Аймақтар • 10 Маусым, 2021

«Тәуелсіздік көкжиегі» атты көрме өтіп жатыр

480 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық музейде қазақ бейнелеу өнеріне қатысты Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік көкжиегі» атты көрмесі өтуде. Көрмеде елімізді танытып жүрген 30 қазақстандық танымал суретшінің туындылары көрсетіледі. Көрме Қазақстанның бейнелеу өнерін шетелдерге насихаттап жүрген еліміздің әр аймағындағы танымал суретшілердің шығармашылығын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Тәуелсіздік көкжиегі» атты көрме өтіп жатыр

Нұр-Сұлтан қаласы Суретшілер одағының төрағасы Өмірәлі Исмаилов көрменің ашылу салтанатында суретшілердің қылқаламынан шыққан небір ғажап туындыларды тамашалауға шақырды.

– Мемлекеттік рәміздер күнімен тұспа-тұс келген «Тәуелсіздік көкжиегі» атты көрменің ашылуы өтуде.  Бұл – суретшілер үшін айтулы күн. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырған көрмеде сіздер бояу болмысын ұғуға ұмтылған қылқалам шеберлерінің туындыларын тамашалайсыздар. Елiмiзде осындай көрмелер көп бола берсiн, – деді Ө.Исмаилов.

Аталған көрмеде суретшілердің кескіндеме, графика және мүсін жанрындағы әртүрлі техникамен орындалған 60-тан астам туындылары экспозицияланды. Қылқалам шеберлері өз шығармашылығында Қазақстанның тарихын, мәдениеті мен табиғатын таныстырды. Шара барысында аймақтан келген суретшілер өзара пікір алмасып, осындай кездесу ұйымдастыруға мұрындық болған музей ұжымына алғысын білдірді.

Айта кетейік, «Тәуелсіздік көкжиегі» атты сұлулық пен әсемдікке толы көрмені өнерсүйер қауым 28 маусымға дейін тамашалай алады. Көрмеге онлайн және оффлайн форматта қатысуға рұқсат етілген.

 

Нұрбибі Қадырова 

Соңғы жаңалықтар