Аймақтар • 12 Маусым, 2021

Шардарада браконьерлер қорықшыларға қарсылық көрсетті

305 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысында қорықшыларға қарсылық көрсетіп, олардың бірін жарақаттаған 6 браконьер ұсталды. Бұл туралы аймақтың Полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шардарада браконьерлер қорықшыларға қарсылық көрсетті

«Жетісай аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне Жетісай аудандық ауруханасынан дене жарақаты бар ер адамның жеткізілгені туралы хабарлама келіп түсті.

Оқиға орнына Жетісай полициясының жедел-тергеу тобының қызметкерлері шұғыл шықты.

Тексеру барысында Шардара су қоймасында балық аулаумен айналысқан браконьерлерді ұстау кезінде жекеменшік қорықшылық қызметінде жұмыс істейтін қызметкердің бірі дене жарақатын алғаны анықталды», деді ведомстводан.

Оқиға Шардарада орын алғандықтан, аталған жайт Шардара аудандық полиция бөлімінің Сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіліміне тіркеуге алынды.

«Екі тәулік бойы аудандық полицияның жедел тобы браконьерлердің жеке басын анықтау бойынша барлық қажетті іс-шараларды жүргізді. Нәтижесінде полицейлер қорықшыларға қарсылық көрсетуге қатысы бар деген күдікпен көрші Мақтаарал ауданынан 120 шақырым жерден жергілікті 6 тұрғынды ұстады.

Күдіктілерге қатысты ҚР ҚК-нің 380-бабы «Билік өкіліне қатысты күш қолдану« бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу оқиғаның толық мән-жайын анықтайды», деп толықтырды облыстық ПД-ның баспасөз қызметінен.