Қоғам • 11 Маусым, 2021

Желідегі жоқтау

1811 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Несін айтайық, осы күні интернеттің беті «иманды болсын» деген сөзге иін тіресіп тұр. Бетін әрі қылсын, бүгінгі мынау дауасыз дерт, аты жаман ажал талай жақсымыз бен жақынымызды жалмап кетіп жатқан аласапыран уақытта сол сөзді естігіміз, көргіміз келмей-ақ тұрады. Бірақ суық сөз сумаң етіп жылдам тарай жөнеледі емес пе? Жаныңды ызғар қарып өткендей, арқаңды қайғының қара қамшысы осып түсіргендей жайсыз хабарды оқып есеңгіреп қаласың...

Желідегі жоқтау

Әрине, тас түскен жеріне ауыр, туысын жоғалтып, қайғыдан қан жұтып отырған жұртқа қаза салмағының қаншалықты ауыр екенін сөзбен айтып жеткізу қиын. Түрлі жағдайға байланысты біртуғанының жаназасына бара алмаған бауырларымыз да бар. Айтқан жерде бәле жоқ, ажал алыс-жақынға қараса, қане?

Бірақ айтпағымыз бұл емес. Бүгінде әлеуметтік желінің әләуләйімен топырақты өлімге топ алдында онлайн «оңай» көңіл айту белең алып бара жатқандай. Қазнеттегі қазекемнің қазаны аза тұтуы кейінгі кезде тіпті тітіркендіріп барады.

Әкесінің топырағы кеппек түгілі, тәні суымай жатып желіде жылап отырған ұл-қызды көргенде көңіліңді көк мұз қариды. «Жақынымнан жаңа ғана айрылып қалдым» деп ақы иесі ақпарат таратып, желіде жасыл белгісі жарқырап онлайн отырғанда өзің біртүрлі болып қаласың. Біз де әлгі жерде жайсыз хабарды естіген бойда қос қолымызды жайып, Құдайдан марқұмға дұға оқудың орнына смартфонымыздың бетін «Иманды болсын» деген сөзбен сипай салатын болдық.

Бүгінде әлеуметтік желіде бес тиын деген ұғым бар. Аталған мәселеге қатысы болсын, болмасын, хақы бар ма, жоқ па, оған қарайтын халық көрінбейді. Жылт еткен жерге өзінің бес тиынын қоса кетуді жалақысыз жұмыс деп есептейтіндер көп-ақ. «Иманды болсын» деген жаны жоқ жалаң сөз де сол бес тиынның ар жақ, бер жағына айналып болды.

Қарап отырсақ, баяғының қара жамылып, қырық күн аза тұтатын дәстүрі құрдымға сіңіп құрығалы қашан! Күлеміз-ау, өткенде кішкентайы дүниеге келіп, дүйім жұрттан сүйінші сұрап жатқан бауырымыздың әлгі жазбасына әлеуметтік желідегі бір ағасы байқамай «Иманды болсын» деп «құттықтау» жолдапты. Ағасы да әдейі істейін демеген шығар, әлеуметтік желіде екін­ші біреуге көңіл айтып, бес тиынын қосам деп отырып шатасқан болуы мүмкін. Жалпы, мұндай шатасуды кешіретін бар, кешірмейтін бар.

Ыңғайсыз шаруаға еріксіз күлдік те, қойдық.

Жалпы, гаджетіміздегі «Т9» тапсырмасы көп жазған сөзді жадына жаттап алатыны белгілі. Осы күні «И» деген батырманы бассаңыз болды «Иманды болсын» деген сөз атып шығады. Онысы «Мүмкін сіз осы сөзді жазғыңыз келіп тұрған шығар» деген мезіреті. Байқағанымыз, мұндай ибалы, мұндай иманды интернет исі мұсылманға, оның ішінде ғаламтордың алдында күні-түні отырған қазекеме жақсы-ақ болып тұрған сияқты. Бұрында қазаны естіртудің өзі есті салт еді-ау. Бұрында көңіл айтудың өзі көп-көрім өнер еді-ау. Бұрында аза тұтудың өзі айрықша дәстүр еді-ау. Соның бәрін арзан желінің бүгін бар, ертең жоқ ермегіне айырбастай салу қаншалықты дұрыс? Білгенге, бұл ғаламтор жақыныңды алыстатып, алысыңды жақындатуы оңай өте күрделі өрмек екенін аңғару аса қиын емес. Айта берсек бұл мәселенің тамыры тіпті тереңге кетеді.

Бүгінде сондай-ақ қабір басынан қалта телефоны арқылы репортаж жасау да әдеп­сіздеу әдетке айналды. Жас қабірді жар­қы­ратып жалпақ жұртқа жариялап, сол қа­заға қатты қайғырғансимыз. Тіпті өрескел сұмдық. Жойдасыз жайылғандық. Осы күні бұл әлеуметтік желіде еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін отырғанын біз таза ұмытып кеттік. Сол сіз жариялап отырған жас қабірді көрген кішкентай баланың, не жас келіннің, не қыз баланың психологиясы бұзылатынын неге ескермейміз? Оны ойлап жатқан ойлымыз аз, үңірейген бос көрді, топырағы кеппеген жас қабірді жариялаған үстіне жариялай түсудеміз...

Үшкілсіз көйлек киіп үш жерден буылып жатқан мәйітті суретке түсіріп желіге жария­­лаудан асқан тәрбиесіздік жоқ-ау!..

Осы жөнсіздікті жүгендейтін уақыт баяғыда болды. Бәлкім, имамдардың тарапынан аталған мәселеге қатысты пәтуа шығару керек шығар? Әйтпесе, әй дегенге қоятын әлеуметтік желі, оны қолданып отырған қожайындар көрінбейді. «Ашынғаннан шығады ащы даусым» дегендей, кешегі Мағжан ақынның «Мені де өлім әлдиле» дегенін бүгінгі ұрпақ тікелей түсініп, қазаны әлеуметтік желіде қатырып «әлдилеп» жатқандай.