Оқиға • 10 Маусым, 2021

Шаруаларға жасалған жеңілдік көп

396 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров халық алдында есеп берді. Ведомство басшысы өткен жылдың қорытындысын жариялап, биылғы мақсат-міндеттерге кеңінен тоқталды.

Шаруаларға жасалған жеңілдік көп

С.Омаровтың айтуынша, өткен жыл күрделі жағдаймен қатар өрілсе де, елдің ауыл шаруа­шылығы саласындағы нәтижелері көңілге қонымды. Мәселен, былтыр 20,1 млн тонна дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар бастырылған. Астық қабылдау кәсіпорындарына тапсырылған жалпы бидай көлемінің 80 пайызы 1-3-ші сұрыпқа жатқызылды. 2019 жылы бұл көрсеткіш 50 пайызды құраған болатын.

– 2020 жылдың қорытындысы бойынша ірі қара малдың саны 7,8 млн басты құрады. Бұл 2019 жылдың деңгейінен 5,6 пайызға жоғары. Қой мен ешкі басы 4,7 пайызға, жылқы саны 10,1 пайызға, түйе 5,2 пайызға көбейді. Тиісінше, мал шаруашылығы өнімдері де ұлғаюда. Мәселен, ет 4,3 пайызға, сүт 3,2 пайызға артты. Нәтижесінде жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көле­мі 5,7 пайызға өсіп, 6,3 трлн тең­гені құрады. Бұл – Еура­зия­лық экономикалық одақ елдері ара­сындағы ең қомақты өсім. Тамақ өнімдерінің өндірісі 4 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестициялар ағыны 15 пайызға, тамақ өнімдері өндірісіне тартылған инвестиция 13,5 пайызға артты. Осылайша, агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялардың жалпы көлемі 677,2 млрд теңгені құрады. Көрсеткіш негізгі жоспардан 154,2 млрд теңгеге асып отыр, – деді С.Омаров.

Министрдің баяндауынша, осы жылдың төрт айында саладағы жалпы өнімнің көлемі 3 пайызға, ал азық-түлік өнімдерінің өндірісі 3,9 пайызға ұлғайған. Мал шаруашылығындағы өндіріс көлемі 3,2 пайызға артты. Атап айтқанда, тірідей ет өндіру 5,3 пайызға, сүт өндіру 3,4 пайызға өскен. Былтыр елімізде импортты алмастыру аясында жаңа 48 тауарлы сүт фермасы, үш ет комбинаты және ет бағытындағы 8 құс фабрикасы іске қосылды. Тауарлы сүт фермаларының ашылуы сүт зауыттарының жүктемесін 75 пайыздан 77 пайызға дейін арттырып, өңдеу көлемін 1 826 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік берген. Ал ет комбинаттарының пайдалануға берілуі өңдеу көлемін 15 мың тоннаға, яғни 151 мыңнан 166 мың тоннаға арттырған. Құс фабрикаларының ашылуы шаруашылықтардағы ет өндірісінің көлемін 222,7 мыңнан 235,6 мың тоннаға жеткізген.

– Өткен жылдың қорытынды­сы бойынша салада барлық мак­рокөрсеткіштер бойынша өсім бар. Өндірістің өсім көлемі қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының ұлғаюы­мен нақтыланды. Ол 2019 жылмен салыстырғанда 22 пайызға өсіп, 1,3 млрд долларды құрады. Жүр­гізіліп жатқан саясаттың тиім­ділігін британдық The Economist журналы өткізетін азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық рейтингі де растады. Онда Қазақстан 2020 жылдың қорытындысы бойынша 16 позицияға көтеріліп, әлемнің 113 елінің ішінде 32-ші орынға ие болды, – деді министр.

