Елорда • 14 Маусым, 2021

«Нұрлы жол» вокзалында жаңа шектеулер енгізіледі

826 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Коронавирус індетінің таралу қаупін алдын алу мақсатында «Нұрлы жол» вокзалында жаңа шектеулер енгізіледі. Бұдан былай жолаушы билет сатып алса да, «қызыл» және «сары» статус шыққан жағдайда пойызға жіберілмейді, деп хабарлайды Egemen.kz

«Нұрлы жол» вокзалында жаңа шектеулер енгізіледі

Алдағы 17 маусымнан бастап темір жол қызметкерлері жолаушыларды тек Ashyq қосымшасы арқылы ғана кіргізеді. Ведомствоаралық комиссия таратқан мәліметке сәйкес, вокзалдың барлық кіреберісінде QR-код орнатылады. Оны Ashyq, Kaspi.kz, Homebank мен Aitu қосымшалары арқылы сканерден өткізіп, жеке статусты анықтауға болады.

«Егер жолаушыда қосымша болмаса, онда вокзал қызметкеріне ЖСН-ды айту керек. Ол Ashyq қосымшасы арқылы адамның статусын өзі көреді. Шетелдіктердің статусы да төлқұжаттың нөмірімен тексеріледі. Ал 18 жасқа толмаған балалар тексерістен өтпейді», дейді мамандар.

 «Қызыл» және «сары» статусы шыққан жолаушылар вокзалға кіре алмайды. Осыған байланысты мамандар ashyq.kz бейтарап QR-код арқылы жеке статусты тексеріп алуға кеңес беріп отыр.

Еске сала кетейік, Ashyq қосымшасы карантин жағдайында кәсіпкерлік нысандардың жұмысын әрі қарай жүргізу үшін жасалған еді. Негізгі мақсат – вирустың таралмауына жол бермеу. Қосымшада төрт статус бар. Олар:  

жасыл  – ПТР-тест тапсырған және теріс нәтижесі бар адам;

көк – ПТР-тесті жоқ, вирус жұқтырғандармен байланыста болмағандар;

сары – науқаспен байланыста болған адам;

қызыл – ПТР-тест оң нәтиже шыққан адам.