Тарих • 14 Маусым, 2021

Кәмпеске қалай жүргізілді?

2796 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өткен ХХ ғасыр басында коммунистік колонизаторлар (Смағұл Сәдуақасов) қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі шаруашылығы мен өмір сүруге бейімделген тіршілік көзін қиратса, олар еріксіз пұшайман күйге түсерін жақсы білді. Сөйтіп, олар патшалық Ресей іске асыра алмай кеткен қазақ даласын реформалау жұмысын жалғастырды. Соның бірі – байталау (кәмпеске) науқаны.

Кәмпеске қалай жүргізілді?

Осындағы кәмпеске және халықты күшпен ұжымдастыру жайлы Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев: «Қазақтарды ұлт ретінде өмірге келгеннен бергі ең сойқан соққы болған 1920 жылдардың аяғы мен 1930 жылдардың басындағы қасіреттің түп-төркіні сол ірі байлардың шаруашылығын құртуда жатқан-ды. Ірі байларды тәркілеу туралы 1928 жылы тамызда жарияланған атышулы декрет салдарынан қазақтың атақты 700 байының мал-мүлкі тартып алынды. Жоғарыда айтылғандай, қазақ руларының өзіндік бір сақтық қоры саналып келген осы қазына талай замандар бойы қалыптасып, өзін-өзі реттеп келген экологиялық-экономикалық жүйеден зорлықпен ажыратылды. Аса маңызды экономикалық өзектер қаңы­рап бос қалды да, әлеуметтік және шаруа­шылық байланыстар пышақ кескендей үзіл­ді. Соның салдарынан этностың өмір-тынысын қамтамасыз етудің өте нәзік тәсілі талқан болды. Болашақтағы ұлттық апаттың алғашқы улы ұрығы осылай тамырланды», деген қорытынды жасапты (Нұрсұлтан Назарбаев. «Тарих толқынында». Алматы «Атамұра» 1999 ж. 245-б).

Сонымен қатар қазақ даласында жүр­гізілген байталау һәм тәркілеу науқанын зерт­теген Колумбия уни­вер­си­тетінің про­фессоры Л.Парк: «Кеңес өкіметі орнай сала, мұсылман халықтарын саяси дис­криминацияға ұшыратты. Олардың жері мен малын тәркілеп, жаңадан қоныс­тануға кел­ген орыстарға бөліп бер­ді. «Қазақтарды түгелдей отырықшы ету» деген желеу­мен құлдық тәртіп орна­тылды. Шын мә­нінде, қазақтарды орыс шаруа­ларына бағынышты етті», десе, қазақ­стандық Кеңес тарихшысы Григорий Фёдорович Дахшлейгер: «Жап­пай ұжымдастыру және байларды әлеу­меттік топ ретінде құрту – қазақ­тарды жалпыұлттық апатқа ұшыратты. Осыншама жойқын тетіктерді іске қос­қан тоталитаризм көсемдерінің тапқыр­лығына ден қоймасқа амалың жоқ. Ауыл бай­ларының экономикалық қуатын шай­қалту жайын Ленин 1919 жылдың көктемінде-ақ ойластырған. Бұған дәлел оның: «Тәрізі сендерге малды қайта бөлу жөнінде ертелі-кеш мәселе қойып отыруға тура келер», деген сөзі дейді (Дахшлейгер Г.Ф.Социально-эконо­мические преобра­зова­ния в ауле и деревне. Алматы. 1965, 179-б).

Жоғарыдағы Кеңес көсемінің ойын іске асыру үшін әуелі табиғи жолмен дамып отырған қазақтың көшпелі ша­руашылығын қиратып, олардың тіршілік көзі болған мал шаруашылығын күйрету қажеттігі айқындалды. Сөйтіп, бұл істі жү­зеге асыру мақсатында 1925 жылғы қыр­күйек айында Қазақ Өлкелік партия коми­тетінің басшылығына Ф.И.Голо­ще­кин келді. Ол келе сала: «Қазақ Рес­публикасында революцияға дейін­гі ескі салттарды жою үшін ұйым­дас­тырылған арнайы іс-шаралар ойдағы нәтижені бермей жатыр-мыс»,  деген қорытынды шы­ғарып, сонымен қатар байлар һәм хан-сұлтандар тұқымы Кеңес идеология­сын насихаттауға қар­сы жұмыс жасап жүр. Ауылдар мен елді мекендерде үкі­метке қарсы сөз сөй­леп, рушылдық пен ұлт­шылдықты тудырып, республиканың мәдени және экономикалық дамуын тежеп тұр», деген тұжырым жасайды.

Сондықтан таптық күресте кедей-кеп­шік, жоқ-жұтаңдарды тәуелділіктен босату үшін Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті және Халықтық Комиссарлар Кеңесі бұйрық шығарды. Бұйрықта: Қазақ АКСР-де (Адай округі және бұрынғы Жетісу, Сырдария губернияла­ры мен Қарақалпақ автономиялық облы­сының мақталы аудандарынан басқа) ауылды «советтендіруге» қар­сы, әлі де фео­далдық көзқарас ұстай­тын барлық жергілікті байды қуда­лау керек делін­ген («1931-1933 ж. Қазақ­стан­дағы аштық пен ұжым­дастыру» жинағы. 28-бет).

Осы құжат негізінде, Қазақстан Ор­талық Атқару Комитеті (ҚОАК) және Халық Комиссарлар Кеңесі жанынан 1927 жылы желтоқсанда ірі байлардың шаруашылығын тәркілеу жөнінде заң жобасын әзірлейтін арнайы комиссия құрылды. Комиссияның төрағасы болып Е. Ерназаров тағайындалды. Оның құ­рамына – О.Исаев, Н.Нұрмақов, Ғ.Тоғжанов, О.Жандосов және т.б. кірді.

