Спорт • 14 Маусым, 2021

Командалық сайыста Жапония дзюдошылары жеңіске жетті

244 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Будапештегі әлем чемпионатының ең соңғы күні дзюдошылар аралас командалық сайыста мықтыларды анықтады. Бұл тартыс Жапония құрамасының жеңісімен аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Командалық сайыста Жапония дзюдошылары жеңіске жетті

Күн шығыс елінің өкілдері айтулы додада екінші құрамда өнер көрсеткеніне қарамастан барлық бәсекеде өз қарсыластарынан басым түсті. Топтық турнирде олар Украинаны ұтса, жартылай финалда Ресей құрамасының тас-талқанын шығарды. Ақтық айқаста азиялықтар Францияның балуандарымен шеберлік байқасты. Олар өз кезегінде Нидерланд, Грузия және Өзбекстаның өрендерін жолдарынан ығыстырған еді. Финалдық сайыста Жапония балуандарының қарқыны тым күшті болды. Олар француздарды бет қаратпай ұтып, командалық жарыстың бас жүлдесін олжалады. Ал қола медаль Бразилия мен Өзбекстанның дзюдошыларына бұйырды.

Бұл жарыста Қазақстанның дзюдошылары да өнер көрсеткен еді. Алғашқы айналымда жерлестеріміз бразилтиялықтардан 0:3 есебімен жеңіліп жатқанына қарамастан таразы басын теңестіре алды. Бұл ретте Аңсарбек Ғайнуллин (73 кило), Ерсұлтан Мұзафаров (90 кило) және Мөлдір Нарынованың (70 кило) өз қарсыластарын қапы қалдырды. Бірақ қосымша кездесуде Оңтүстік Америкадан келген оғылдандардың бағы жанды.