Сахна төрінде оркестрмен бірге скрипкашы, Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева, симфониялық оркестрдің солисі Дастан Балағұмаров өнер көрсетті. Скрипка мен альт аспаптарында Бетховеннің, Моцарттың және отандық композитор Алмас Серкебаевтың туындыларын орындаған солистер қалың көрерменнің зор ықыласына бөленді.
Айман Мұсақожаева «Қазақконцерттің» бас сахнасындағы бұл симфониялық кеш Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналғанын айтты. «Бұл – біздің карантиннен кейін ұзақ күткен концертіміз. Бүгін үлкен сахнада көрермен қауыммен сағына көрісіп, қауыштық. Жаңа концерттік бағдарлама ерекше. Ұзақ уақыт бойы карантинде болып, түрлі қиындықтарға төтеп берген көрермен атақты композиторлардың музыкасы арқылы өмірдің басты құндылықтарына жаңаша көзқарас қалыптастырып, музыка құдіреті арқылы түрлі эмоцияларды сезіне алады. Музыка әрдайым баршамызға шабыт беріп, рухани күш-қуат сыйласын», деді скрипкашы.
Сондай-ақ дирижерлік тұғырда оркестрмен жұмыс істеген Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі, дирижер Камолиддин Уринбаев та оркестр өнерін жоғары бағалады. «Музыкалық өнер шекараға бағынбайды, музыка және талант – біздің ортақ тіліміз. Оркестрдің шеберлігі жоғары деңгейде. Сондай-ақ Қазақстанда классикалық өнерге үлкен қолдау көрсетілетіні ерекше қуантады», деді маэстро.
Айта кетейік, бұл мерекелік кеш маусым айындағы жаңа концерттердің алғашқысы ғана. Биыл өзінің 60-шы мерейтойлық маусымын өткізіп жатқан «Қазақконцерт» ұйымы көрермен қауымды жаздың алғашқы айында офлайн форматтағы тағы 9 концертпен қуантпақ. Аталған концерттер «Жұлдызбен бір сахнада» атты жаңа жоба аясында өтеді.