Ата-бабасы қуғынға ұшырағандардың бірі – чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің мүшесі Хамзат Янгулбаев ондай зұлмат заманның болмауын тілейді. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мынау заманға тәубе дейді.
– Менің халқымды депортациялау 77 жыл бұрын болған. 1944 жылы 23 ақпанда жол жөндеушілердің киімін киген әскерилер ауылға келді. Олар халықты мәжбүрлі түрде бөтен елге, бөтен жерге жер аударды. Таулы аймақтарда тұратын халықты қалың қардан етекке түсіру қиын болғандықтан, оларды қораларға қамап, өртеп жіберді. Өйткені тапсырманы бұлжытпай уақытында орындау керек еді. Қашып құтылғандар да болды. Қарап отырсақ, жер аударылғандардың басым бөлігі қарттар, әйелдер мен балалар еді. Ол уақытта ер-азаматтар майданда болатын, – дейді Хамзат ақсақал.
Оның ата-бабасы туған ауылы Шатойдан Шығыс Қазақстан облысына келген. Қазақ халқы оларды жылы қабылдады. Тілім нанымен бөлісті. Алғаш келгенде Ұлан ауданына табан тіреген. Кейін Алтай ауданына қоныс аударғанымен, Өскеменге келіп тұрақтаған.
Бертіндері әкесі ақталып, тарихи Отанына оралуға мүмкіндік туған. Алайда Шығыста туған Хамзат Хасанұлы осында қалып, отбасын құрды.
Қуғын-сүргінге ұшырағандардың ішінде Өскемен қаласының тұрғыны Лидия Рооттың да отбасы бар. Саратов облысының Балцер қаласында тұрған туыстарының қалай депортацияланғаны жайында ол да естелігімен бөлісті. Айтуынша, соғыс басталғаннан кейін әжесі Мария Яковлевна балаларымен бірге Алтай өлкесінің Хуторка ауылына жер аударылған. Ол жақта орманда ағаш жығып, ауыр жұмыс істеген. Сөйтіп жүріп бір көзінен айырылған. Тағдыр шығар, кіші қызы көз жұмды. Ортаншы Александр Оралға, 16 жастағы Викторы Кемерованың шахталарына жіберілді.
Лидияның әкесі Генри ол кезде артиллериялық полкте әскерде қызмет еткен. Ал 1941 жылдың қарашасында жер аударылды.
– Әкем Шығыс Қазақстан облысының Белоусовка ауылына жер аударылды. Келе сала шахтада жұмыс істеп, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Кен байыту фабрикасының құрылысы кезінде анам Мария Колпаковамен танысыпты, – дейді әңгімесінде.
Лидия Роот 1945 жылы дүниеге келген. Әке-шешесі оған анасының аты мен арғы атасының атын беруге мәжбүр болды. Тек жарты ғасырдан соң ғана құжаттарын қалпына келтіріп, Лидия Генриховна Роот болды.
Кейін Лидия Генриховна Семейдегі медициналық институтты бітіріп, өмірінің 48 жылын медицина саласына арнады. Ұлы Өскеменде, ал қызы Германияда тұрады. Айтпақшы, қызы анасын көшуге көндіріп көрген. Бірақ Лидия Роот бас тартқан.
– Менің Отаным – Қазақстан. Осында дүниеге келдім. Достарым, қоғамдық ортам бар. Қазақ халқы өте қонақжай, – дейді ол.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құрылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның Шығыс Қазақстан облысындағы өңірлік комиссиясының бірінші отырысы осы жылдың қаңтарында өтті. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша 10 жұмыс тобы құрылған. Комиссия мен жұмыс топтарының құрамына қоғам қайраткерлері, облыстың жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары мен ғалымдары, этномәдени бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, архивтер мен арнайы органдардың қызметкерлері енді. Қазірге дейін облыстың мемлекеттік архивтеріндегі 13 қордың құжаттары қаралды. Нәтижесінде, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында Алматы жастарын қолдаған Өскемен қаласының және Саратов ауыл шаруашылығы техникумының оқушылары мен студенттерін оқудан және комсомолдан шығару туралы деректер анықталды.
Жұмыс тобының мүшелері өткен ғасырдың отызыншы жылдарында соттан тыс және сот органдары арқылы қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы материалдарды қарады. Облыстық мемлекеттік архивтің партиялық қорларының құжаттары бойынша ШҚО аумағында болған төрт көтеріліс туралы мәліметтер бар: Семей қаласында, Шыңғыстау, Ақсуат, Бұқтырма және Өскемен аудандарының аумағын қамтыған Толстоухов көтерілісі. Көтеріліске 900 адам қатысып, 564 адам тұтқынға алынған. 160 адам қаза тауып, 70 мыңға жуық адам жараланған. Қазіргі уақытта көтеріліске қатысушылардың тегін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Бұдан басқа, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар туралы ақпарат жинау мақсатында «Саяси қуғын-сүргіннің ақталмаған құрбандарын іздестіру» порталы құрылды. Оған облыс тұрғындары азаматтардың ақталмаған санаттарының жаңа есімдерін анықтау бойынша ақпарат жолдауға мүмкіндігі бар. Өтініш берушіге сауалнаманы толтыру қажет. Сондай-ақ оған қуғын-сүргінге ұшырағандардың
туыстары мен жақындары жайлы мәлімет, естеліктер, фотосуреттер, құжаттар орналастыру мүмкіндігі беріледі.