Бағдарламалар • 14 Маусым, 2021

Жаңалықты жатырқамау керек

361 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өңір екі ай бойы құрсауына алған «қызыл аймақтан» шығып, «сары аймақтың» санатына енді. Дерт дендеген уақытта кәсіптері тоқырап қалған іскер азаматтар, жаман тұмаудан жасқанған жалпы жұрт үшін Ashyq платформасының тиімділігі белгілі болып отыр.

Жаңалықты жатырқамау керек

Бизнес субъектілерінің нысандарына орнатылған Ashyq платформасы жаман тұмаудың таралу қаупін азайтудың бірден-бір тиімді жолы екені белгілі. Облыс бойынша жобаға қатысу үшін жүздеген өтінім түсіп, оның басым бөлігі ресми рәсімделіп, кәсіпкерлерге QR-код берілген.

– Бүгінде облыс орталығында 151 субъекті Ashyq платформа­сы арқылы жұмыс істеп тұр, – дейді Көкшетау қалалық кә­сіп­­керлік бөлімінің басшысы Андрей Подгурский, – алғашқы бетте кә­сіп­керлер тарапынан түсініс­пеу­шіліктің болғаны рас. Жаңа­лық­қа жатырқай қарай­тын­дар табылады ғой. Біз олардың басын қосып, не үшін қажет екендігін түсіндірдік. Алдымен халықтың денсаулығын сақтау, дауасыз дерттің алдын алу қажет. Екінші жағынан халыққа қызмет көрсету деңгейі кемімейді. Кә­сіп­керлер жаңалықтың жай-жапсарын жақсы түсінгеннен кейін өтінімдерін бере бастады.

Бөлім басшысының айтуына қарағанда, Ashyq платформасы арқылы жұмыс істейтін нысандардың жартысынан астамы – қоғамдық тамақтандыру орын­дары. Жаңалықтың жай-жапсарын, тиімділігін кәсіп­керлер де айтып отыр.

– Дауасыз дерттің дабылы жет­кеннен бері біздің салада жұ­мыс істейтін кәсіпкерлерге оңай болған жоқ, – дейді облыс орталығындағы «Бархат» дәм­ха­насының иесі Айсұлу Бажа­қова, – әрқайсымыздың төлей­тін несиелеріміз бар. Жұмы­сы­мыз тоқтап, шаруамыз қо­жы­­рап кетті. Тығырықтан шы­ғар жолдың бірі осы жаңалық екенін жете түсініп отырмыз. Бір айта кетерлігі, қоғамдық тамақ­тан­дыру орындарының жұмыс істеуіне ғана емес, өңірдегі дертке тосқауыл қоюға септігі зор. Түйін­дей айтқанда, екі жаққа да тиімді.

Облыс орталығындағы бір­қа­тар компьютерлік клуб, шаштараз, монша тәрізді қоғам­дық орындар осы платформа арқылы жұ­мыс істеуде.

– Біздің нысанға да платформа орнатылды, – дейді «Зевс» ком­пью­т­ерлік клубының директоры Олжас Шаймұрат, – қазір алаң­сыз жұмыс істеудеміз. Хал­қы­мызда «сақтансаң сау боласың» дейтұғын қанатты сөз бар ғой. Клубқа келушілер жазатайым індет жұқтырып алса, қаншама қиындықты басынан кешірер еді. Енді міне, жағымды жаңалықтың нәтижесінде қауіп-қатердің алдын алып отырмыз. Өз басым платформаның тиім­д­ілігі аурудың алдын алу деп есептеймін. Шынында да бұл –дерт жұқтырмаудың бірден-бір жолы. Алдағы уақытта цифрлы платформа әр кәсіпкердің сенімді көмекшісі болуы әбден мүмкін.

Ashyq платформасы орна­тыл­­маған нысандар шектеулі уақытта ғана жұмыс істейді. Атал­ған қосымша жалпы базамен бі­рік­тірілгендіктен, барлық дерек мөлдіреп көрініп тұр. Заманауи технологияның жетістігін өңірдегі кәсіпкерлер кәдеге жаратуға әб­ден құлықты. Кәсібін жаңа бас­та­ғандар да бірден өтінімдерін беріп, тіркелуге асығуда.

Сөз арасында платформаның тиімді екенін дәлелдейтін бір мыс­алды сыналап келтіре кете­йік. Осы жаңалық арқылы облыс орталығында қоғамдық тамақ­тандыру орындарында «қы­зыл» және «сары мәртебесі» бар 12 келуші анықталып, оның төртеуінде ПТР тестінің оң нәтижесі және 8-і қауіпті індетті тасымалдаушы­лар екені анықталған. Мысалы, Көкшетаудағы FamilyMood IPARTMOOD мейрамханасы мен «Мя­со­рубка» нысандары сияқты қоғам­дық тамақтану орындарында «қызыл мәртебесімен» бірнеше адамның келгені анықталған. Мұндай оқиға Щучинск қала­сын­дағы «Ягуар» фитнес-орталығы мен Бурабай кентіндегі «Достар» дәмханасында да орын алған. Осы бір мысалдан-ақ қауіптің сейілмей тұрғандығын, адамдардың әлі де бейқам екендігін, жаңалықтың пайдасын аңғаруға болады.