Нұрбол Әбдісаттарұлы мамандығы бойынша инженер-экономист. Еңбек жолын Ордабасы ауданында жер кадастр бюросынан бастаған. Жер кадастр саласындағы қызметі Сайрам ауданында, «Оңтүстік Қазақстан жерге орналастыру ғылыми-өңдірістік орталығы» еншілес мемлекеттік кәсіпорнында басшылық қызметтермен жалғасты. 2012 жылы елордадағы «Жерге орналастыру ғылыми-өңдірістік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған. 2016 жылдың сәуір айынан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» дирекциясы директорының орынбасары, «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру» дирекциясы Мемлекеттік жер кадастры басқармасының басшысы лауазымын атқарған. Ол 2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының әкімі болды.
Тұрашбеков әкім болған жылдары Түлкібаста біраз бастамалар қолға алынды. Ауданға инвестиция тартуда, кәсіпкерлікті дамытуда жеткен жетістіктер облыс басшылығы тарапынан жоғары бағаланды. Әсіресе, табиғаты тамаша Түлкібаста туристік бағытта ірі жобалар жасалды. Былтыр Тұрашбеков өнеркәсібі де, ауыл шаруашылығы да жақсы дамыған Ордабасы ауданының әкіміқызметіне ауысқан болатын.
Тұрашбеков осы жуырда ғана өңірлік коммуникациялар қызметінде берген брифингінде Ордабасыда соңғы бір жылда атқарылған жұмыстарды баяндап өткен еді. Сол брифингте айтылған бір-екі цифрға тоқтала кетсек, ауданда инвестиция көлемі былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 2,2 есеге артқан. Жалпы өңірлік өнім көлемі 22 миллиард 834 миллион теңгеге жетіп, 2020 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 4 миллиард 255 миллион теңгеге көбейген. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік саласында да ауыз толтырып айтарлық өсім бар. Тұрашбековтың жүрген жерінде рухани, тәрбиелік маңызы бар шараларға да көп мән беретіні өңірдің зиялы қауым өкілдері арасында көп айтылады. Яғни, Түркістанға әкім тағайындауда таңдаудың бұған дейін екі бірдей ауданның тізгінін ұстаған, іскерлігі мойындалған Тұрашбековке түсуі бекер емес. Облыс басшысы Шөкеевтің бұл шешімі жалпы көпшіліктің де көңілінен шығып отыр. Жаңа әкімді таныстыру рәсімінде Өмірзақ Шөкеев:
- Түркістан қаласының дамуының бірінші кезеңі аяқталып, екінші кезеңі басталды. Өздеріңізге белгілі, жақында ғана өңірдің кешенді жоспары бекітілді. Онда алдағы 5 жылда атқарылар жұмыстар нақтыланған. Оның аясында жүйелі түрде жұмыс істеу керек. Түркістанның климатын өзгерту жолында мамандар өте көп еңбек етуде. Осыны жалғастыру керек. Екі жылда 400 гектар жер саябаққа айналды. Бірнеше су айдындары пайда болды. Түркістан - туған қаламыз. Бүкіл әлем көз тігіп отырған түркі әлемінің рухани астанасы. Осындай киелі мекенді басқару бұйырған жаңа әкімнің алдағы жұмысына сәттілік тілейміз, - деді.