Биыл 8 маусымның өзінде облыс аумағында 2 641 адам екпе салдырған. Бұрындары мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала өкілдері көптеу болса, енді қарапайым тұрғындар да қауіптің алдын алудың қамын жасай бастағаны аңғарылады.
Күні кеше облыс орталығындағы «Сенім» ЖШС емханасына бардық. Емхана есебінде 23 204 қала тұрғыны бар екен. Оның 15 229-ы ересектер болса, диспансерлік есепте тұратындары – 2 851. 18 жасқа дейінгілер саны 7 759 болып тұр.
Вакциналау басталғалы бері емханаға қарасты халықтың 2 049-ы бірінші компонентін алыпты. Екінші бөлігін 796 адам салдырған. Мұнда келген адамды әуелі дәрігер қарап, оператор оның деректерін модульдік базаға енгізеді. Дәрігер рұқсатынан кейін вакцинаторлар екпе салады. Бастапқыда күніне 200 адамға дейін келген күндері болыпты. Қазір сәл саябырсыған.
– Осы күні 60-70 адам екпе салдыруға келеді. Бұрындары вакцина таңғы сағат 8.00-ден кешкі 18.00-ге дейін салынатын, қазір оның уақытын ұзарттық. Бүгінге дейін емханадан қызмет алатындардың басым бөлігі екпе салдырды. Жыл аяғына дейін олардың қатары 80 пайызға жетеді деген ойдамыз, – дейді «Сенім» ЖШС емханасы бас дәрігерінің орынбасары Шолпан Арғынбаева.
Емханаға екпе салдыруға келген тұрғынның бірімен тілдестік. Қала тұрғыны Ақыл Шегебаев «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентін 18 мамырда алыпты. Жер жүзіндегі жаңалықты қалт жібермей қадағалап отыратын ол вакцина алған тұрғындары көбейген елдерде дерттің төмендей бастағанын аңғарғанын айтады. Осыдан кейін өзі де екпе алуға бел байлаған.
Мамандар Ashyq қосымшасы іске қосылғалы бері екпенің керектігін түсінгендер қатары көбейгенін айтып отыр. Жалпы вакцина салдырғандар қатары 70-80 пайыздан асқанда дерттің демі қайтады.