Содан кешікпей 1928 жылдың  27 та­мызында Орталық Атқару комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінде байлар­дың мал-мүлкін тәркілеу жөнін­дегі  заң жоба­сы қабылданып, барлық ауданда  тәр­кілеуді өткізу жөнінде нұс­қаулар жіберілді.

Тәркіленуге тиіс байлардың нақты иеленген мүліктік байлығы мөлшер­ленді. Атап айтқанда, көшпелі аудандарда ірі қараға шаққанда  400-ден астам малы барлар,  жартылай көш­пелі аудандарда 300-ден астам малы  барлар, отырықшы аудандарда 150-ден астам малы барлар тізімге іліксе, бұлардан басқа бұрынғы сұлтандар мен хандардың ұрпақтары да тәркілеуге  жатқызылды. Жоғарыдағы заң бойынша жазаға ұшыраған адамдардың дүние-мүлкі тәркіленіп, өздері кеңестендіруге қауіпті элемент ретінде жер аударылуға тиіс делін­ді (Омарбеков Т. Қазақ шаруаларын жекеменшік қожалықтарынан айыру және ұжымдастыру: тарихы мен тағылымы». Алматы, 1994 ж. 35-б). Тәр­кіленуге тиіс адамдарды үш топқа жатқызды:

Бірінші топ: төңкеріске қарсы адамдар, бұларды бірден тұтқындап, ісін сотқа бер­ді.

Екінші топ: ірі байлар. Бұларды дереу тәр­кілеп,  өздерін алыс аудандарға жер аударды.

Үшінші топ: байлардың  отбасылары. Оларды ұжымдастыру аудан­да­рындағы колхоздар бөлген жерлерге қоныстандырды.

Жоғарыдағы бірінші топқа жаңа үкі­меттің ісін жақтамайтын сауатты орта ша­руа адамдар да ілікті.

КСРО Халық Комиссары 1932 жылы жазылған өте құпия хатында барлық жауапқа тартылғандардың бар болғаны 37,3 пайызы ғана байлар, қалғаны қатар­дағы еңбекшілер екенін мойындаған (Қозыбаев М.Қ., Алдажұманов Қ.С., Әбілғожин Ж.Б. «Қазақстандағы күштеп коллективтен­діру: қорлық пен зорлық». Алматы, 1992. 36-б).

Тәркілеу науқаны басқа республикаға қарағанда Қазақстанда өте қарқынды жүргізілді.  1928-1929 жылдары осын­дағы тәркілеу науқанына  еліміз бо­йынша 696 бай-бағлан ілікті. Алдын ала жасалған жоспар бойынша үкімет жоғарыдағы байлардан  225972 бас мал тәркілейміз деп үміттенген еді. Үміт ақталмады, бар­лығы 144474 бас мал ғана тәркіленді. Бұл – жоғарыда белгіленген меженің 64 пайызы.

Ал байлардан тәркілену арқылы тартып алынған малдардың 118919 басы жеке  шаруашылықтарға (74,3%) және кол­хоздарға (25,7%) тара­тылып берілді. Тәр­кіленген малдар негізінде жаңадан 292 колхоз құры­лып, (Т.Омарбеков Қ.Атабаев «Кооперативтендіру сабақ­тары.// Ленин­шіл жас, 1988 ж. №31, 3-4 тамыз, 7-б) 1929 жылдың 1 қазанынан 1930 жылдың 1 қаңтары аралығында 100 мыңдай кедей және орташалардың шаруашылықтары ұжымдастырылды.

1928 жылы еліміздегі шаруа қожа­лық­­тарының тек 2%-ы ғана ұжым­дас­­тырылса, 1930 жылы 50%, 1931 жыл­­дың қазанында 65 % ұжымдас­тырылды, яғни ұжымдастыру қар­қыны жеделдетілді. 1931 жылы рес­публикадағы 122 ауданның 78 ауданында ұжымдастырумен 70-тен 100%-ға дейін шаруа қожалықтары қамтылды.

Осындағы күшпен ұжымдастыру жайлы Қазақ Өлкелік Партия Комитетінің жауапты хатшысы қызметіне Ф.И.Голо­­­­ще­кин Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл­­­­­­шаруашылық ұжымдары кеңесі­нің­ төрағасы және Жер халық комис­сариатының комиссары Яковлевке және РКФСР ХКК төрағасының орынбасары Т.Рысқұловқа жіберген жедел хатында Қазақстанда 1929-1930 жылдары ұжымдастырудың жоспарын қайта пы­сықтап жатқанын, тіпті бұл істі әлі де күшейте түсу қажеттігі жайлы ескертіп, 1930 жылдың күзіне қарай жаңадан 350 мың шаруашылық пайда болғаны жайлы баяндапты. («Социалистік Қазақстан», 1989 ж. №4, 14 қаңтар, 9-б).

Сөйтіп, күшпен ұжымдастыру арқылы отарлаушылар қазақ даласында ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылықтың дәстүрлі мәдениетін күйретті.  Осындағы жаппай ұжымдастыру науқанымен қатар, халықты отырықшыландыру бірге жүргізілді. Отырықшыландыру барысында қазақтың ауылдық-рулық тұрмыстық жүйесінің ерекшеліктері ескерілмей, көшпелі немесе жартылай көшпелі  қоғамды отырықшылыққа күштеу саясаты қазақ этносының өмір сүру қабілетін оңдырмай бұзды. Соның зардабын әлі тартып отырмыз.