Өнер • 14 Маусым, 2021

Күй құдіреті

9296 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күй өнері – қазақ халқының ең құнды, бағалы мұрасының бірі. Қаны мен жанында күй ойнаған ұлтымыз тума таланттарға кенде емес. Сондай дарын иелерінің бірі – қазақ өнерінде өзінің өшпес ізін қалдырған күйші, композитор Дина Нұрпейісова. Биыл даңқты тұлғаның туғанына 160 жыл толып отыр. Соған байланысты «Қазақконцертте» сұңғыла өнер иесінің мерейто­йына арналған үлкен концерт өтті.

Күй құдіреті

Аталған іс-шараның біз де куәгері болдық. «Ұстаз бен шә­кірт» деп аталатын жаңа кон­цертті «Қазақконцерт» әртістері күй атасы Құрманғазы Сағыр­бай­ұлы мен оның атақты шә­кірті Дина Нұрпейісованың шы­ғар­ма­шылығына арнады. Бұл кеш «Қазақконцерттің» 60-шы мерейтойлық маусымына арнал­ған «Жұлдызбен бір сахнада» ат­ты жаңа жоба аясында жүзеге асы­рылды.

Концертте белгілі композитор Бауыржан Ақтаевтың көркемдік жетек­шілігімен «Астана сазы» ансам­блінің солистері ұлы күйші­лердің есімдерін асқақтатып, артына қалдырған бай мұраларын жаң­ғыртты. Бұл кешті өнерсүйер қауым әртістермен бір сахнада отырып тамашалап, концерттің тікелей қатысушысы ретінде жа­ңа әсер алды. Концерттің жаңа фор­матымен ерекше үйлесім тап­қан ұлттық музыка және әртіс­терінің кәсіби шеберлігі көрер­меннің жоғары бағасына ие болды.

Көрермендермен бірге мере­ке­лік концертті тамашалаған Дина Нұр­пейі­сованың туған немересі Төлеген Қуанышев «Қазақ­концерт» әртістеріне өз алғысын білдірді. 

Бауыржан Ақтаевтың айтуынша, күйші Дина Нұр­пейісованың 160 жылдығы мен «Қазақконцерттің» 60 жыл­дық мерей­тойы аясында ұйымдас­ты­рылған бұл кеш көрермен қа­уымға нағыз рухани демалыс сыйлады.

–  Бұл мерейтой біздің өткені­міз бен бүгініміздің арасындағы жанды көпір іспеттес. Себебі атал­ған кештің мақсаты – біз­дің қазақ дәстүріндегі  құнды­лық­тардың тарихымен қоса, күй­дің мән-мағынасын халыққа паш ету. Алдағы уақытта да ұлы күйші­лердің есімдерін асқақ­татып, артына қалған мұраларын қайта жаңғы­ртатын сапалы концерттер өз жалғасын табады деген ойдамыз, – деді Б.Ақтаев.

Концертте Құрманғазының «Қызыл қайың», «Балқаймақ», «Теріс­қақпай», «Машина», «Төремұрат» сынды мазмұнды, әсерлі, терең мағы­налы филосо­фиялық күйі орын­дал­ды. Сон­дай-ақ концерттік бағдар­ламаға қазақ даласын асқақ та жігерлі күйлерімен тербеген күйші Динаның «Байжұма», «8 март», «Жігер», «Бұлбұл», «Науысқы» туын­дылары енді. Концертке қатыс­қан солистердің қатарында: Нұркен Яқияев, Ардақ Елеусіз, Айгүл Елшібаева, Заңғар Муба­раков, Аяулым Қамажан, Әділ Жүнісов, Қайрат Кереев болды.