Экология • 14 Маусым, 2021

Табиғаттың да төзімі таусылады

825 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Төл табиғатымызға тағылық көрсету тыйылмай тұр. Сондай немқұрайдылықтың салдарынан айдай ажарына сызат түсіп, демігіп, адам айтқысыз зардап шегуде. Көгілдір Көкше мен Қараөткелдің сайын даласында күрделі жағдай қалыптасып отырғандығын қадап айтуға тиістіміз.

Табиғаттың да төзімі таусылады

Соңғы алпыс жылдың ора­йында дағдарысты экологиялық ахуал қалыптасты. Экологиялық құ­былыстар атмосфералық ауаның лас­тануы, жерүсті және жерасты суларының құрғауы мен ласта­нуы, шөлейттену, жердің бұзы­луы мен тозуы, топырақтың дегу­ми­фикациясы мен ластануы, өсім­діктер мен жануарлар санының азаюы өндіріс пен тұтыну қал­дық­та­рының жинақталуынан болып жатыр.

Статистикалық деректерге қарағанда, 2019 жылы облыс аума­ғында 174,5 мың жеңіл және 27,3 мың жүк көліктері тіркелген екен. Автокөліктердің тозуы салдарынан шығатын зиянды газды анықтау және жою мақсатында облыста 14 техникалық қызмет көрсету стансасы жұмыс істейді.

Әйтсе де бұдан жақсарып кеткен ауа жоқ. Әсіресе, көліктің сан түрі, жаңасы мен ескісі сең­дей соғылысып жүрген облыс орталығы тәрізді ірі елді мекендер қара түтінге қақалып тұр. Оған елді мекендер тұрғындары қыс бойы көмірді отын ретінде пайдаланатынын қоссаңыз, ауа қабаты қисапсыз ластану үстінде. Желсіз, тымық күні тіпті анық байқалады. Тұрғындар осы мәселеге орай та­лай рет өкпе-назын білдірген. Бұл тараптағы олқылықтың орнын қалай толтыруға болады. Біз­дің­ше ең алдымен автобус паркін жаңғырту қажет. Жаңа заманның мүмкіндігін барынша пайдалана отырып, көліктерді газбен жүретін етіп жабдықтап, электромобильдерге ауыстыру кезек күттірмейтін мәселе болып отыр. Сонда ғана атмосфералық ауаны біршама сауық­тыруға мүмкіндік алар едік.

– Облыста ауаның ластану фактілері аз емес. Мәселен, Ар­шалы кенті маңында қиыршық тас өндіретін карьерлердің жұмы­сы туралы ашына айтуға болады. Олар қазір төңіректің бәрін шаң-тозаңға көміп жатыр, – дейді биология ғы­лымдарының докторы, профессор, облыстық қоғамдық кеңестің мү­шесі Әбілжан Құсайынов, – та­биғат қорғау ұйымдарының наза­рын осы бір фактіге аударғым ке­леді.

Жалғыз ауа ғана емес, топырақ­тың жайы да толғандырып отыр. Негізінен егін шаруашылығымен айналысатын облыс диқандары гектар берекесін 10 центнерден айналдырғандарын місе тұ­туда. Соңғы жылдары табиғат жо­март­тығынан жаңылған сы­ңайлы. Себебін іздесеңіз, тағы да жа­на­шырлықтың кемдігінде жат­қан­дығын қапысыз аңғарар едіңіз.

– Біз облыстың қара және қоңыр топырақтары құнарлылығының қазіргі жай-күйін мұқият зерттедік. 1956 жылмен салыстырғанда қара топырақты өңірлерде қарашіріктің жоғалуы 21, ал қоңыр топырақты өлкеде 27 пайыз болғанын көр­сетеді. Бұл 2006 жылғы жағдай, – дейді Әбілжан Құсайынов, – өкінішке қарай, бұл кері процесс жалғасуда. Қарашіріктің ғана емес, сонымен қатар өсімдіктердің негізгі қоректік элементтерінің де төмендеуі байқалады. Бұл то­пы­рақтарда жылжымалы орто­фос­фор мен азот нитратының мөл­­­шері төмен. Топырақ құнар­лылығының төмендеуінің негізгі себебі – органо-минералды ты­ңайт­­қыштарды қолданудың тө­мен деңгейі. 2019 жылы респуб­лика бойынша органикалық ты­ңайт­қыштарды тұтыну көлемі небәрі 28 килоны құрады. Ал бұл орайдағы қажеттілік 1 гектарға 10 тонна шамасында болатын. Органикалық тыңайтқыштармен өңделген ал­қаптардың үлесі небәрі 0,3-0,5 пайызды құрайды. Ал минералды тыңайтқыштар тиісінше бір гектар егістікке 5-6 кило төңірегінде пайдаланылуда. Бұл ұсынылған меженің көле­мінен 12 есе кем деген сөз. Оқыр­манға түсінікті болуы үшін салыс­тырып айта кетелік. Мәселен, Ре­сейде әр гектарына 45, АҚШ-та 130, Голландияда 800-900 кило минералды тыңайтқыштар қол­данылады. Сондықтан да оларда өнім көлемі жоғары. Шындығын айтқанда, төл табиғатын аялап, күте біледі.

