Қазақстан • 11 Маусым, 2021

Scopus базасына енді

566 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ЕҰУ-дың үшінші ғылыми журналы – физика-техникалық факультетінде шығарылатын Еуразиялық физика және функционалдық материалдар журналы («Eurasian Journal of Physics and Functional Materials») Scopus ғылымиметрикалық деректер базасына енгізілді.

Scopus базасына енді

Айта кету керек, Қазақстанда Scopus базасына кіретін 6 журнал болса, оның 3-ін Еуразия ұлттық университеті басып шығарады. Бұл Математикалық және ком­пью­терлік қо­сым­ша­лардың Еура­зиялық журналы, Еуразия­лық ма­те­ма­ти­калық журнал және Еуразиялық физика және функ­ция­лық материал­дар журналы.

Еуразиялық физика және функциялық материалдар жур­­налы 2017 жылдан бері жа­рық көріп келеді. Журналдың тең құрылтайшылары – «Бірік­кен ядролық зерттеулер институ­ты» халықаралық үкімет­ара­лық ұйымы (Дубна қ., Ресей) және «Қазақстанның физика-техникалық қоғамы». Мұнда ядролық физика, жоғары энергия физикасы, баламалы энергетика саласындағы ғылыми тео­­риялық және эксперименттік зерт­­теулердің нәтижелері, энер­ге­тикалық сектордың қоршаған ортаға әсері, функ­циялық материалдар мен ғылымды қажет­сі­нетін технологиялар туралы ақпарат жарияланады.

Редакциялық алқа құрамы Қазақстан, Ресей, Беларусь, АҚШ, Франция, Жапония, Финляндия, Украина, Швеция, Италия, Өзбекстан және Англияның бел­­гілі ғалымдарынан, сондай-ақ CERN (Ядролық зерттеу­лер жөніндегі еуропалық ұйым) және БЯЗИ (Біріккен ядролық зерттеулер институты, Дубна қаласы, Ресей) әлемдік деңгейдегі халықаралық ғылыми ұйымдардың өкілдерінен тұрады. Сонымен қатар журналда жарияланатын мақала авторларының 50%-дан астамы – шетелдік ға­лымдар.

Ғылыми мақалалар мұқият іріктеліп, тек ағылшын тілінде шығарылады.

Еуразиялық физика және функциялық материалдар журналы Scopus-пен қатар басқа да белгілі халықаралық ғылыми метрикалық дерекқорларда ин­декс­теледі: Index Copernicus International Ltd Poland, Cross Ref (World), Google Scholar, Scilit (Basel, Switzerland), Research Bib (World), Ulrichs web, Cite Factor, DOAJ, РИНЦ (e-library).

Журналда жарияланатын мақалаларды жоғары білікті ма­мандар іріктейді. Бұл Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің Халық­аралық ғылыми және баспа беде­лін көтеруге, әсіресе универ­си­теттің 25 жылдық мерейтойына байланысты лайықты үлес қосады. Ғылыми журнал туралы толық ақпаратты басылым сайтынан алуға болады: www.ephys.kz.