Спорт • 11 Маусым, 2021

Олимпиада күні: Қазақстанда мерекені жеңіл атлеттер бастады

531 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан өңірлерінде Халықаралық Олимпиада күніне арналған спорттық шаралар басталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Олимпиада күні: Қазақстанда мерекені жеңіл атлеттер бастады

Бұл мереке жыл сайын 23 маусымда атап өтіледі. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті барлық қазақстандықтарды мүмкіндігінше белсенді болып, олимпиадалық құндылықтарды зерттеп, жаңа спорт түрлерімен танысу үшін бүкіл маусымды олимпиадалық құндылықтарға арнайды. Барлық іс-шаралар халықаралық олимпиадалық қозғалыстың «Бәріміз бірге: жылдам, биікке, мықты» жаңа ұранымен өтеді.

Бес олимпиадалық сақина бес құрлықты бейнелейтіні сияқты, еліміздің спорттағы бірлігін сипаттау мақсатында Қазақстанның бес аймағында мерекелік эстафета өтеді.

Ұлттық Олимпиада комитетінің қолдауымен мерекелік эстафетаны бірінші болып Шығыс Қазақстан облысы бастады. Елімізде жеңіл атлетиканың негізгі аймағы болып саналатын Өскеменде балалар арасында жеңіл атлетикадан жарыс өтті. Жеңіл атлетиканың таңдалуы кездейсоқтық емес. Себебі, жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы және бірнеше дүркін жүлдегері Ольга Рыпакова осы аймақтан, Шығыс Қазақстан облысынан шыққан.

Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде 60-тан астам жас спортшылар 50 және 200 метрге жүгіру, ұзындыққа секіру және басқа старттарда бақ сынасты. Рыпакова орталығында 600-ден астам балалар мен жасөспірімдер 24 жаттықтырушының жетекшілігімен спортпен тегін айналысады. Сондай-ақ, 2021 жылы наурызда мұнда жеңіл атлетика бөлімінен басқа үстел теннисі бөлімі де ашылды.

– Біздің балалар өте дарынды. Бізбен бірге жаттығатындардың арасында спорт шеберлері, халықаралық жарыстардың жүлдегерлері, жастар арасындағы әлем және Азия чемпионатының қатысушылары. Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова осында жаттығады, балалар оның дайындығын, жаттығу барысын көреді де жігерленіп, сондай болуға талпынады. Әсіресе, жаңадан келген балалар ерекше ынталанып қалады. Біз Олимпиада күнін дәстүрлі түрде жылда атап өтеміз. Тек былтыр карантинге байланысты жарыс өткізілмеді, әйтпесе, балалар бұл мерекені жылда тағатсызданып күтіп, ерекше дайындалады, - деді спорт шебері, жоғары санатты жаттықтырушы Владислав Лешин.

с

– Әрине, бәріміз Ольга Рыпакова сияқты Олимпиадаға баруды армандаймыз. Сондықтан біз жаттығуды үзбей, тынбай дайындаламыз. Осы орталықты салғандарға және жаттықтырушыларымызға орасан зор алғысымызды айтамыз Барлығын Халықаралық Олимпиада күнімен құттықтаймын, - деді жарысқа қатысушы Жамиля Дуанова.

Бүгінгі спорттық шараның басты қонағы жақында Токио Олимпиадасына аттанатын 2012 жылғы Лондонда өткен Жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы, әлем чемпионы Ольга Рыпакова болды.

– Спортшылармен сөйлесіп, кездесу қашанда өте әсерлі, жағымды эмоция сыйлайды. Балалар кішкентай, жас екендігіне қарамастан мақсаттары айқын, олимпиадалық рухқа ие және жеңіске деген ұмтылысы зор. Мен оларды үлкен болашақ күтіп тұрғаны анық. Себебі, олар спортты мінез қалыптаса бастаған кезде бастады. Дәл осындай ынта мен ерік-жігерді, төзімділік пен сенімділіктің арқасында балаларды өз мүмкіндіктерін мүлт жібермейтін, ештеңеден жасқанып,тек жетістікке жетелейтін жарқын болашақ күтіп тұрғанына нық сенімдімін, - деді Ольга Рыпакова. 

Барлық балаларға Халықаралық Олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах пен еліміздің Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаевтың қолдары қойылған Олимпиада күніне қатысқаны үшін сертификаттар табысталды.

Шығыстан, Өскеменнен кейін Олимпиада күні аясында солтүстік өңір эстафетаны жалғастырады. 19 маусым күні Олимпиада чемпионы Александр Винокуров, Азия алтынының төрт дүркін иегері, велоспорттан Қазақстан құрамасының үздігі Алексей Луценконың қатысуымен Петропавлда велошеру өтеді. Оңтүстік астана саналатын Алматы қаласында 20 маусым күні спорттық құзға өрмелеуден ойындар, батыс өңірде, атап айтқанда Ақтауда 21 маусымда бокс пен дзюдо бойынша шеберлік сабақтары өткізіледі.

Эстафета 23 маусым күні ел орталығы елордада аяқталады. Триатлон саябағында баскетбол, стритбол ойындары, текбол жарысы және каноэде үлкен спорттық фестиваль өтеді. Сонымен қатар, дәстүр бойынша Қазақстанның ҰОК пен спортшылар еліміздің әр түкпірінде осы күні дүниеге келген сәбилерді құттықтап, оларға жақсы тілектер жазылған сыйлықтар мен хаттар табыстайды.