Ғалымның пайымдауына қара­ғанда, егістік алқаптар ғана емес, кәдімгі жайылымдық жерлердің экологиялық жай-күйі де дабыл қағарлық деңгейде екен. Қаншама жайлаулар төрт түліктің аяғымен тапталып, тозған. Жыл өткен сайы­н жайылымдардың тозу про­цесі ұлғайып келеді. Мәселен, 1991 жылы республика бойынша то­лығымен тозған табиғи азықтық алқаптарының ауданы 15 млн гектарды құраса, қазіргі уақытта 27 млн гектарға жеткен. Өкі­нішке қарай, шабындықтар мен жа­йы­лым­дарды түбегейлі немесе ішін­ара жақсарту қолға алынбай отыр.

– Облыс аумағында пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі 541 мың гектарды құрап отыр. Шын­дығын айтқанда, бұл алқаптар ешқандай өнім бермей, арамшөп қаптап, ауыл шаруашылығы да­қылдарының әрқилы аурулары мен түрлі зиянкестерін көбейтуде. Яғни ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жерді ұтымды пайда­лану, топырақ құнарлылығын сақтау және молықтыру, табиғи жемшөп алқаптарының өнімділігі мәселелері өзекті күйінде қалу­да. Топырақ құнарлылығын сақ­тау үшін органо-минералды ты­ңайт­қыштарды қолдану қажет. Бірақ минералды тыңайтқыштар өте қымбат, агроқұрылымдарға қол­жетімді емес. Сондықтан біз топырақ тыңайтқышы үшін өн­діріс қалдықтарын қолданудың экологиялық қауіпсіздігі мен эко­­но­микалық тиімділігін зерт­тедік, – дейді Ә.Құсайынов, – атап айтқанда, фосфогипсті енгізу – аймақ­тық топырақтарда суперфосфат өндірісінің қалдықтары жақсы нәтиже береді. Сондай-ақ дәнді дақылдар егілген ал­қапқа көмір күлін сіңіру де ұтым­ды. Сонымен қатар біз ауыл шаруашылығы дақылдары үшін қара топырақты алқаптарда «Агробион» тыңайтқышын қол­дану жүйесін жасадық. Бұл ты­ңайтқыш күл шлактан және тех­никалық көміртектен өндірілген. Бұл арзан тыңайтқыш жаздық бидайдың, арпаның және майлы зығырдың өнімділігін 50 пайызға, ал тауарлық картоптың өнімділігін 100 пайызға дейін арттырады.

Назар аударар жай аз емес. Шынтуайтында, қордаланып қал­ған мәселелерді оңынан шешу кезек күттірмейтін шаруа болса керек. Қанша жұтсаң да, көкірегің бір тоймайды делінетін саф ауа да, түгін тартсаң майы шығатын жайылым да жадау күйде. Сексен көлді омырауына сексен моншақ етіп таққан Көкшенің көлдері де жылдан-жылға тартылып, суы жағалаудан қашып бара жатқаны жасырын емес.

