Е.Тұрғымбаев қалалық жерлердің қылмыс жиі тіркелетін аймақтарында полицияның заманауи модульдік бекеттері орнатылып жатқанын айтты. Сондай-ақ биылдан бастап Police 102 мобильді қосымшасы іске қосылған. Бұл – Мемлекет басшысының «Жұртқа жақын полиция» жөніндегі тапсырмасын орындау аясында қолға алынған жұмыстардың бірі.
ІІМ-нің хабарлауынша, қазір өңірлерде осындай 57 бекет жұмыс істесе, жыл соңына дейін олардың саны тағы 27-ге көбеймек. Жалпы, бес жыл ішінде ел көлемінде барлығы 167 бекет орнату жоспарланған.
Құқық бұзушылықтың алдын алуда учаскелік полиция инспекторларының алар орны ерекше. Осыған орай Мемлекет басшысы учаскелік инспекторлардың мәртебесін арттыру туралы тапсырма берген болатын. Е.Тұрғымбаев полицияның негізгі міндеттерін арқалап жүрген учаскелік инспекторлардың жұмысын тиімді ету үшін құзыреті кеңейтіліп, заңнамаға тиісті өзгертулер енгізілетінін мәлімдеді.
«Уақыт талабына сай тұрғындармен байланысудың тың тәсілдері де тәжірибеге енгізіліп келеді. Бүгінде учаскелік инспекторлар заманауи коммуникациялар есебінен ПИК, мүлік иелері бірлестігі және белсенді тұрғындардың 7,5 мың чатына қосылған. Осы қызметте жүрген тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерге де тіркелген. Мұның барлығы учаскелік полиция инспекторларына тәулік бойы халықпен тығыз байланыста болып, өз учаскесіндегі жағдайды бақылауға және құқық бұзушылықтарға дер кезінде ден қоюға мүмкіндік береді», деп атап өтті ІІМ басшысы.
Жыл басынан бері кәмелетке толмағандарға қатысты мыңнан астам қылмыс тіркелген. «Жеткіншектер арасында құқық бұзушылықтың күрт көбейіп кетуіне ұзақ уақытқа созылған карантиндік шектеулер мен отбасы-тұрмыстық проблемалар және ата-аналардың бейқамдығы өз әсерін тигізіп отыр», деді министр. Деректерге сүйенсек, қылмыстардың жартысына жуығы, яғни 43,5 пайызы балалар мен жасөспірімдерді жыныстық азғындауға қатысты болса, мұндай қылмыстың басым көпшілігін (78%) жеткіншектердің жақындары жасайды екен.
«Ең сорақысы, мұндай қылмыстарды кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар мен учаскелік инспекторлар профилактикалық сабақтар, балалармен әңгімелесу және денсаулық сақтау органдарымен бірге жүргізген іс-шаралар кезінде ғана анықтап жатады. Көбінесе баланың ет жақындары бұл жайында тіс жармауға тырысады. Сол себепті мұндай қылмыстар жасырын сипатта болып келеді», деді Е.Тұрғымбаев.
Балалар қауіпсіздігі мәселесі де өзектілігін жоймай отыр. Жаз шыққалы бүлдіршіндердің қатысуымен болған жазатайым оқиғалар саны өскен. Мысалы, соңғы бес айдың ішінде 30 бала терезеден құлап кетсе, өкінішке қарай, 6 баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Жол үстінде жарақаттанған балалар мен жеткіншектер арасындағы суицид саны да азаймай тұр. Министрліктің мәліметтеріне қарағанда, биылдың өзінде 43 бала жол апатынан көз жұмса, 248 жасөспірім өзін өзі өлтіруге әрекеттенген. Өкінішке қарай, олардың 84-і өмірмен қоштасқан.
Полиция қызметкерлері интернет-ресурстарға мониторинг жүргізуге ерекше көңіл бөліп отыр. Өйткені елімізде соңғы уақытта ғаламтор арқылы жасалатын екі қылмысты ауыздықтау қиындық туғызып отыр. Оның біріншісі – есірткіні байланыссыз сатуда «белсенді» болып алған есірткі саудагерлері болса, екіншісі – онлайн сауданың «көрігін қыздырған» интернет алаяқтар.
Пандемия кезінде онлайн саудаға сұраныс артты. Сәйкесінше, интернет арқылы жасалатын алаяқтық та екі есеге көбейді. Соның салдарынан халық 67 миллион теңге шығынға батқан. Осыған орай министрлік Киберқылмыспен күрес орталығының жұмысын күшейтіп отыр. Тек осы қылмыстарды анықтауға бағытталған арнайы топтар құрылып, Ұлттық банк, екінші деңгейлі банктермен тығыз қарым-қатынас орнатылып, азаматтардың жеке мүлкін қорғау қадамдары жасалуда. «Интернет алаяқтарды әшкерелеуде өзге мемлекеттермен де қарым-қатынасты нығайтуға тура келіп отыр», деді министр.
Соңғы үш жылда ішкі істер органдары қызметкерлерінің саны 13 жарым мыңға қысқартылып, 106 басқару бөлімі мен 1483 басшылық лауазым таратылған. Осылайша, полицейлердің саны 100 мың тұрғынға шаққанда 471-ден 369-ға дейін азайды. Бұл еуропалық елдердің көрсеткішімен сәйкес келеді және әкімшілік шығындарды біршама азайтады.
«2019 жылдан бастап ІІМ көрсететін қызметтер тізбесінен мекенжай анықтамасын беру алынып тасталды. Бұрындары осы анықтаманы алу үшін жыл сайын 12 миллионға дейін өтініш келіп түсетін. Енді бұл мәліметтерді тікелей «Электронды үкімет» порталынан алуға болады. Сондай-ақ көлікті тіркеу қызметі жеңілдетілді», деді министр.
Қоғаммен байланыс жасау бағытындағы жұмыстың түбегейлі өзгергенін тілге тиек еткен министр «халықтың сенімін арттыру және азаматтардың полицияға деген сенімін қайтару – басты мақсат» екенін де ашық айтты. «Барлық 262 полиция бөлімінде ашылған «Азаматтарға арналған қабылдау бөлмелерінде» биылдың өзінде 55 мың адам кеңес алды. Өзім де әлеуметтік желідегі парақшамда азаматтармен тікелей диалог жүргіземін. Бірде-бір өтініш назардан тыс қалмайды», деген Ерлан Тұрғымбаев жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижелеріне де тоқталды. Оның айтуынша, соңғы 3 жылда ІІМ-де жемқорлық қылмыстар саны 43 пайызға кеміген. «Жемқорлықпен күрес жалғаса береді» деді сөзін түйіндеген спикер.