Аймақтар • 11 Маусым, 2021

Пай-пай, Шығыстың келіндері-ай...

945 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақтың салт-дәстүрінде келіннің мойнына артылған міндет көп. Тұрмыстағы шаруасынан бөлек, мінез-құлқына, киім киісіне дейін көңіл бөлген елміз. Заманның дамығанына қарай ма, кім білсін, ықылым заманнан бері келе жатқан тәп-тәуір дәстүрлерімізді кей-кейде ескермей жатамыз. Қазақ ғұрпын ұмытпау үшін, керісінше ұлықтау үшін Ұлан ауданында «Аяулы жас келін-2021» облыстық байқауы өтті.

Пай-пай, Шығыстың келіндері-ай...

Жыл сайын ұйымдастыры­латын дәстүрлі байқаудың бас­ты мақсаты – жастар арасында отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ата дәстүрден алыс­тамау. Ата дәстүр демекші, Дидах­мет Әшімхановтың «Сары самауыр» деген әңгімесі ойға орал­ды. Әңгімеде әдет-ғұрып тү­гілі, үйдің тірлігіне икемі жоқ жас келін сонау атадан балаға мирас болып келе жатқан самауырдың кеңірдегін қызыл шоқпен кептей берген. Сөйтіп жүріп ауызүйге кіріп боянған, кірпігін түзеген, қасын жұлған... Сол екі арада самауырдың суы сарқылып бүйірі балқып кеткен екен. Бұл жерде жазушының айтпағы, қазақы дәстүрімізді сары самауырдай жоғалтып бара жатқандығымыз еді. Заманның ағымына қарай ата-салтты түп-тамырымен қайтар­масақ та «Аяулы жас келін» дегендей байқаулар керек-ақ.

– Алдын ала іріктеу кезеңі аймақтың әр қаласы мен аудандарында өтті. Содан суырылып шық­қандар облыстық дең­гейде өз аудандарының намы­сын қор­ғайды, – деді ШҚО жас­тар ор­та­лығының директоры Арайлым Есімбекова.

Бірнеше кезеңнен тұратын байқауға Шығыс Қазақстанның әр ауданынан он алты келін қа­тысты. Бәрі барынша салт-дәс­түрден алыстамағандықтарын дә­лел­деді. Алғашқы кезеңде ке­ліндер бауырсақ пісіріп, шай қайнатып, дастарқанды жайнатып жіберді. Әділқазылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. «Ас адамның арқауы» атты бөлімінде қазылар алқасын қазақ асханасында ұмытылып бара жатқан тағамдарды дайындап таң қалдырды. Сондай-ақ қаза­қы келінге тән өз өнерлерін де көрсетті.

Байқау бір күндік болғанымен, келіндер жыл көлемінде дайындалды. Сайыс болғандықтан, бірі-бірінен басым түсуі заңдылық. Қазылар алқасының шешімімен үшінші орынды Аягөз ауданы­ның келіні Еркежан Вадинова қанағат тұтты. Екінші орынды Шемонаиха ауданынан қатысқан Жания Хисабек еншіледі. Ал Шығыс Қазақстан облысының «Үздік келіні» атағына үржар­лық Талшын Юсупахунова ие бол­ды. Олардың барлығы арнайы дипломдармен және ақшалай сый­лықтармен марапатталды.

Айта кетсек, байқауға қа­ты­­­су­шылар үй шаруасымен ғана айна­лысып қоймай, әр­түр­лі сала­лар­да еңбек етеді. Бірі мұ­ғалім болса, енді бірі – дәрі­гер. Ара­сын­да мем­ле­кеттік қыз­мет­кер­­лер де бар еді.

 

Шығыс Қазақстан облысы