Соңғы мәліметтерді електен өткізсеңіз, курорттық аймақтағы зерттелген өзен мен көл суының сапасы талапқа сай емес екендігін байқайсыз. Сарыбұлақ өзені, Бурабай, Үлкен Шабақты, Кіші Шабақты, Щучье, Сұлукөл, Жөкей, Майбалық, Текекөл, Қатаркөл айдындарындағы бүгінгі жағдай адам аярлық. Бұл су айдындары әлі де ластануда екендігін ескерсеңіз, табиғат тағылықтан тақсырет тар­­тып жатқанын аңғарар едіңіз. Мә­селені біржола, түбегейлі шешу үшін алдымен жерүсті суларының ластану себептерін анықтайтын жан-жақты, терең зерттеу жұмыс­та­рын жүргізу қажет. Облыста 2022-2024 жылдарға арналған эко­логиялық проблемаларды жою­­ға бағытталған Жол картасына сәйкес, Бурабай, Щучье, Қопа көлдерін және Қылшақты өзенін тазарту жоспарлануда. Үміт отын тұтатқанымен, басқа көл­дердің табанында балық түгіл бақа өрістемейтін жағдайға жетіп отырғанымызды ашына айтпасқа амал жоқ. Қоқыс төгіліп, қорысқа айналған, бір кездегі үзіліп түскен моншақтай мөлт-мөлт етіп жататын көлдерді құтқару кезек күттір­мейтін мәселе болу керек.

– Біз, бірнеше ғалым бір­­лесе отырып, «Көкшетау» мемле­кеттік ұлттық табиғи пар­кі аума­ғында ор­наласқан көлдер­дің гидро­фи­зи­калық және ги­дро­­химиялық қа­сиеттерін зерт­теудеміз, – дейді Ә.Құ­сайынов, – зерттеу нысандары – Зеренді, Иман­тау, Шалқар көлдері. Ол көлдер де суының сапасы бойынша 5-ші топқа жатады. Судың ластану индексінің демалушылар санына тәуелділігін анықтадық, яғни жылдар бойы туристер санының күрт көбеюімен судың ластану деңгейі де өсе түс­пек. Себеп, көл жағалаулары тиісті деңгейде жабдықталмай отыр. Ту­ризмді тұрақты дамыту үшін ин­фра­құрылым да талапқа сай болуы керек.

Табиғатқа залал келтіретін тағы бір дүние – тұрмыстық қалдықтар мәселесі. Бүгінгі таңда облыс аума­­ғында 130-дан астам қатты тұр­­мыстық қалдықтар үйіндісі бар. Екпін түсіріп айта кетерлігі, осы қалдық үйінділерінің тек 23-інде ғана рұқсат құжаттары бар екен. Демек, қалғандары төл таби­ғатымызға орасан зор зиянын кел­­тіріп, заңсыз орналасқан деп айтуға әбден болады. Оны айтасыз, өңірдің 10 аудан орталығында қал­дық полигондары мүлдем жоқ. Бұл әрине, ол жерлерде қатты қал­дықтар жоқ деген ұғымды біл­дірмейді. Бар екендігі рас. Бірақ бей-берекет, көзден таса, көңілден жырақ жерлерде үйіліп жатыр. Демек, олар да табиғатты ластауға үлес қосып жатыр деп айтуға әбден болады. Айналып келгенде қатты қал­дықтарды жи­нау мен тасымал­дау туралы көр­сеткіштің 44,5 па­йызды құрай­тындығы туралы мә­лі­метке күмән­данатын жерің де осы.

Жоғарыда айтылған Жол картасы аясында Ақкөл, Қосшы қала­лары мен Аршалы, Қорғалжын, Қоянды елді мекендерінде полигондар салу жоспарлануда. Оған қоса, Щучинск қаласының ескі полигонын жою, ауылдық округтерде қалдықтарды уақытша сақтау алаңдарын қарастыру межеленген.

Оған дейін қоқысқа белше­мізден бататын түріміз бар. Тау­­сыла сөйлемеске тағы да бол­май­­ды. Спутниктік түсірілім ке­зін­де облыс аумағында 1 593 рұқ­сат етілмеген қоқыс үйіндісі та­былғандығы масқара жайдың мәнін айқындаса керек. Дәтке қуа­ты осыншама рұқсат етілмеген қо­қыс үйінділерінің үстіміздегі жылы 920-ы жойылыпты.

Өңірдегі экологиялық ахуал­дың жалпы сипаты осындай. Ауа ластанып, көл қорысқа айналып, топырақтың құнары ке­міп, жағ­дайдың ушығуы ең алдымен өзіміздің табиғатқа деген көз­қа­ра­сымыздан. Демек, жуық арада шұғыл шара қолдану қа­жеттігі туындайды. Табиғаттың да төзімі тау­сылатын кез болуы әбден мүм­кін ғой.

 

Ақмола облысы