Коронавирус • 11 Маусым, 2021

Екпе алғандарға елімізде қандай артықшылықтар бар?

430 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір екінің бірін мазалайтын мәселе – Covid-19 екпесін ектіру, яки ектірмеу. Мұның себептері де жоқ емес, деп хабарлайды Egemen.kz.

Екпе алғандарға елімізде қандай артықшылықтар бар?

Өзін-өзі оқшаулаудан қажыған жұртқа бүгінде екпе пайдалы болып тұр десек те, 2020 жылғы тәжді індеттің алғашқы толқыны елді жан-жақтан қапсырған тұста, дәрі-дәрмектер мен ауруханаларда бос орындардың тапшылығы, мезгілсіз қазалар дүдәмалды ойлардың қалың іргетасын қалады.

Сонымен ҚР мемлекеттік Бас санитар дәрігерінің қаулыларымен вакцина салдырғандарға берілетін артықшылықтар ұлғайып келеді. Ол қандай артықшылықтар? Осының бүге-шігесіне дейінгі сұрақтармен Алматы қаласының №11 емхана дәрігер-эпидемиологы Қарлығаш Оразбаеваға хабарласқан едік.

«Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсіп министрі Бағдат Мусин ОКҚ баспасөз-конференциясы кезеңінде, осы аптаның ішінде COVID-19 екпесінің толық курсынан өткен Қазақстан Республикасының азаматтары қоғамдық орындардың барлығына дерлік еркін кіріп-шығуға мүмкіндік беретін «Ashyq» қосымшасында «жасыл» ахуалға ие болатынын хабарлады. «Жасыл ахуалдың мерзімі жарты жылға жарамды, алайда, бұл ахуалдың мерзімі әлі де реттелінетін болады», дейді Қарлығаш Қуандыққызы.

COVID-19 қарсы екпенің толық курсын қабылдағанын растайтын құжат ұсынылған жағдайда Қазақстан Республикасына әуе жолдары арқылы шет елдерден келген және шекараны қиып өтетін тұлғаларға (дене қызуы қалыпты жағдайда болу шартымен) ПТР әдісімен COVID-19 тестісінен өту талабы қойылмайды.

«Бұдан бөлек, COVID-19 қарсы екпенің толық курсын қабылдағанды растайтын құжат ұсынылса, серіктестік босануларға қатысқанда, науқастарды, оның ішінде жүктілерді, жас босанғандарды және балаларды стационарға (соның ішінде күндізгі стационарға) жоспарлы түрде ауруханаға жатқызғанда ПТР анықтамасы талап етілмейді.

Екпе алғандарға сәбилер мен балалар үйлеріне барғанда, әлеуетті ата-аналардың әріден ұл асырап алу/қыз асырап алу, қамқоршы тағайындау, қорғаншылық үшін жетім балалармен кездесу үшін тест тапсырудың қажеті жоқ.

Әлеуметтік-медициналық нысандарға қайта түскен науқастарға (қарттар үйлері, мүгедектер және басқалары, науқас баланың күтімімен медициналық ұйымдарға жататын тұлғаларға, ұзақ және қысқа мерзімді кездесуге рұқсат алу үшін пенитенциарлық (қылмыстық атқару жүйесі) мекемелермен қамтылған тұлғалардың туыстарына да шектеулер қойылмаған. Бұл тек бүгінгі күнге, келешекте өзгеруі мүмкін», деді эпидемиолог.

COVID-19 екпесін алмағандар мен COVID-19 індетіне шалдықпағандар соңғы 6 айда қашықтық үлгіде жұмыс істеуге көшеді. Бұлар – өнеркәсіп мекемелері мен өндіріс нысандарының жұмысшылары, оның ішінде жұмысшының өндірістік нысанда болуын қажет етпейтін жұмыстар, вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер.

Сонымен қатар бұл талаптар санаторилік-шипажай, демалыс орындары, қонақ үй, мейрамхана, мәдениет, мемлекеттік органдар, бизнес орталықтар, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің қызметкерлері, яғни қашықтан міндеттерін атқару мүмкін емес жұмысшылардан басқасына қатысты.

«Қан тазарту есебіндегі науқастар алдын алу мақсатымен айына 1 рет ПТР әдісімен COVID-19 тестісінен өтуілері тиіс. Егер, мұндай науқас  екпенің толық курсын қабылдаған болса, онда ай сайынғы ПТР әдісімен COVID-19 тестісін тапсырудан босатылады.

Шектеуіш шараларын енгізу кезеңінде студенттік жатақханаларда бөлмеге қоныстануды 50%-ға дейін толтыруға болады, бөлмеге 2 адам ғана тұруына рұқсат. Егер студенттердің 80% екпенің толық курсынан өтетін болса, онда бөлмені 100%-ға дейін толтыруға болады, тиісінше, орын саны көбейеді», дегенді қосты эпидемиолог Қарлығаш Қуандыққызы.

Айнаш ЕСАЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