С.Омаровтың мәліметінше, 2020 жылы агроөнеркәсіп кеше­нінде 57 ірі жоба іске қосылған. Ауылда 15 мыңға жуық жұмыс орны құрылыпты. Ал Аграрлық несие корпорациясы, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры және «ҚазАгроҚаржы» ар­қылы саланы қаржыландыру көлемі 446 млрд теңгені құраған. Бұл ретте қарыз алушылардың саны 2019 жылғы деңгейден, яғни 77 мыңнан былтыр 80 мыңға дейін ұлғайды. Шағын және орта бизнеске несие беру үлесі 92 пайыздан 95,3 пайызға дейін өскен.

Министр саладағы жаңа­шыл­дықтарға да тоқталды. Айтуынша, былтырдан бастап республикада агроөнеркәсіп кешенін ерікті сақтандырудың жаңа жүйесі іске қосылған. Онда сақтандыру сыйақыларын 50 пайыз көлемінде субсидиялау көзделген.

– Жүйеге төлемдердің кепіл­дігін қамтамасыз ететін халық­аралық қайта сақтандыру компаниялары тартылды. Барлық процесс толығымен автоматтандырылған. Өсімдік шаруашылығы саласында сақтандыру өнімдері бекітілді. Сондай-ақ алғаш рет мал шаруашылығында ірі қара малды сақтандыру енгізілді. Өнім мультитәуекелді болып табылады. Тәуекелдер қатарына инфекциялық және аса қауіпті аурулар, өрт, үшінші тұлғалардың қаскүнемдік әрекеттері, қауіпті табиғи немесе дүлей құбылыстар, сондай-ақ жарылыс, найзағайдың түсуі, тұншығу, жануарлардың шабуыл жасауы секілді жазатайым оқиғалар енгізілді. Мәселен, 2020 жылғы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарының қоры­тындысы бойынша астық егіле­тін алты өңірде 115 мың гектар дәнді және майлы дақылдар сақ­тан­дырылды. Ол бойынша 518,2 млн теңге төленді, – деді С.Омаров.

Ведомство басшысының айтуынша, былтыр қабылданған дағдарысқа қарсы шаралардың нәтижесінде мемлекеттік қолдау көлемі 366 млрд теңгеге дейін жеткен. Бұл 2019 жылғы деңгейден 13 пайызға көп.

Сондай-ақ ол субсидиялау шаралары барынша жеңіл­де­тілгенін және толық автомат­тандырылғанын, бұл субси­дия беру процесінің ашық­тығын қамтамасыз етуге мүмкін­дік бергендігін еске салды.

– Қойылатын талаптарға өзгерістер енгізу арқылы шағын және орта шаруашылықтарды субсидиялау көлемі ұлғайды. Өсімдік шаруашылығындағы барлық субсидия бірыңғай қағидаларға біріктірілді. Өсімдіктерді қор­ғау құралдарын субсидиялау кеңей­тілді. Енді гербицидтер ғана емес, пестицидтердің басқа да түрлері субсидияланады. Ең бас­тысы субсидияларды күнтізбелік жыл шеңберінде емес, тұқым, тыңайтқыш, пестицидтер сатып алынған күннен бастап 12 ай ішінде алуға мүмкіндік жасалды, – деді министр.

Осы орайда, министрлік агроөнеркәсіп кешенін дамы­тудың 2021-2030 жылдарға арнал­ған тұжырымдамасын және 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын әзірлегенін атап өткен жөн. Ондағы мақсат – еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру, ішкі нарықты азық-түлік тауарлары­мен 80 пайыз деңгейінде молықтыру, өңделген өнім экспортын екі есе ұлғайту, ірі инвестициялық жобалар айналасында 7 экожүйе қалыптастыру. Жоспарланған іс-шаралар алдағы бес жылда са­лаға 4,5 трлн теңге инвестиция тартуға мүмкіндік бермек. Бұл қо­сымша 500 мың адамды жұмыс­пен қамтуға жол ашылады деген сөз.

Министр атап өткендей, алдағы бес жылдың ішінде 845 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінде жобалар өңір әкімдерімен, инвесторлармен пысықталды. Тиісті жол карталары да рәсімделген. Министрлік жобалардың жүзеге асырылуына мониторинг жасап, бақылау жүргізіп отыр.