. Бұл көрсеткіш бойынша аудан облыс деңгейінде 3-орында. Ша­ғын несие ұйымдары арқылы 2 млрд теңгеден астам несие иге­рілген. «Қарапайым заттар эко­номикасы» бағдарламасы аясын­да жеңілдетілген қолжетімді ­не­сиені алу мақсатында 37 жоба ұсынылып, 23-і мақұлданды. «Биыл «Индустриялық-иннова­циялық даму» мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында 28,7 млрд тең­ге болатын 4 жоба жүзеге асып, 500-ге жуық азамат тұ­рақ­ты жұмыспен қамтылады. Атап айт­қанда, жыл­дық қуаты 2 млн тоннаға жете­тін Standart Petroleum & Co ЖШС-нің мұнай-химия өңдеу жо­басының жалпы құны – 300 млн доллар (129,9 млрд теңге). Қазіргі таңда жалпы құны 2,3 млрд теңге «Агро-V» ЖШС-нің жаңа технологиялы қыш зауы­ты, жалпы құны 1,6 млрд теңге бо­латын RZN ЖШС-нің авто­клав­талған газдалған бетон өні­мін өндіру жобалары­ның құ­рылыс-монтаждау жұмыста­ры жүргізілуде. Сондай-ақ жалпы құны 0,8 млрд теңге болатын «Алек­сандровский сад» ЖШС-нің көкө­ніс сақтау қоймасы үшінші тоқсанда іске қосылады», дейді аудан әкімі.

Ауыл шаруашылығы, оның ішінде егіншілікпен күнін көріп отырған шаруалардың жаз мезгі­лінде ағын сумен қамтылуы өзекті мәселе болатын. Жалпы, аудан аумағында биыл 49 каналдың 210 шақырымын механикалық тазалаудан өткізу жоспарланып, 178,6 шақырым су арнасына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Әйтсе де, шаруалар тара­пынан ағын суды тиімді пай­далану жүйеленуі тиіс. Бұл бо­йынша аудан аумағында арнайы жұмысшы топ құрылған. Ауданда 838,2 шақырым болатын 87 канал бар. Егістік жерлердің ағын сумен қамтамасыз етілуін жақсарту, шілде айында су жетпей қалу қаупін сейілту мақсатында 43 каналда механикалық тазалау жұмыстары жүргізілген. Нәти­жесінде, 15 699 гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарып, шілде айында су тапшылығына ұшырайтын 2 271 гектар жердің мәселесі шешілді. Қараспан ауыл­дық округінде бірнеше жылдан бері жаз айларында егістік жерлерге су жеткізу шаруалардың бас ауруына айналып келген болатын. Бұл мәселені түбегейлі ше­шу үшін Бадам өзеніне бөгет қойылып, ұзындығы 4,2 шақырым жаңа канал қазылды. Нәтижесінде, Қараспан магистралды каналына су жіберу арқылы 2 664 гектар жерге су жеткізу мәселесі шеші­мін тапты. Ал Сарыарық ауылы­ның ішінен өтетін бір шақырым канал темір-бетонмен қапталып, үйіргелік жерлерді суаруға жағ­дай жасалуда. Қазіргі таңда аудан­дағы жалпы су арналарының ­ме­ха­никалық тазалаудан өткені ­­
80 па­­йызға жуықтаған. Биыл Ор­да­басы ауданында бір алқаптан 2-3 өнім алуға ниетті шаруашылық саны 257-ге жетті. Олар 524 гек­тарға ауыл шаруашылығы да­қыл­дарын егіп, баптауда. Бұл был­тыр­ғы көрсеткіштен 3 есеге артық. Осылайша, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәй­кес ауданда ауылшаруашылық саласын дамыту жүйелі жүзеге асы­рылуда. Аудан әкімі жердің тиім­ділігін арттыруды, ағын су мәсе­лесінің шешілуін жіті бақылауына алып, түйткілді мәселелердің тар­қа­тылуын ұдайы назарында ұстап келеді.

Күш атасы Қажымұқанның атын иеленген ауыл округі тұр­­ғын­дарының біразы былтыр табиғи газ игілігіне қол жеткізіп, «көгілдір отынмен» қамту көрсеткіші 21,1 пайызға жеткен болатын. Биыл Берген, Көлтоған, Бірлік, Боралдай, Қызылсеңгір ауылдарында республикалық және облыстық бюджет есебінен табиғи газ жүйесінің құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Бұл орайда аудан әкімі 2025 жылға дейін ауданды 100 пайыз табиғи газбен қамту көзделгенін айтады. Шұбарсу ауылында электр және таза ауыз су жүйелерін жүр­гізуді 5 кезеңде жүзеге асыру жос­парланған. Төрт жерден су ұңғы­масы қазылып, тұрғындар сани­тарлық талаптарға сәйкес таза суға қол жеткізбек. Төрт кезең бойын­ша жоспарланған табиғи газ мон­таж-құрылысы да биыл басталады.

Сөзімізді күш атасы Қажы­мұқаннан бастап ауданның эко­но­микалық ахуалын да баян­да­уымыздың өзіндік себебі де бар. Жыл сайын балуан рухына тағзым етуге еліміздің әр түкпірінен ке­лу­шілер көп. Олар Темірлан ауы­лындағы музей үйіне, балуанның мәңгілік мекеніне барады, өмір жолымен егжей-тегжейлі танысады. Спорт бәсекесінде балуандар Қажымұқан ауылына келіп, күш атасына тағзым етіп, боз кілемде өнер көрсетеді. Шырайлы Шымкенттен 40 шақырым ғана жерде жатқан іргелес ауданның тарихы, оның қазақ тарихындағы орыны да көпті қызықтырары анық. Сырт көз – сыншы. Бұл орайда ауданда балуанның беделіне нұқсан келтірмейтіндей ахуал­дың, жақсы тұрмыстың, жергілікті тұр­­ғындардың көңіл күйінің жо­ғары болғаны да маңызды. Түр­кістан мен миллионды қала ­Шым­кенттің арасын жалғаған, 122 мың халқы бар Ордабасы ауда­нын басқару осыдан бір жыл бұ­рын Нұрбол Тұрашбековке се­ніп тапсырылған-ды. Ұйым­дас­тырушылық қабілетімен де, «Ұлық болсаң, кішік бол» деген дана­лық қағиданы ұстанған ха­лыққа жақындығымен де аудан тұрғындарының көңілінен шығып жүрген әкімнің әрбір ісі қолдау табуда. Әсіресе соңғы жылдары іскер әкімдердің басқаруға келгеніне тәубе дейтін жергілікті жұрт тарапынан. Мысалы, Н.Тұрашбеков­тің қарапайым дерлік бір ғана әрекеті – Екінші дүниежүзілік со­ғысының аудандағы жалғыз арда­гері Қалмен Мұратовқа темір тұл­пардың кілтін табыс етіп, құрмет көрсеткенін тұрғындар әлі күнге дейін ризашылық білдіре және үлгі ете айтып жүр.

 

Түркістан облысы