Тағайындау • 10 Маусым, 2021

Ордабасы ауданына жаңа әкім тағайындалды

1612 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан әкімдері арасында ауыс-түйіс жасап жатыр. Әкімдердің командасы жаңа есімдермен толығып жатыр. Солардың бірі Бағлан Батыршаевқа бүгін Ордабасы ауданының тізгіні сеніп тапсырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ордабасы ауданына жаңа әкім тағайындалды

Біз білетін Батыршаев кім? Облыс әкімдігінің таратқан ресми ақпараты бойынша Бағлан Дәнебекұлы 1976 жылы Ордабасы ауданында дүниеге келген. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін инженер-экономист, Қазақ гуманитарлық заң университетін құқықтану,  Алматы Менеджмент университетін іскерлік әкімшілендіру магистрі мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын банк саласында бастаған. 1998-2019 жылдар аралығында «Казагроойл» ЖШС-нің қаржы директоры, Астана қаласы әкімдігінің шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары, Астана қаласы әкімінің көмекшісі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, «Қазтеміртранс» АҚ-ң басшысы, Премьер - Министрі Кеңесінің бас инспекторы, «ҚазМұнайГаз-Сервис NS» АҚ-ң бас директоры, «Оңтүстік»  аймақтық инвестициялық орталығының басқарма төрағасы лауазымдарында еңбек еткен. Жаңа қызметіне дейін «Түркістан облысы әкімдігінің іс басқармасы» мекемесінің басшысы қызметін атқарған.  Бір сөзбен айтқанда, әкімдікте, үкіметте, ұлттық компанияларда, банк секторында тәжірибе жинаған маман. Уақтысында Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатына сайланып, халықтың аманатын арқалаған ең жас депутаттардың бірі атанған. «Сарыағаш» шипажайының директоры лауазымына тағайындалып, суы мың да бір дертке дауа демалыс орнының заман ағамына сай қайта түлеуіне мол үлес қосқан азамат. Облыста «Батыршаев әкім болады екен» дегенәңгіме шыққалы қашан. Бұл Батыршаевтың іскерлігін білетін елдің, көпшіліктің қалауы сияқты көрінетін еді.  Жаңа тағайындауды жасауда облыс басшысы Шөкеевтің  халықтың осы талап-тілегімен де санасқаны айдан анық.

Жаңа әкімді аудан активіне Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев таныстырып, алдағы мақсат-міндеттерін айқындап берді. Аудандағы халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын көтерудегі Елбасы Н.Назарбаев саясатын жүзеге асырып, Мемлекет басшысы бекіткен тапсырмаларды сапалы орындауды жүктеді.

«Бұған дейін Ордабасы ауданының әкімі болып келген Нұрбол Тұрашбековтың мол тәжірибесін ескере отырып, басқа жауапты қызметке ауысуына байланысты атқарып отырған қызметінен босаттым. Бүгінгі күнгі аудандық мәслихатының сессиясына Ордабасы ауданы әкімі қызметіне жаңа кандидатура ұсынылып, депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тауып отыр. Бағлан Батыршаев – тәжірибесі мол, еңбекқор азамат. Аудан экономикасын көтеруге бар тәжірибесін, білімін, күш-жігерін жұмсайды деп сенемін»,  деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Облыс әкімі жаңадан тағайындалған аудан әкіміне басты назар аударып, атқаруды қажет ететін бірқатар мәселелер міндеттеді. Ауданда жаңа өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығына инвестициялар мен озық технологиялар тартып, өндірілетін өнім көлемін арттыру бойынша жұмыстарды жүргізуді жүктеді. Ең алдымен, аудан тұрғындарына барынша қолайлы тұрмыстық жағдайлар жасап, ауыл, елді мекендері жайлы, қауіпсіз, таза да көрікті аумаққа айналдыруды тапсырды.

Ал Ордабасыны былтырдан бергі аралықта басқарып, қысқа уақыттың ішінде көптің алғысын арқалаған Нұрбол Тұрашбеков бұдан да жауапты қызметке тағайындалады. Жиында мұны Шөкеевтің өзі атап өтті.